Елді қорғау – ердің ісі

7-мамыр дегенде алдымен сарбаздардың Отан алдындағы азаматтық борышы ойға келеді. Біреулер әскер қатарына сұранып қосылады.

Ал, темірдей тәртіптен жалтарып, қашатындар да жоқ емес. Ондайларға, бәлкім, нағыз ерлерге ғана тән Отан қорғау мамандығының маңыздылығы мен қиын да қызық әскери өмірдің қыр-сырын түсіндіру, насихаттау жұмыстарының өз деңгейінде болмауы себеп шығар деген де ой туады. Жастарға патриоттық тәрбие беру және өз елін, өз жерін қорғауға баулып, әскери қызметке деген ынтасын арттыру мақсатында Атырау қаласындағы Водников елді мекенінде орналасқан ҚР ІІМ Ұлттық ұланға қарасты №5546 әскери бөлімде ұйымдастырылған «Армия - балалар көзімен» атты бір күндік шара болашақ сарбаздардың әскери өмірге деген қызығушылықтарының артуына себеп болғандай.

Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім қызметкерлерінің жол бастауымен ал-ғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдері, аудандық жастар ресурстық орталығының маманы және аудан мектептерінің 11-сынып оқушыларымен бірге болған сапарымызда аталған бөлімнің тыныс-тіршілігімен танысып қайттық. Бұл бөлімнің құрылғанына биыл - 27 жыл. Жастарды тәрбиелеуде әскери бөлімнің ардагерлер кеңесі де тынбай жұмыстануда.

Кеңес мүшелері үшін өздерінің кәсіби және өмірлік тәжірибесін, батырлық пен ерліктің үлгісін жас сарбаздар санасына сіңіру маңызды. Осы мақсатта ұйымдастырылған шараға қатыспақ ниетте аудан көлеміндегі орта мектептерден 40-тан аса оқушылар және алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдерімен бірге аталмыш бөлімге де жеттік. Бір күндік шараға қала мектептерінің оқушылары да қатысты. Кең алаңда әскери оркестрдің сүйемелдеуімен оқушылар сап түзеді. Одан кейін №5546 әскери бөлімшесінің тәрбие және әлеуметтік ұқыптық жөніндегі дайындық бөлімінің бастығы, майор А.Сәлімжанов шараны салтанатты түрде ашты. Одан соң осы бөлім командирінің орынбасары, майор К.Мұратбаев қатысушыларға әскери бөлім туралы мағлұмат берді. Оқушылар төрт топқа бөлініп, ондағы жауынгерлердің тұрмыс-тіршілігі, қару-жарақ-техникаларымен танысты.

Сонымен қатар, бөлімшедегі сарбаздардың жатын, ақпараттық тәрбиелеу, қару-жарақ сақтау бөлмелерін аралап, өзге облыстан келіп, мерзімді әскери қызмет атқарып жүрген сарбаздармен көрісіп, әскер өмірінің сырына қанықты. Одан соң аудандық жастар ресурстық орталығының маманы Г.Жұбанова бөлімше сарбаздарын 7-мамыр – Отан қорғаушылар күнімен құттықтап, тәрбиелік мәні зор шараға ұйыт-қы болған майор А.Сәлімжановқа Құттықтау хат табыстады. №5546 әскери бөлімі атқыштар ротасының қатардағы жауынгері, шымкеттік Б.Әбдеш замандастарына әскер өмірі туралы ой саларлықтай әңгіме өрбітіп, оларды Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге шақырды. Ақпараттық тәрбиелеу бөлмесіне жиналған сарбаздар қосылып «Тәтті ару» әнін орындады. Ал, атқыштар ротасының рота старшинасы Ш.Төлебаев: - Бұл бөлімге Ақтөбе қаласынан келіп, келісім-шарт бойынша қызметте жүргеніме он жыл болды. Келісім-шартта көрсетілгендей, бұнда барлық жағдай жасалған. Әскери қызмет шыдамдылық пен тұрақтылықты талап етеді. Бөлімше қызметкерлерімен бірге он жыл ішінде жан-жақтан келген сарбаздарды тәрбиелеп, әскери қызметке дайындап үйретудемін.

Тәжірибелі маман ретінде жастарға айтарым, азамат болған соң әскерге бару - міндет. Алғашқы кезде қиындау болуы мүмкін. Алайда, уақыт өте ортаға үйренеді. Одан жаман болмайды. Әр азаматтың бойында Отанға деген сүйіспеншілік болса, әскер өмірі - қызықты әрі қимас достардың ордасы,-дейді ол. Қазақтың маңдайына біткен қаһарман ұлдарының бірі Бауыржан Момышұлының «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деген сөзінен-ақ, әрі қиын, әрі қызық, бір жағынан батылдыққа, жүректілікке тәрбиелейтін әскери қызметтен жалтарудың жігіттікке сын екенін оңай ұғынасың. Бұны болашақ сарбаздарымыз да түсінсе екен. Өйткені, елін қорғау - ердің ғана ісі.

Әйгерім ҚҰБАЕВА

Суреттерді түсірген Әбілмажан ШАРАПИДЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521