шаблоны сайт визитка joomla
Скачать шаблоны Joomla 3.5 бесплатно

Өнерімен өрге жүзген Өнербек Астана күніне арналған айтыстың бас бәйгесін иеленді

Атырау қаласындағы Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында Астананың 20 жылдығына арналған «Астанам – айбынды ақ ордам» атты республикалық жас ақындар айтысы өтті. Қалалық жастар ресурстық орталығының қолдауымен, «Айтыс» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен жыр додасына Астана, Жамбыл, Маңғыстау облыстарынан және жергілікті жас ақындар қатысты.

Айтысты ардагер айтыс-кер ақын Шынарбек Қабиев сөз сөйлеп ашты. Еліміздің әр аймағынан жиылған жас шайырларға ағалық лебізін арнаған айтыскер ақындарға тақырыпты қамтуды, еліміздің даму жолы, күнгейіміз бен көлеңкелі жақтарымызды қатар жырлап, елге есте қаларлық жыр кешін сыйлауды тіледі. Айтыстың алғашқы жұбы болып сахнаға атыраулық Әнуарбек Садықов пен облыстық Ақ Жайық газетінің тілшісі Нұрбейбіт Нұғманов шықты. Ә дегеннен елдік, отаншылдық тақырыбын кеңінен ашып, көсіле шапқан Әнуарбек Нұрбейбіттен бір бас жоғары көрінді. Әсіресе, оның соңғы кездері әлеуметтік желілерде көп талқыға түсіп жүрген Астана қаласына жасаған облысымыздың тартуы - үлкен көпір жайлы орынды өлең жолдары көпке ой салды. Асылында көпір салу ең үлкен сауапты істердің бірі. Ол туралы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде айтылған. Сол шариғат қағидаларын негізге ала отырып өрілген шумақтарын төкпелеген ол ар, иман, тәлім-тәрбие, жастар мәселесін орынды қозғап:

- Ащыны өзім асадым, Тәттісін саған қалдырдым, - деп, қарсыласына елдің мақтанарлық тұстарын жырлауды тапсырды. Нұрбейбіт те қарап қалмады. Қарсыласқа да жауап берді, қадари-халі жеткенше тақырыпты да толғады.

Бірінші айналымдағы ең тартысты айтыс маңғыстаулық Абай Жолмағанбетов пен исатайлық Амангелді Панабердиевтің арасында өрбіді. Осыған дейін де талай республикалық аламандардың жүлдесін тақымдаған Абайдың осал қарсылас емес екендігін айтқысы келген Амангелді:

Дәл осынау айтысқа Маңғыстаудан

Абайдай мықты келе жатыр деді.

Құнанбайдың баласы болмаса да,

Құны бар сөз айтатын ақын деді.

Бірақ оған қыңбаған Амангелді

«Қандай мықты болса да шақыр» деді...

Осылай көсіле келе, сыйластықты да ұмытпаған ол бәріміз бір қазақтың баласымыз деген ойды аша түсіп:

- Ағайын, қуаныңдар, сәлден кейін,

Бір қазақтың келеді аты ілгері, - деп түйді ойын.

Онымен де қойған жоқ.

Айтыс көркі - шаппа-шап деді ме: -

Сыйластық болса керегі,

Мойныңды бері бұра бер.

Тартыс болса керегі,

Оған да қам қыла бер.

Айтқаныма көнбесең,

Басқа шауып, өрлесең

Осы бастан айтайын,

Жолмағанбеттің баласы

Жолыңа кейін шыға бер, - деп бір түйреп өтті қарсыласын.

Абай да айтары бар ақын.

Аспай, саспай, қарсыласының «жолыңнан шығарамын» деген сөзінің «тонын кері айналдырып» бүгінде көптің көкейіндегі шұрық-тесік «Атырау-Астрахан» тасжолының жөнделмей жатқанын бетке басты.

- Айтпақшы, жол дегеннен шығады ғой,

Жайыңды ақын аңғарар бір аңғарса.

Аққыстауға көліктер қатынап жүр,

Кәлима айтып, көлігі бір ауғанша.

Шұрық-тесік жолменен қатынаған,

Қандастардың жай-күйін ұғам барша.

Сол жолдың жайын неге көтермейсің,

Қалықтағың кеп жүрсе қырандарша?, - деп жауап қайырған маңғыстаулық ақын Астананың 20 жылдығын облысымыздың 80 жылдық мерекесімен байланыстыра жырлады. Қарсыласы да қалыспады. Қысқасы, бұл жұп ашық пікір де айта алды, тақырыпты да ашты.

Тағы бір ерекше жұп деп жанбайлық Өнербек Дәулекенов пен Жамбыл облысының атынан келген Саягүл Бірлесбектің айтысын айтуға болады. Жақында ғана Атырау қаласында өткен республикалық айтыста жұп болған қос ақын көрерменге сол доданың жалғасын ұсынғандай болды. Орынды әзіл, орамды ой, тәтті тілекпен жыр өрген қос ақын да ел қошеметіне бөленеді.

Ақтық сында Өнербек маңғыстаулық Абай Жолмағанбетовпен сөз жа-рыстырды. Өнербектің өнеріне тәнті болған Абай оған жолын беріп, тілеулестігін білдірді. Соңғы айналымда сондай-ақ қызылқоғалық Әсел Таушанова мен жамбылдық Саягүл Бірлесбек, аққыстаулық Амангелді Панабердиев пен Қызылқоға ауданының ақыны Әнуарбек Садықов, қытайлық Жасар Нұрданбек мен астаналық Аруна Керімбек айтыс көркін қыздырды. Белгілі қаламгер Өтепберген Әлімгереев бастаған қазылар құрамы бас жүлде мен 700 мың теңге ақшалай сыйлыққа өңіріміздің талантты ақыны Өнербек Дәулекенов лайық деп шешсе, екі айналымда да қамшы салдырмаған Ақтаудың Абайы бірінші орын мен 500 мың теңгеге қол жеткізді. Екінші орындарды және 300 мың теңге қаржылай сыйды Саягүл Бірлеспек пен жерлесіміз Аманагелді Панабердиев бөлісті. Ал, жергілікті айтыс-кер Әсел Таушанова мен астаналық Аруна Керімбекке үшінші орындар мен 200 мың теңгеден бұйырды. Қалған ақындар да құралақан қайтқан жоқ. Қатысқан айтыскерлердің барлығына 100 мың теңгеден көтермелеу сыйлығы табысталды. Басқа басқа, бұл дода көрермендер үшін ерекше сый болды.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлiгiнде 2018 жылы 16 мамырда тіркеліп, №17102-г куәлік берілген.

Редакцияның мекенжайы: Исатай ауданы, Аққыстау ауылы, Егемен Қазақстан көшесі, 12-үй.

Байланыс телефондары: 8 (71 231) 2-01-68, 2-01-52, факс 2-01-68.

Электронды пошта: naryn_tany2009@mail.ru