Біз Астанадан алыстамыз, бірақ, біргеміз

«Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған жаңа Жолдауында «2018 жыл – елордамыз Астананың 20 жылдығын атап өтетін мерейтойлы жыл.

Бас қаламыздың қалыптасуы және Еуразияның маңызды даму орталықтарының қатарына қосылуы – баршамыздың ортақ мақтанышымыз» деп атап көрсетілген болатын.

Осынау алты алаш бөркін аспанға атып, ақ түйенің қарны жарылып жатқан мерейлі тұста бұл мерекеге үлес қосқысы келіп жүрген еріктілер жетерлік. Ендеше, көне тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен, өзіміз үшін ғасырға бергісіз осы 20 жыл ішінде елімізде, оның ішінде Астана қаласына талай-талай тарихи, тіпті ғасырлық құрылыстар салынып, іргелі жұмыстар атқарылғанын ешкім теріске шығара алмайды. Осыдан тура 26 жыл бұрын астананы ауыстыру идеясы алғаш жария етілгенде, айналасы 20 жылдың ішінде ел кіндігі – Арқа төсінде осындай заманауи мегаполис бой көтереді деп ешкім ойламаған еді. Бүгінде «Ақмола астана болады» дегенде, жұрттың бәрі бөркін аспанға ата қуанып, алып-ұшып, жаппай ат басын Арқаға бұрғандай көрінгенімен, елдің астанасын ауыстыру мәселесі үлкен үгіт-насихат жұмысын жүргізуді қажет етті. Қазір Астананың қадірлі ақсақалдары атанып отырған кейбір азаматтар «Ақмоланың батпағы мен ызыңдаған масасын алға тартып», құлаш-құлаш мақала жазып, қарсылық білдіріп те бақты. Міне, осындай тағдырлы сәттерде Елбасы ерен ерік-жігер танытты. Мемлекет басшысы үлкен аудиторияларда, үкіметтік кездесулерде, ақпарат құралдарына берген сұхбаттарында астананы көшіру идеясының стратегиялық, экономикалық, жалпыұлттық маңызын жан-жақты ашып, ел мүддесі, ұрпақ болашағы үшін бұл бастаманың баламасыз екендігін алға тартты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың батыл да тегеурінді ұсынысымен Қазақстан Республикасының Парламенті 1994 жылы ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешім қабылдады.

Дәл сол сағаттан бастап Астананың жұлдызды сәті бастау алды. Содан бергі өткен 20 жыл ішінде еліміздің бас қаласы – Астана төрткүл дүниені түгел тамсандырған тарихи құбылысқа айналғаны ақиқат. Арқа төсіндегі сәні мен салтанаты жарасқан елорда бүгінде озық идеяларды, жаңа ғылыми шешімдер мен сәулет өнерінің озық үлгілерін өмірге әкелетін жерұйық іспеттес. Дәл қазір Астанада заманауи құрылыс саласының барлық құрылымын қамтитын еліміздің жаңа құрылыс кластері қалыптасты. Батыс пен Шығыс өркениетін жалғастыратын алтын көпір атанған ару Астананың бүгінде төрткүл дүниенің толғақты түйіндерін талқылайтын жаһандық орталыққа айналғаны да ақиқат. Оған елордамызда ЕҚЫҰ саммиті, VII Қысқы Азия ойындары, Ислам Конференциясы ұйымы форумы, Астана экономикалық форумы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері өткізілетіндігі толық дәлел бола алады. Халықаралық айтулы оқиғалардың дүбірлі ордасына айналған елорданың бұл дәстүрлі эстафетасын өткен жылы «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі жалғастырды. Ол шараға Исатай ауданынан 905 адам қатыстырылса, оның ішінде 15 ардагер-зейнеткерлеріміз де болды.

Иә, жоғарыда айтқанымыздай, биыл елордамызға 20 жыл. Тарих үшін небары жиырма-ақ жыл болғанымен, қазақстандықтар үшін бұл датаның бәсі биік. Астанамыздың дамуымен бірге осы жылдар ішінде өңірлер де қарыштады. Экономика өсті, қосымша инвестициялар тартылды. Ішкі жалпы айналым өсті. Бұл тұрғыда Исатай ауданының да ауыз толтырып айтар жаңалықтары мен жетістіктері баршылық. Атап айтқанда, қазіргі кезде Зинеден ауылында кірме және ауылішілік жолдар және Жаңа Жанбай кірме және ауылішілік жолдары қайта жаңғыртылуда. Сонымен бірге Аққыстаудан 290 орындық балабақша, Нарында медициналық пункт, Забурында 100 орындық балабақша құрылыстары жүргізілуде. Бүгінгі күні Аққыстау ауылында халыққа қызмет көрсету орталығының жаңа ғимараты, дене шынықтыру және спорт кешенінің және теміржол арқылы жаяу жүргіншілерге арналған жау көпір құрылыстары аяқталып келеді. Сонымен бірге округтерімізде саябақтар абаттандыру, су тазарту қондырғысы мен ауылішілік су желісі құрылысы, электрмен қамтамасыз ету, әлеуметтік нысандарға күрделі және жай жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бір шеті Атырау қаласымен, батысы Құрманғазы ауданымен, шығысын Кас-пий теңізі шайып жатқан, солтүстігінде Батыс Қазақстан облысы орналасқан мұнайлы аймақ Исатай ауданы, еліміздің орталығы Астана қаласынан жырақта орналасқанымен, өзіндік ерекшелігі бар, даму қарқыны тұрақты өндірісті өңір. «Жайықмұнайгаз», «Сазанқұрақ», «Светланд Ойл», «Потенциал Ойл», «Прикаспиан Петролеум» мұнай компаниялары мен аудан аумағында орын тепкен бірнеше кәсіпорындар, мекемелер, шаруашылық құрылымдары өндіретін өнімдер ел экономикасын әртараптандыруға өзіндік үлес қосып келеді. Өңір экономикасына тікелей байланысты осы мекемелердің дамығаны – барлығымызға да тиімді. Өйткені, Елбасымыз айтқандай, халық неғұрлым бай болса, мемлекет те бай болады.

Марат МУРЗИЕВ,

аудан әкімі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521