Атадан бата алған

Қазақта «керек тастың ауырлығы жоқ» деген сөз бар.

Сол айтқандай, өмірлік өзекті нәрсе – тәрбие мәселесі турасында айтыла да, жазыла да бергеннің пайдасы болмаса еш зияны жоғы анық. Кей кездері қырын тартып, қыңыратқыған кейбіреулердің «айта берсе, майы шыға ма» дегендей уәжі де бұл жерге жүрмейді. Яғни, тәрбие мәселесі өмірлік болғасын да өмір бойына айтыла беруі тиіс деген түсінікте тоқайласқанымыз абзал. Сол тақырыптың бір тарауы сыйластық жөнінде болып келеді.

Басқа жұртта шаруамыз жоқ, өзіміздің қазекеңдерде сыйластық дегенге келтірер мысалдар жетіп артылады. Ағайын-туыстың сыйластығы, дос-жолдастың сыйластығы, көрші-көлемнің сыйластығы, үлкен мен кішінің сыйластығы, адам мен адамның сыйластығы, яки, сіз бен біздің сыйластығымыз... Мұны жіктеп-жіліктей берсек, ене мен келіннің сыйластығы, әке мен баланың сыйластығы, құда мен құданың сыйластығы болып кете берері бар. Бұдан шығар қорытынды, сыйластықтың кімге де, қайда да керектігі. Бірді айтып бірге кете бермей, өзімнің діттеген тұсыма тізгін тартсам, ол да сол сыйластықтан тін тартып жатқан жайт еді. Нақтылай түссем, ата мен келіннің сыйластығы. Ол және ойдан алынған нәрсе емес-ті, нақты өмірде болған жайт. Енді соны қысқаша өрбітіп көрейін.

1900 жылы туылып, ғасырдан астам ғұмыр жасаған, үш заманның куәгері атанған, ауыл-елге шежіре қарт ретінде белгілі абыз ақсақал, әкеміз ақа деп арқа таңатын Сидекең қартты, Сидеғали Нұрманұлын ата дейтінмін. Ол кісі өмірден озғалы да зымырап жылдар өтіп жатыр. Алайда, жеңгеміз Ақжүністі көрген сайын ойыма атам марқұм орала кетеді. Оның неліктен екенін оңашада ой тезіне салып баққан сайын, түп төркіні сыйластықта жатыр-ау дегенге тоқтала беретін болдым.

Келінінің атасын сыйлауы тіптен бөлек көрініс беріп тұратын, былайынша айтқанда, баладай мәпелеп бақты. Атам барда ол үйге жиі бас сұғатын біз барған сайын қабат-қабат салынан ақ жамылғылы көрпе үстінде жағасыз ақ көйлегі жарқырай отырған атаны көріп, жеңгемізге іштей риза болатынбыз. Тамағы дайын, ағаш қасығы мен сырлы ыдыс-аяғы дегеніңіз тап-таза. Кемпірі әлде қашан о дүниелік болса да қабағын кірбің шалмай, келген-кеткен үлкен-кішімен әзілдесіп те қойып отыратынын сол келіннің жақсылығынан, атаны өзгеше сыйлауынан, қадір тұтуынан көретінбіз. Шежіре қарттан сыр тарта келушілер көп болатынын да көре қалдық, алайда, соның бәрінде келінінің қабағы сәл шытылғанын көрмеппіз ғой. Керісінше, өзі ауру-сырқаулы болып жүрген кезінде де көкесін (атамды «көке» дейтін) қамқорлап баққаны жадымызда қалып қойыпты.

Иә, ата өмірден өткенімен, атадан бата алған келінді көрген сайын абыз ақсақал еске түседі. Қазір жары бақилық болса да ұрпақтың ортасында аман-сау отырған жеңгеміздің жүзі әруақыт жарқын. Ең бастысы, жеңешелеген, апалаған, әжелеген кішілер оның алдын кесе өткенін көрмедім. Бәрі қоғадай жапырылып, амандасып жатқаны. Осындайда «атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді» дегенді бұрынғылар біліп айтқанын ұғына түсемін, атадан алған батаның арқасы екенін түйсінемін, әрдайым оны өзгелерге өнеге қылғым келіп тұрады.

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521