Пошташылар белсенділік танытты

Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің кәсіби мерекесінің маңызы ерекше. Өйткені, өзіміз өмір сүріп отырған қоғамды баспасөз, телевидение мен радиосыз елестету мүмкін емес.

БАҚ – тек ақпарат жеткізумен ғана айналыспайды, ол – билік пен бұқара арасындағы алтын көпір. Батыс өңіріндегі ең ірі медиахолдинг болып саналатын «Атырау-Ақпарат» серіктестігінің ұжымы да осынау кәсіби мерекелерін жан жадыратар жетістіктермен және жақсы көңіл күймен қарсы алды. Медиахолдингтің баспасөз орталығында өткен салтанатты мерекелік шарада серіктестік директоры Баязи Әбдешев ұжымды мерейлі мерекелерімен құттықтап, бір топ қызметкерлерді марапаттап, сый-сыяпаттар тапсырды.

– Журналист – қастерлі мамандық иесі. Оның қызметі халықпен, қоғаммен тікелей байланысты. Осының өзі әріптестерімізге зор жауапкершілік жүктейді. Ел артқан сенімнен шығу – абырой, -деп атап өтті Баязи Мәдешұлы.

Осы мерекелік шара барасында Атырау облысында тұңғыш рет ұйымдастырылған «Үздік пошташы» байқауының жеңімпаздары салтанатты түрде марапатталды. «Үздік пошташы» байқауы – «Атырау-Ақпарат» медиасеріктестігі мен «ҚазПошта» АҚ Атырау облыстық филиалының 2018 жылдың II жартыжылдығына газетке жазылу науқанын тиімді ұйымдастыру бағытында ағымдағы жылдың 1 мамыр – 25 маусым күндері аралығында бірлесіп ұйымдастырған жобасы.

Байқаудың алдына қойған басты мақсаты – облыстық «Атырау» және «Прикаспийская коммуна» газеттеріне жазылым санын арттыру, «ҚазПошта» АҚ-ның үздік қызметкерлерін ынталандыру, «Атырау-Ақпарат» серіктестігі мен «ҚазПошта» АҚ облыстық филиалы арасындағы әріптестік байланысты нығайту болып табылады. Аталған байқаудың шартына сәйкес, байқауға қатысушы «ҚазПошта» АҚ Атырау облыстық филиалының кез келген пошта қызметкері аталған мерзім аралығында облыстық газеттердің біріне 50 немесе 200-ден аса оқырмандардың жазылуына ықпал етсе, байқау жеңімпазы, яғни, «Үздік пошташы» атанып, тиісінше қаржылық сыйақымен марапатталу көзделген. Мәселен, 50 оқырман жаздырған пошташыға – 25 000 теңге, 75 жазылушы – 35 000 теңге, 100 жазылушы – 55 000 теңге, 150 жазылушыдан жоғары – 75 мың теңге және 200 жазылушыдан асса 100 мың теңге көлеміндегі сыйақы қарастырылған.

Бір айта кетерлігі, газетке жазылушылардың жазылым мерзімі 6 айдан кем болмауы тиіс. Сондай-ақ, байқау әділ өтуі үшін конкурсқа қатысу мүмкіндігіне тек пошта қызметкерлері ғана ие болды. Ал, «ҚазПошта» АҚ Атырау облыстық филиалының кеңселеріндегі мекемелерге және өздігінен жазылушыларға қызмет көрсететін операторлар қатыстырылған жоқ. Байқау қорытындысы бойынша ең көп жазылушының газетке жазылуына ұйытқы болған 13 пошта қызметкері жеңімпаз деп танылды. «Үздік пошташы» атанған жеңімпаздардың алды 60 жаста болса, ең жасы – 28 жаста. Олардың арасында 3-еуі Исатай ауданынан. Жеңімпаздар ішінде облыстық басылымдарға 94 оқырманды жаздырған аудандық Пошта байланыс торабы қызметкері Дина Ғұбайдоллақызы Шарапова және оның Х.Ерғалиев ауылындағы әріптесі Жұмабике Құмарқызы Құлышева 35 мың теңгеден сыйақы иеленді. Ал тұщықұдықтық пошта байланыс бөлімшесі қызметкері Назымгүл Өтегенқызы Қанатова болса облыстық басылымдарға 50 оқырманды жаздырып, 25 мың теңгенің қаржылай сыйлығына лайық деп танылды. Сондай-ақ, «Атырау-Ақпарат» медиасеріктестігі мен «ҚазПошта» АҚ Атырау облыстық филиалы арасындағы әріптестік байланысты нығайтуға және «Үздік пошташы» байқауын ұйымдастыруға қосқан үлесі, серіктестікке қарасты облыстық және аудандық басылымдарды оқырмандарына дер кезінде жеткізу жолындағы ерен еңбегі үшін облыстық филиал директоры Алтын Садықова Алғыс хатпен марапатталды.

Байқау жеңімпаздарына арнайы дайындалған «Үздік пошташы» дипломдары мен қаржылай сыйақыларының сертификаттарын «Атырау-Ақпарат» медиахолдингінің директоры Баязи Әбдешев тапсырды. Назымгүл Қанатова, жеңімпаз пошташы: - Өз ауылдастарымның рухани дүниесін байытуға үлес қосып келе жатқаныма қуаныштымын. Байқау жарияланғалы ауылдастарымының, әсіресе, облыстық басылымдарға көптеп жазылуына ықпал етіп, 50 оқырманның алдыруына септестім. Еңбектің аты – еңбек, оны бағалап жатқан шараның ұйымдастырушыларына алғысым мол. Басылымдардың көптеп таралуына, біздің әріптестеріміздің де белсенді жұмыс жасауына әсері зор мұндай шаралар алда да жалғасын табады деп есептейміз.

Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521