«Алтын қолды» мейіргер Назым жайлы үзік сыр

Медицина қызметкерлері күні қарсаңында адам жанының арашашысы болып, аудан жұртының алғысына бөленіп жүрген Назым әпкеміз жайында қалам тербеуді жөн көрдік.

1985 жылы Гурьев медицина училищесін бітіргеннен кейін ол өзінің туған жеріндегі Чапаев дәрігерлік амбулаториясына қарасты Шыныбек фельдшерлік-акушерлік пунктінің меңгерушілігінен еңбек жолын бастайды. Ол кездегі Чапаев қаракөл совхозының малшылары Айбас, Бекайдар, Кызыл үй құмдарында мал шаруашылығын өркендетсе, әріптесіміз Назым сол ел тұрғындарының денсаулығын жіті бақылып, балаларға және ересектерге алдын ала екпе жүргізу, жүкті аналарды есепке алып, бақылауда ұстап, науқастанған тұрғындарға уақытылы алғашқы медициналық көмегін көрсетіп, 5 жылдай қол үзбестен совхоздың әртүрлі жұмыстарына да араласып отырған.

1989 жылы ауданда өткен кәсіби сайыста Чапаев амбулаториясының атынан озық шығып, «Алтын қолды» мейіргер атанады. 1990 жылдан 2001 жылға дейін Аққыстау селосының телімдік мейіргері қызметін атқарып, ол кезде алдын ала екпесі болмаған «Вирусты гепатит» ауруымен күрес жұмыстарына уақытпен санаспай, тұрғындар арасында сүбелі үлесін қосқан бірден-бір қызметкер болды. Ауыл тұрғындарына медициналық қызмет көрсетуде және жоспарлы жұмыстарды орындауда алдыңғы қатардан көрініп, халықтын алғысына бөленді. Еңбекқорлығы мен білім дәрежесі жоғары болғандықтан, әріптестері арасынан 2001 жылдан бастап бас мейіргер лауазымына жоғарылады. Осы бір машақаты көп лауазымды атқарғалы бері өзінің табандылығы мен қайсар мінезінің арқасында мансап биігінен түспей, орта буынды медицина қызметкерлерінің білімін жетілдіру, санатын арттыру, санитарлық-эпидемиологиялық талаптар мен нормаларды орындау, операциялық процедуралар стандарттары бойынша тиянақты жұмыс жасауды жолға қойды.

Тұрғындар арасында туберкулезбен күрес жұмысын 1998 жылдан бері атқарып келеді. Медицинада ең күрделі шаруа дәрі-дәрмекпен қамту ісі де бас мейіргердің атқарып отырған жұмыстарының бірі. Жастарға тәлімгерлік етуден жалықпайтын, оқу-жаттығу жұмыстарын өткізу, мәдени-көпшілік шараларды ұйымдастыру, санитарлық-дезинфекциялық, шаруашылық жұмыстарын шебер реттеп келе жатқан ұйымдастырушы, әрі ақылшы Назым Жоламанқызы бұл еңбектері елеусіз де емес. Әр жылдары «Қазақстанның қанатты әйелдері», «Ажар» кітаптарына еніп, «Кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін», «Мейірім» төсбелгілерімен және «Құрмет грамотасымен», бірнеше мерекелік медальдармен және облыс, аудан әкімдерінің Алғыс хаттарымен марапатталып жүр. Үлкенге ізет, кішіге ілтипат, емделушілерге жылы лебізін білдіруден жалықпайтын әріптесімізге Медицина қызметкерлері күні мерекесі қарсаңында риясыз алғысымызды білдіре отырып, алдағы қызметіне сәттілік, деніне саулық тілейміз!

Гүлнар Сыехова,

Исатай аудандық орталық аурухана мейіргері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521