шаблоны сайт визитка joomla
Скачать шаблоны Joomla 3.5 бесплатно

Ақыны көп аудан айтысқа неге самарқау?

Жақында аудандық «Нарын таңы» газетінде газет тілшісі Серікбол Панабердиевтің «Бір ұядан қанат қаққан қос ақын» атты мақаласы жарық көрген болатын.

Жанбайдан шыққан ағайынды айтыс ақындары туралы жазылған мақала көптен көкейімде жүрген ойға тамызық болды. Сол ойларымды көппен бөлісу ниетінде қолыма қалам алдым.

Соңғы кездері аудандық басылымда өнер турасында, соның ішінде қазақтың қанына біткен айтыс өнері жайында жарияланған материалдарға жиі куә болып жүрміз. Бұл жақсы, әрине. Ұлттық рухани қазынамызды өзіміз жоқтап, іздеушісі бола алмасақ, ешкім келіп кемтігімізді толтырып бермесі анық нәрсе ғой. Бұл ретте аудандық «Нарын таңы» газетіне ұлтжанды оқырмандар атынан ризашылық білдіріп қою да артық болмас.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары халқымыз имандылыққа бет алып, ұлттық салт-дәстүріміз қайта жанданды. Осылайша, егемендікке қолымыз жеткелі еңсеміз көтеріліп, жоғымызды түгендеуге жол ашылды. Ғасырлар қойнауында қалған ұлттық дәстүріміз, мәдениетіміз жаңарып, қайта өрлеу қарқынын алды.

Соның бірі ауыз әдебиетінің бірегей жанры - айтыс. Айтыс айтпайтын мәселе жоқ. Әсіресе, қазіргі айтыстың қарқыны бөлек. Бұрынғыдай төрт қатар өлеңмен қағыса салмайды бүгінгі ақындар. Тереңнен толғатып, алыстан орағытып әкеліп, ой жебесін, құралайды көзге атқан қас мергендей, дөп тигізеді. Және ондай ақындар тек Алматы, Астана төрінде ғана жүр, ал біздің жергілікті айтыскерлеріміздің деңгейі олардан төмен деп санау өнерді бағаламау, шыңдалып келе жатқан ақындарымызды танымау дер едім. Өйткені, өткен ғасырларда осы топырақтан түлеген, аузымен құс тістеген небір жүйріктерден қалған дәстүр жалғаспай қалуы мүмкін емес, олай болған күнде бұған алдымен ұлт қазынасына немқұрайлылық танытқан өзіміз ғана кінәліміз.

Енді, негізгі айтпағыма көшейін. Алдымен аудан ақындарының әлеуетін ажырату үшін айта кетейік, қазірдің өзінде Атырау айтысының жартысына жуығы - исатайлықтар. Ал, сол ақындарды білеміз бе біз? Атырауда ту көтерер айтыс-кер болмағанда республикалық додаларда топ жарған Шынарбек Қабиевті үлкендер жағы таныр. Ал, Балғынбек, Айнұр десе ішкен асын жерге қоятын жастар жағы исатайлық Шынарбектің түрін де білмеуі мүмкін. Республикалық аламанда атойлап, талайдың шаңын қаққан Саадатымыз аудан емес, бүтін облысымыздың абыройын арқаламап па еді? Ол ақынымыз қайда, неге көрінбей кетті? Қазір көбіміз аудандық газет тілшісі ретінде ғана танымал Серікбол Панабердиевтің кез келген деңгейдегі додаға дап-дайын айтыскер екенінен хабарсыз болуымыз мүмкін. Оның соңғы айтыстарындағы, анау-мынау емес, қарағандылық мықты Дидар Қамиев, сырдың қазіргі сүлейлерінің бірі Мейірбек Сұлтанхан секілді шайырлармен терезесі тең өнер көрсетуі – осы пікірімізге айқын дәлел. Кеше ғана сол Серікболдың сөз басында айтылған мақаласына арқау болған ағайынды Айзада, Өнербек Дәулекеновтер де нағыз бабында жүрген айтыс-керлер. Оған ағайындылардың соңғы рет Атырауда өткен республикалық екі айтыстың бас жүлдесін бірінен соң бірін қанжығаға байлағанын айғақ қыла аламыз. Ағайынды демекші, Серікбол да кіндіктен жалғыз ақын емес. Оның туған інісі Аманкелді Панабердиев те төселіп қалған ақын. Күні кеше республикалық жас ақындар айтысында жүлделі екінші орынды еншілеген оның да таудай талап бар бойында.

