шаблоны сайт визитка joomla
Скачать шаблоны Joomla 3.5 бесплатно

Азаттығымыздың айғағы, болашағымыздың бағдары

Мемлекетіміздің қастерлі құжаты – Конституциямызды құрметтеу әр азаматтың міндеті. Жайдары жаз айының соңғы күндеріне келетін елдік мереке – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні отандастарымыздың ортақ мейрамы саналғалы биыл - 23 жыл.

Аталмыш мереке ауданымызда да өз деңгейінде аталып өтуде. Аудандық «Жалын» мәдениет үйінде ұйымдастырылған «Асқақ елдің айбары – Ата Заң!» атты салтанатты жиында көрермен қарасы қалың болды. Сахна төріндегі экран арқылы ұсынылған кең-байтақ Қазақстанның келісті келбеті, жас мемлекетіміздің Тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктері шара мәнін аша түскендей. Еліміздің әуезді Гимнімен басталған шараны аудан әкімі М.Мурзиев құттықтау сөз сөйлеп ашты.

-Конституция – болашақ табыстар мен алға қойылған мақсаттарды шешудің алтын діңгегі. Сондықтан, заң бойынша өмір сүру және заңды құрметтеу – әр азаматтың борышы, - деп бастады сөзін аудан басшысы. – «Конституция – елдігіміздің арқауы, толағай табыстарымыздың бастау қайнары» деп Елбасы Н.Назарбаев атап өткендей, шындығында кез келген мемлекеттің ұстанымын, ұлтының құндылығын айқындайтын негізгі құжат – Конституция. Ата Заңды киелідей аялап, қастерлеу – ұлттың ұлы парызы. Сондықтан да қазіргі кез келген мемлекет өзінің алғашқы қадамын тәуелсіздігімен қатар Конституциясын қабылдаудан бастайды, - деген М.Мурзиев Ұлы даламызды мекендеген алты Алаштың да өз дала заңдары болғандығын тілге тиек етті.

– Қазақ даласындағы бізге мейлінше мәлім болған «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» секілді заң жүйелері - қазақ елі Конституциясының ертеректе қаланған іргетасы іспеттес дүниелер. Ал, Конституциямыздың мәні мен маңызына келетін болсақ, бұл құжат төрт басты мәселеге жауап беруі және соған жағдай жасауы тиіс. Олар - мемлекеттік билікті басқарудың барлық жүйесін нығайту, экономикалық реформаны жүргізе асыра отырып, елді сол кездегі терең дағдарыстан шығару, жас мемлекеттің сыртқы саясатын қалыптастыру, ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ететін заңдық негіздерді Ата Заңда көрсету. Бұл тұрғыда Конституция өз өміршеңдігін көрсетіп келеді, - деді аудан әкімі.

Әлемнің әр бұрышында болып жатқан жайсыз оқиғалар мен қарулы қақтығыстарды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы естіп, біліп отырмыз. Ең бастысы, елімізде көрші мемлекеттердегідей «ертеңіміз қалай болар екен» деген үрей жоқ. Ұлы Жаратушымыз нәсіп еткен бейбітшілік, ынтымақ-бірлік дейтін үлкен нығметтердің бір себебі осы Ата Заңды арқау ете отырып, оның ережелерінен еш ауытқымай, халқына қызмет етіп отырған Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың еселі еңбегі десек еш қателеспейміз.

Бұны алысқа бармай-ақ, тәуелсіздігіміздің ширек ғасырындағы ауданымыздың дамуындағы оң өзгерістер мен тұрғындардың әл-ауқатынан, әлеуметтік саладағы даму көрсеткіштерінен көруге болады. Осыған тоқталған М.Мурзиев өңірдегі өркенді істерді де тілге тиек қылып, бұнымен шектеліп қалмай, одан әрі өсуге, ол үшін көпті бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, тынбай еңбек етуге шақырды. – Біз Конституция күнін мерекелеу арқылы Мемлекет басшысы жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақалада жүктелген міндеттерді жүзеге асыруға және «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Қазақстан халқына Үндеуінің, сондай-ақ ,«Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауының негізгі мақсаттарына қол жеткізуге бірлесе жұмылуымыз қажет деп есептеймін, - деген аудан әкімінің түйін сөзі атамыз қазақ айтқан, тойдың тойлау үшін ғана емес, ертеңіңді ойлау үшін қажет екендігін меңзеді.

Аудан әкімі құттықтау сөзінен соң өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген азаматтарға Алғыс хатын табыстады. Мерекелі күні мерейлері үстегендердің қатарында аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Есмағила Ерболмен аудандық білім бөлімінің бас маманы Кенжегүл Хайрова бар. Аудандық «Жалын» мәдениет үйінің ұйымдастыруымен ұсынылған мерекелік сазды бағдарлама да жоғары деңгейде өтті. Бұл жолғы ерекшелік, өнерпаздар әр ауылдан жиылыпты. Оларың шырқаған Отан, Туған жер тақырыбында әндерімен бірге дәстүрлі өнер мен жергілікті композиторлардың да туындылары көрермен назарына ұсынылды. Осылайша, ел мерекесі аудан халқына ерекше әсер сыйлады.

Серікбол Панабердиев

Суретті түсірген Әбілмажан ШАРАПИДЕНОВ

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлiгiнде 2018 жылы 16 мамырда тіркеліп, №17102-г куәлік берілген.

Редакцияның мекенжайы: Исатай ауданы, Аққыстау ауылы, Егемен Қазақстан көшесі, 12-үй.

Байланыс телефондары: 8 (71 231) 2-01-68, 2-01-52, факс 2-01-68.

Электронды пошта: naryn_tany2009@mail.ru