Қош келдің, қасиетті рамазан!

Міне, қасиетті Рамазан айы да келіп жетті. Осындай берекелі күнге жеткізгені үшін Алла Тағалаға сансыз мақтаулар болсын! Мүбәрәк Рамазан айы – асыға күткен мұсылман қауымы үшін Алланың шексіз мейіріміне бөленетін үлкен мүмкіншілік.

Бұл айда пенде отыз күн оразасын ұстап, құлшылыққа құлшына кірісетін болса, оған Алланың нұры жаумақ. Отыз күн ораза парыз болған осы Рамазан айы – тура жолға бастайтын қасиетті кітабымыз Құран Кәрімнің түсе бастаған уақыты. Құран Кәрім – адамдар үшін тура жолға сілтейтін және xақ пен жалғанның арасын ажыратып беретін ұлы кітап. Бұл жөнінде Алла тағала былай дейді: «Рамазан айы – адамзатқа жолбастаушы болған һәм тура жолғасалатын, ақиқатпен жалғанның ара жігін ажырататын ең айқын дәлелдерді қамтыған қасиетті Құран түсе бастаған ерекше ай». (Бақарасүресі, 185аят. Рамазан оразасы – Исламдағы бес парыздың біреуі. Бұл ораза айы һижри (мұсылман күнтізбесі) бойынша 2-ші жылы парыз қылынды. Парыз болуы турасында Құран мен сүннеттен дәлел. Құранда Алла тағала: «Уа, мүміндер! Сендерден бұрынғы қауымдарға парыз етілгендей тақуалыққа жетулерің үшін сендерге де, ораза ұстау парыз етілді», – дейді (Бақара сүресі, 183-аят).

Пайғамбарымыз (с.а.с) «Бұл айда мүміннің ризық несібесі еселенеді. Кімде-кім осы айда ораза тұтқан бір жанға ауыз ашар жасаса оның күнәсі кешіріліп тозақтан азат етіледі. Ораза тұтушының сауабынанда ешнәрсе кемітілмейді», –деген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Ислам бес нәрседен тұрады: Алладан басқа құдай жоқ екеніне, Мұxаммедтің Алланың құлы әрі елшісі екендігіне куәлік ету, намаз оқу, зекет беру, рамазан оразасынұстау, шамасы жеткендерге қажылыққа бару» (Бұxари, Иман-34). Пiтiр садақасы: Садақаны ораза басталысымен беруге болады. Аяғы ауыр әйелдер, жазылмайтын дертке ұшырағандар мен денсаулығы жарамайтын адамдар ауыз бекiтпей-ақ, ораза ұстауға мiндеттi әрбiр күнi үшiн пiтiр садақа беруге болады. Алла Тағала бұл туралы: «Ораза ұстауға шамасы келмейтiндер бiр жарлының тамағын төлесiн» дейдi Биыл Рамазан айында жан басына берілетін пітір садақа мөлшері еліміз бойынша 300 теңге.Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төралқа мәжілісінде еліміздің әр аймағындағы бидай бағасын ескере келе, ортақ есеппен бірауыздан осылай бекітілді. Тарауық намазы:Тарауық – Рамазан айына ғана тән 20 рәкат¬тық намаз. Ол «тынығу, демалу, рахаттану» деген мағынаны бiлдiредi. Рамазан айында Тарауық намазын оқу Ислам рәмiзiне жатады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Кiмде-кiм Рамазан намазын шын көңiлiмен сауабын Алладан күтiп оқыса, оның өткен күнәлары кешiрiледi» деп үмметтерiнiң сауабы мол на¬мазды оқуға деген құлшынысын арттыруға тырысқан. Тарауық намазы құптан намазынан кейін оқылады, ал, Үтір намазы ең соңынан жамағатпен оқылады. Қадыр түнi:Ләйләтүл-қадр, яғни Қадыр түнi, мыңдаған айлардан артықшылығы мол, қасиетi басым, осы түнi исi мұсылман Алла Тағалаға құлшылық етiп, тiлек тiлеуден жалықпауы тиiс. Жаратқан Ие Қадыр түнiнiң нақты уақытын құлдарына әдейi нақты көрсетпеген. Себебi, Алла Тағаланың шарапаты мен шапағатына, алғысына ие болуға асыққан құлдар әр түндi қасиеттi түн ретiнде қабылдауға, тынбай құлшылық етуге мүдделi. Биыл шілде айының 23-нен 24-не қараған түні қасиетті Қадыр түні. Ескеретiн жайт-тар: Оразада таңертең күнде ниет ету және ұйқыдан оянып, сәресiн iшу – сауап. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) хадисiнде: «Сәресi тамағы – берекет. Бiр жұтым су да болса, оны тастамаңдар. Өйткенi, Алла Тағала сәресiде тамақтанғандарға рақымдылық етiп, перiштелерi де олар үшiн кешiрiм тiлейдi» деген.

Ақшам намазын кешке ауызашардан кейiн оқу да – сауапты iс. Сонымен қатар, «Мен – оразамын» деу де сүннет. Егер, бiреу ораза ұстаушыға дауыс көтерiп сөйлесе, керiскiсi келсе, «мен – оразамын» деп ескертуi тиiс. Құрметті Исатай ауданының тұрғындары рамазан айында Зинеден ата мешітінде киіз үй тігіледі келіп ауыз ашар берсеңіздер болады. Бұл айда сауапқа асығайық. Ораза мүбәрәк болсын, ағайын!

Бейбіт АҒЫБАЕВ,

аудандық Зинеден ата мешітінің бас имамы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521