шаблоны сайт визитка joomla
Скачать шаблоны Joomla 3.5 бесплатно

Даламның жыры, бабамның үні – домбыра

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген жаңа мейрам – Ұлттық домбыра күні жыл сайын шілде айының алғашқы жексенбісінде атап өтілетін болады.

Биыл бұл мерекенің тұсаукесері 1-шілдеге тура келіп отыр. Айта кетейік, Жарлықта бұл күннің “қоғамды ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясының төңірегінде одан әрі топтастыру мақсатында” аталып отыратыны жазылған. Жарлықтың орындалуын қадағалау міндеті Президент әкімшілігіне жүктелді.
Дәстүрлі өнерді дәріптеп жүрген аққыстаулық жыршы-термеші, Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияның дәстүрлі әншісі Манарбек Дәулетовті облысымызда білмейтіндер некен-саяқ.
Ал, әншілік қырын танитындардың көбі оның ұсталық өнерді меңгерген шебер екендігін біле бермеуі мүмкін. Осынау жаңа мереке қарсаңында «нағыз қазақты» қасынан қыл елі қалдырмайтын өнер иесімен кездесіп, тілдесудің сәті түсті. - Домбыра жасау - ата-бабамыздан мирас болып жалғасып келе жатқан өнер, - дейді бізбен сыр бөліскен термеші. – Дәулет Шәріпұлы атамыздың пайдаланған «домбыра қалыбы» кейіннен әкеміз Манап Дәулетұлына қалды. Әкем де домбыра жасаудан, қайта өңдеуден еш ерінбейтін. Өйткені, бұл оның ең сүйікті ісі болатын, - дейді шебердің ұрпағы.


Әншінің айтуынша, 1957 жылы Мәскеуде өткен Қазақстанның өнер декадасы, яғни, онкүндік өнер фестивалінде 500 адамнан құралған үлкен оркестрі өнер көрсеткен екен. Сол оркестрге Манап Дәулетұлы мен Бақытжан Ақжігітов атты атамыздың 40 тенор домбыра жасағаны - сол кезді көрген қарттар болмаса, кейінгілер біле бермейтін дерек.
- Нарын өңірінің дүлділ күйшілерінің бірі «Тесіктамақ Сабыр» атанған домбырашының бір сапардан келе жатып жол-жөнекей сынық домбырасын әкеме жөндеуге қалдырып кеткені есімде. Иесінен хабар болмай, кейін аспап үйде қалып еді. Сол домбыра және Шәріп атамыздан қалған домбыра қалыбы әлі күнге шеберханамызда тұр, - дейді Манарбек Дәулетов.
Әке ізін жалғаушы ұрпақтардың қолынан шыққан сапалы аспаптар да бүгінде ірі сахналарда күй төгіп жүр.
- Елбасымыздың Жарлығымен Ұлттық домбыра күнінің белгіленуі – құптарлық іс. Әр шаңырақ даламның үні, бабамның жыры болған күмбірлі күйге толсын, - деген ізгі тілегімен әңгімесін аяқтады ағаштан түйін түйген домбыра шебері.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

 

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлiгiнде 2018 жылы 16 мамырда тіркеліп, №17102-г куәлік берілген.

Редакцияның мекенжайы: Исатай ауданы, Аққыстау ауылы, Егемен Қазақстан көшесі, 12-үй.

Байланыс телефондары: 8 (71 231) 2-01-68, 2-01-52, факс 2-01-68.

Электронды пошта: naryn_tany2009@mail.ru