Елорда күні – ерек той

Аудандық «Жалын» мәдениет үйінде өткен «Ел жүрегі – Астана» атты Астана күніне арналған салтанатты жиынды аудан әкімі М.Мурзиев сөз сөйлеп ашты.

Елдіктің ордасына айналған арман қаланың кешегісі мен бүгініне тоқталған аудан басшысы жиылған көпшілікті биыл 20 жасқа толып отырған Астананың мерейлі мерекесімен құттықтады.

- Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде қабылдады. Астананы ресми көшіру 1997 жылғы 10 желтоқсанда жүзеге асты. Президенттің 1998 жылғы 6- мамырдағы Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. Жаңа астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өтті. 1999 жылы Астана ЮНЕСКО шешімімен «Әлем қаласы» атағын алды. Қазақстанның бас қаласы – 2000 жылдан бастап Астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшесі.

Осылай деп сөз бастаған аудан әкімі Астанамыз бой тіктеген жемісті жиырма жыл ішіндегі елорда төрінде атқарылған әлемдік деңгейдегі басқосулар мен мемлекетаралық жиындардың маңызын бас қаланың абырой-беделімен байланыстыра әңгімеледі. Сөз соңында ол көпті мерекемен құттықтап, бір топ аудан азаматтарына марапаттар табыстады. Атап айтар болсақ, Исатай ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Айдолла Нұрсапин, «Аққу» бөбекжай-балабақшасының тәрбиешісі Ғапура Ахметова, Новобогат саз мектебінің домбыра пәні мұғалімі Жанпейіс Мұхиденов, «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының №2 Қамысты кен орнының операторы Ықтияр Әміржановтарға «Астана – 20 жыл» медалін тақты. Сондай-ақ, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген өз саласының үздік мамандары ретінде аудандық газ шаруашылығының шебері Нұрлыбай Мағзомов, Исатай желілік техника учаскесінің жетекші инженері Ақылбек Сатқанов, «Халық банкі» аудандық басқармасының бастығы Арайлым Сахыпова, «Барыс» балалар-жасөспірімдер денешынықтыру-даярлық клубы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Ерлан Кукумовқа аудан әкімінің мерекелік Алғыс хаты табысталды. Марапат соңында аудан әкімі тура 1998 жылдың 6-шілдесінде дүниеге келген Астананың түйдей құрдасы, тұщықұдықтық Қамажай Жоламановаға Құттықтау хатын ұсынды.

Келесі құттықтау сөз кезегінде тұрғындарға жылы лебізін арнаған аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Мұханбеталиев аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкері Гүлназ Қисамиева мен аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Исламғали Мардашевқа Алғыс хат тапсырды. Мерекелік салтанат аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521