Осыған дейін аудандық "Нарын таңы" газетінің бас редакторы болып қызмет атқарып келген Нұрболат Нұғмановты да осал айтыскер десеңіз, қателесесіз. Өйткені, әр сөзі қорғасындай салмақты, тарихтан қозғаса, тереңнен толғайтын, аспай-саспай, ойын нақты жеткізетін оған айтыстың абызы атанған Жүрсін Ерманның өзі оң бағасын бергенін біле бермейміз, әрине. Жүкең жерлесімізді алдағы талай деңгейлі айтыстардан көргісі келетінін де айтқан екен. Бойдағы талантты шыңдамасаң, оған қолдау білдірілмесе шын дарыныңды да тот басады. Осы Аққыстауда қара жұмыс жасап жүретін Исатай ауылының тумасы Саламат Бақтығалиев - қолдау таппай қалған дарындардың бірі. Ал, оны біз білмейміз, білгіміз де келмейді. Неге?

Жоғарыда жергілікті ақындарды тізбелеп шыққандағы мақсатымыз не? Енді соған тоқтала кетейін. Биік мінберлерден, газет-журналдарда Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты бағдарламалық мақаласы жайында айтудай-ақ айтылып жүр. Сол мақалада ұлттық код жайына басымдық берілген. Ал, біз оған қаншалықты көңіл бөліп жатырмыз? Ұлттық идеология дейміз. Оны ұрпақ санасына қалай сіңірудеміз? Құрғақ сөзбен бе? Жоқ, олай болмауы тиіс. Бір елді басып алмас бұрын бір данышпанына сол мемлекетті зерттеуді тапсырған патша біраз уақыттан кейін әлгі білгірінен ол елді жаулау мүмкін еместігін естиді. Таңғалған патшаға әлгі данышпан онда аузына елін қаратқан, от ауызды үш ақын, соған ерген жұрты бар екенін, бұндай рухты ақыны бар жерді жаулау оңайға соқпайтынын айтқан деседі.

Иә, бұл аңыз шығар. Дегенмен, мына бейбіт заманды, елдің тыныштығын, Тәуелсіздігімізді жырға қосып, елдікке үндейтін, "әттеген-айларымызды" да айтатын ақындар керек емес пе бізге? Олар және айдан іздейтіндей емес, ауданымызда бар ғой. Неге оларды танытпасқа, қолтығынан демеп, шабыттарына қанат бітірмеске? Басқа, басқа, бұл осы өнер саласымен тікелей айналысатын аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі деген мекеме көруі тиіс мәселе емес пе? Ендеше оған не кедергі? Осы жайлы тиісті адамдардың ойланып, аудандық газет арқылы жауап бергенін қалар едік. Өйткені, бабалардан аманат боп қалған ұлт өнері мен оның қазіргі мұрагерлеріне атүсті қарамау дұрыс деп есептеймін. Алда ауданның 90 жылдық мерекесі кең көлемде тойланады деп күтілуде. Осы аудан мерейін асырар дүбірлі тойға ақындарымыз да үлес қосар, оған шараны ұйымдастырушылар, іс басында жүргендер көңіл бөлер деген үміттеміз.

Талғат САТМАҒАМБЕТОВ, Аққыстау ауылы

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлiгiнде 2018 жылы 16 мамырда тіркеліп, №17102-г куәлік берілген.

Редакцияның мекенжайы: Исатай ауданы, Аққыстау ауылы, Егемен Қазақстан көшесі, 12-үй.

Байланыс телефондары: 8 (71 231) 2-01-68, 2-01-52, факс 2-01-68.

Электронды пошта: naryn_tany2009@mail.ru