Көк теңізге көз тігеді сарбаздар

Қазақстан Республикасының шекара аумағы 13 мың 394 шақырымды құраса, оның 2 мың 312-ге жуығы Каспий теңізі аумағын қамтиды.

Ал Каспий теңізі бойынша 180 шақырымды құрайтын мемлекеттік шекара бөлігін күзету ауданымызда орналасқан «Жанбай» шекара заставасының міндетінде.

Ауылдың қақ ортасында орналасқанымен, әскери бөлімше бейне бір аралда тұрғандай, онда сырттан ешкім кіре алмайды, сарбаздарға да шығуға рұқсат жоқ. Тек, шекара наряды кезінде ғана қақпадан өте алады олар. Өйткені, жалпы әскери қызметтің талабы күшті болса, шекара қызметінің тәртібі тіпті де қатал. Алда келе жатқан Шекарашылар күні мерекесімен құттықтап, бір жағынан бұндағы әскери өмірмен танысу мақсатында аталған шекара заставасын бетке алдық. Алдын ала телефон арқылы хабарласқанымызда, сұхбаттасуға келісімін берген «Жанбай» шекара заставасы бастығының міндетін атқарушы, лейтенант Аслан Сайын бізді қақпа алдынан қарсылап алды.

Жанбай шекара заставасы 2000 жылы құрылды. Содан бері Атырау шекара отряды бойынша алдыңғы қатардан көрініп келеді. Шекара күзетудегі негізгі мақсатымыз - Аумақтық сулар режимінің бұзылмауын қадағалау, браконьерлік іс- әрекеттердің алдын алу және Қазақстан Республикасының биоресурстерін күзету, - дейді лейтенант.

Заставаға дейін жергілікті ауылшаруашылық мекемесі болған ғимарат жұпынылау көрінгенімен, жинақы, таза. Бізге әскери бөлімшенің тыныс-тіршілігінен сыр шерткен застава бастығының міндетін атқарушы Аслан Сайын сарбаздардың дәріс алу, психологиялық жеңілдеу, асхана, жатын бөлмелерімен таныстырды. Ал, өзі Алматы қаласындағы Шекара Академиясының 2017 жылғы түлегі екен. - Шекара заставасы заманауи техникалармен, қару-жарақтармен жабдықталған. Бұнда еліміздің әрбір өңірінен келген жас сарбаздар Отан алдындағы борыштарын өтеп жүр. Сарбаздар күн тәртібіне сәйкес өмір сүреді. Жауынгерлік дайындықты қажет ететін маңызды сабақтарды оқып үйренеді. Бос уақыттарында ән шырқап, футбол, волейбол ойнайды, - дейді ол. Осыдан жетпіс шақырым жердегі Зинеден ауылында заставаға қарасты "Забурнье" техникалық бақылау посты орнасқан. – Ол жерде бір бөлімше ғана қызмет атқарады. Міндеттері – радиолокациялық құрылғы арқылы теңізге шыққан катерлерді бақылау, - дейді басшы. Сондай-ақ ол қазіргі застава ғимаратының ауыл ішінде орналасуы мен тозығы жетуі себепті биылдан бастап шекарашыларға арнап жаңа нысан бой көтеретіндігін де атап өтті. Оның айтуынша, құрылысы енді ғана басталғалы жатқан бұл нысан күз айларының соңына дейін пайдалануға берілмекші.

Шекара қызметінің негізгі міндеті – шекара бұзушыларды анықтау. Каспий теңізі бес мемлекетпен шектесетіндіктен, кез келген елден теңіз арқылы ел аумағына шет ел азаматтарының заңсыз өтіп кетпеуін қадағалайды. Балық аулау немесе басқа да мақсатта ел территориясына өткен шетелдіктерді құрықтау - олардың тікелей жұмысы. Ел экономикасына үлкен зардабын тигізетін браконьерлікпен күрес жүргізу де олардың қызметтік міндеттерінен тыс емес. Осы сынды ойларымен бөліскен лейтенант шекара заставасында өнерде де белсенді, әскери қызметте де өзгелерге үлгі бола алатын азаматтардың бар екенін жасырмады. - Осында сегіз жылдан астам уақыт қызмет атқарып жүрген аға нұсқаушысы, ефрейтор Саидин Исмаилов – солардың бірі, - дейді лейтенант. Ол 2010 жылы Отан алдындағы борышын өтеуге келген, содан бері осы заставада келісім-шарт бойынша әскери қызмет етуде. Өзінің төрт аяқты досы Анзара атты итінен қыл елі ажырамайтын ефрейтор біраз белестерді де бағындырыпты. Атап айтар болсақ, ол 2013 жылы Қазақстан Республикасы Шекара қызметінің ең үздік із кесушісі атанса, 2013 жылдан қазіргі уақытқа дейін Батыс өңірінің ең үздік кинологі көрінеді. Ал, былтыр Атырау қаласының “Жыл үздігі" Отан алдындағы қызмет номинациясының жеңімпазы атанды.

Айта берсе, застава жайында әңгіме көп. Тек, шекарашылардың өлшеулі күн тәртібіне кедергі келтіріп, көп уақыт алуды жөн көрмедік. «Суырудан сақтасын, бірақ, бірақ, Қайраулы болсын қылыш қынаптағы» деп Нарынның Наркескені Нұралы ақын айтқандай, қынаптағы қайраулы қылыштай сақадай сай сарбаздарға мерекелері қарсаңында бейбіт күннің ғана сақшысы болуды тілек етіп тарқастық.

Серікбол Панабердиев

Суреттерді түсірген Әбілмажан ШАРАПИДЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521