Мейірімді мейірбике

Ауру мазалаған әркімнің алдымен ойға алатыны, хабарласатыны - дәрігерлер. Ал олардың оң қолы – мейірбикелер десек болады.

Науқасқа дәрігердің нұсқауымен тексерілу үшін жолдама жазып беретін, өткізген сараптамаларға талдау жасайтын, екпесін салатын, қан қысымын да өлшей алатын сезімтал да сергек жанды мейірбикелердің аз кездеспейтінін ойға алғанда іштей қуанып қоясың. Осындай жанашыр жандардың бір өкілі - бүгінде аудандық емханадағы кардиологиялық кабинеттің мейірбикесі болып еңбек етіп жүрген ақ желеңді жан Жаңылсын Күншығарова. Х.Ерғалиев ауылынан аудан орталығына қатынап қызмет ететіндіктен де елдің алдымен оянып, жұмысына асығатындардың бірі де біздің осы кейіпкеріміз екен.

Ал жұмыс орнына жетісімен мұны дәрігердің айтуымен науқастарға негізгі ем шараларды жүргізу күтіп тұрады. Өз мамандығының бір ерекшелігі алдымен қамқорлықтан басталатынын, оның адам денсаулығы үшін қаншалықты қажеттігін терең түсінетіндіктен бе, күнделікті қайталанып отыратын осы бір істен әсте шаршап та, жалығып та көрген емес ол. Соңғы екі жыл аралығында мейірбикелермен жиі жолығып, олардың жұмысының күрделі екеніне куә болуға тура келгесін де Жаңылсынның алдына келген науқастарға қамқорлықпен, жанашырлықпен қарайтынының талай куәсі болғаным рас. Жүрек-қан тамырлары ауруымен науқастанған үлкен-кішінің ойын іштей оқып, жағдайын көңіліне тоқып үйренген мейірбике бірін әкесіндей, бірін анасындай, болмаса аға, әпке, іні, сіңлісіндей жақын тарта жанашыр қалып танытып жататыны сүйсінтеді.

- Шындығы керек, қайсыбір науқастар дәрігердің белгілеген емін уақтылы алмай, дәрісін кезінде ішпей қалып жататыны бар. Сондайда ұрсып та алатынымды жасырмаймын, - дейді қашан көрсең де жымия күліп жүретін мейірбике.

Емделушілері «мейірімді мейірбике» атап кеткен Жаңылсын 1984 жылы Орал қаласындағы медициналық колледжді қазіргіше айтқанда жалпы медициналық мейірбике мамандығы бойынша бітіріп шыққалы бері Исатай аудандық ауруханасының балалар бөлімшесінде, кейін жұқпалы аурулар бөлімшесінде аға мейірбике болған, аудандық ауруханада әлеуметтік психолог қызметін де атқарған, енді, міне, кардиологиялық кабинетте мейірбике болып қызмет етеді. Жолдасы Айтқалидың да мамандығы балалар дәрігері, екеуі төрт перзент тәрбиелеген бақытты ата-ана. Бір қызығы, өз ісіне мұқият, аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Бауыржан Төлегеннің айтуынша «мақтап жазуға әбден болатын» қарапайым да көпшіл мінезді жан осыған дейін көп марапат та алып көрмепті. Оның ойынша, мейірбике марапатты емес, адамдардың саулығын ойлауы тиіс. Тіпті, қай науқастың қай жерде тұратынын, қандай диагнозбен емделіп жүргенін де біледі десе болатын ол бүгін де жұмыс орнында. Мейірімді мейірбике хақында қалам тарта отырып, адам жанына арашашы болып жүрген оның барша әріптестеріне мерекелі сәтте берекелі белестер тіледік.

Жоламан Дәулетияр

Суретті түсірген Әбілмажан ШАРАПИДЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521