«Айгөлек» - үздік ансамбль

Облыс көлемінде жоғары өнерімен көзге түсіп жүрген ауданымыздың «Айгөлек» вокалды-аспаптық ансамблі жаңа шығармашылық ізденіс үстінде.

Аудандағы үлкен шаралардың шырайын кіргізіп жүрген топ жақында Атырау қаласында өткен «Достар әні» атты облыстық вокалды аспаптық ансамбльдер фестиваліне қатысып «Үздік топ» атанды. Байқауда аудандардан төрт, қала бойынша алты ансамбль өнер көрсетті. Фестиваль шарты бойынша ансамбльдер патриоттық және облыс композиторлары туындыларын, сондай-ақ, ұмытыла бастаған ретро әндерді орындады. «Айгөлектің» әншілері Абзал Баташев, Әділбек Жұмашев, Дана Мажитовалар талапқа сай таңдалған әндерді жоғары деңгейде шырқап, тыңдармандарды тәнті ете алды. Нәтижесінде исатайлық ансамбль облыстағы «менмін» дегендердің арасынан «Үздік топ» деген атқа лайық деп танылды. Ал, бұрын да деңгейлі ән байқауларынан топ жарып жүрген жас әнші Дана Мажитова ансамбль сапында алғаш рет өнер көрсеткеніне қарамастан, «Үздік әнші» атанды.

Қалалық топтардың бірінде өнер көрсеткен қамысқалалық Әсет Ғажапбекұлының да «Үздік дауылпазшы» аталымымен марапатталғанын айта кетейік. - Өнер үлкен ізденісті талап етеді, егер өзіңді дәлелдегің келсе, біраз еңбектену керек, - дейді топ жетекшісі Кенжемұрат Мажитов. - Әндерді жаңа бағытта өндеу, олардың үйлесімін реттеу тобымыздың тәжірибелі мүшесі, талантты музыкант Ринат Әлиевтің мойнында. Қалған өнерпаздарымыз да өз істеріне мығым. Ендігі жоспарымыз - жақында Ақтөбе қаласында өтетін республикалық вокалды-аспаптық ансамбльдер фестивалінде бақ сынау. Ол үшін, әрине, алдымен жақсы дайындық қажет, - дейді ол.

Топ жетекшісінің айтуынша, ансамбль аудан сахнасында үлкен концерт беруді де көздеп отырған көрінеді. - «Айгөлектің» негізін қалаушылардың бірі әнші-сазгер Төребек Шәріповтің 60 жылдығына орай еске алу кешін ұйымдастыру да жоспарда бар, - дейді Кенжемұрат Мажитов. Алайда, аспаптардың ескілігі қолбайлау болып отыр екен. Әйтпесе, талайды мойындатуға қауқарлы олар. Осындайда ауданымыздың атын шығарып жүрген өнер ұжымына қолдан келгенше қамқорлық жасалуы қажет-ау деген ой да қылаң береді.

Серікбол Панабердиев

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521