Тыл және еңбек ардагерлері ұлықталды

Мереке жаңғырығы және «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында қария кісілерді ұлықтау дәстүрі біздің ауданда да жылдағы дәстүр бойынша қызу жалғасын тапты.

Аудан әкімі М.Мурзиев пен аудандық мәслихат депутаттары А.Ахметжанова, Р.Әбшеев Аққыстау ауылының тұрғындары, тыл және еңбек ардагерлері, бүгінде жастары жүзден асқан, аудан бойынша ең ұзақ жасаушы Ә.Фазылғалиева мен А.Алтынбековаларға (1914 және 1915 жылдары туған) арнайы ат басын бұрып, мерекемен құттықтап, республикалық «Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары М.Әшімбаевтың құттықтау хаты мен сый-сияпат және «Ғасыр анасы» лентасын табыс етті. Заманның жақсы-жаманын көрген, қиын-қыстау зобалаңдарға куә кейуаналар өздерін ұмытпай, елеп-ескеріп келген аудандық делегацияға алғыстарын білдіріп, батасын берді. Сонымен бірге ауылдық округтердегі аудандық мәслихат депутаттары да өз ауылдарында тыл және еңбек ардагерлеріне құрмет білдіріп, құттықтағанын баса айтқан жөн. Атап айтқанда, Қамысқала ауылдық округінде барлық ардагерлерге арналып дастархан жайылса, аудандық мәслихат хатшысы Н.Мұханбеталиев пен депутат Ә.Сидеғалиев тыл ардагері Н.Есенгенжина әженің үйіне барып, партия атынан мерекемен құттықтап қайтты.

Ал, Исатайда аудандық мәслихат депутаты Қ.Сахибеденова зейнеткер, тыл ардагері Қ.Мұсаева әжейді ардақтаса, аққыстаулық депутаттар Л.Мутянова мен А.Ахметжанова З.Тайыроваға қошемет білдірді. Ал, жастық шағын Қарағанды шахтасындағы көмір өндірісінде өткізген, 1955 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін Чапаев кеңшарында әке жолын қуып, темір ұстасы болып еңбек еткен, келер жылы тоқсанға толғалы отырған Сәмен ата мен ауыл мектебінде түрлі жәй қызметте болған Орынша әжейді тыл және еңбек ардагерлері ретінде жағдайларын біліп, көрісіп, Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтаған «Тұщықұдық» бастауыш партия ұйымының төрағасы М.Өтеғалиев пен ауылдық Аналар Кеңесінің төрайымы Б.Қайырлиева, «Жас Отан» ЖҚ жетекшісі мен ауыл дәрігері болып бір топ азаматтардың келгеніне «Төбем көкке жеткендей қуанып қалдым» деп ағынан жарылған бір үйдегі қос ардагер қариялар, еңбек жолдарынан естеліктерін, бүгінгі ел тұрмысының түзелгеніне, ұл-қыздан тараған 40-қа жуық немере-шөберенің қызығына бөленіп отырғандықтарына шүкіршілігін айтып, астарлы әзілдерін де ортаға сала әңгіме-дүкен құрып, бір марқайып қалды.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521