шаблоны сайт визитка joomla
Скачать шаблоны Joomla 3.5 бесплатно

Арғымақ – ердің қанаты

Ұлтымыздың кәсіби, қанға сіңген, ата-бабаларымыздан келе жатқан өте тамаша дәстүрлерінің бірі – ат ұстау. Кезінде әр азамат өзінің жағдайына қарай түрлі-түрлі қасиеттері бар бір-бір ат ұстады, бірнеше жылдар бойы оны баптады, пайдаланды, өзіне үйретті. Ауыл тұсынан өтіп бара жатқан, не осында тіке келе жатқан жолаушыны көз көрімнен астындағы атының түсі, жүрісі (аяң, жорға, т.б.) арқылы танитын еді.

Ат ұстауды кәсіп еткендер жақсы айғырдан жақсы тұқым алуға ұмтылды. Олардың барлық құлыны өзіне тарта бермейді, анда-санда біреуі ұқсаса, сол құлынды әлгі азамат өзіне серік ету үшін құлын кезінен, бас үйретілген күнінен бастап өз жүйесімен «тәрбиеледі», өсірді, сақтады, жүрісін, шабысын жетілдіруге, жақсы қасиеттерін ашып, жаңа талаптарын үйретуге тырысты.

Жылқы, әсіресе, әркімнің өзінің мінгі аттары туралы осылай көп әңгімелеуге болады, тек оны бүгінгі оқырман жете түсінбеуі мүмкін, оқымауы да ғажап емес. Оларды компьютер мен интернет көбірек қызықтыратыны анық. «Заманына қарай амалы» деген бар, ол да дұрыс болар. Бірақ ата салтымыздан алшақтау, оны білмеу өз өміріңе, ұрпағыңның өміріне жасалған қиянат деуге келеді. Олай дейтінім – әлгіндей жастар күні ертең өз тарихына өзі түсінбей қалады, сөйтіп, бабалар дәстүрі бір замандарда біржола ұмытылып та қалады. Олардың сондай жағдайға жетуіне білгенімізді баяндай білмеген біз де кінәлі болмағымыз анық. Сондықтан біз ұлттық салт-дәстүріміздің әр тұсын (пұшпағын) айта да беруіміз керек, жаза да беруіміз керек деп ойлаймын.

Жә, енді қолымнан келгенінше, редакцияның сұрауына орай аймағымызда болған, өзім білетін, естіген кейбір жүйрік аттар жөнінде жазайын. Мұны «Қуан бурылдан» бастағанды жөн санаймын. Өйткені мен 6-сыныпта оқыған жылы ауылдағы Үш кран аталатын төбе баурайында өткен құнан бәйгеге біздің Орпа ауылдық кеңесіне қарасты «Правда» колхозынан (бұрын «Қорық» колхозы атанған) сол «Қуан бурылдың» қатынасқанын көргенмін. Аудан орталығында өткен бәйгелерде оның болған-болмағаны қаперімде жоқ, көрмеген сияқтымын. Алайда, студент кезімізде, Гурьевте өткен бәйгелерде оның шабысын 3-4 рет көргенім әлі есімде. Бір бәйгеде Бурылмен, Жылыойдан-ау деймін, бір жирен қасқа сөреге қатар келе жатқанында, басқа жүйріктер бәйгені аяқтаса да, атпен жүрген алқа мүшелері тек әлгі екеуін қосымша бір айналысқа жіберіп, сонда Бурылдың озып келгені бар.

Бурылдың бір ерекшелігі жарыс алдында сапқа тұрғызғанда өзге аттардай «мені жібер» деп жұлқынып, секірмейтін. Жұп-жуас, өзінің тұрқы да үлкен емес, басы салбырап, құлағы жымиып қана тұратын ұсқынсыздау еді. Сол Бурыл әр айналым сайын біраз топты артқа тастап, алдыңғы топқа жақындай түсетін, соңында жалғыз өзі бірінші болып келетін еді. Бұл - оның тағы бір ерекшелігі, білетіндер оның осы қасиетін әліге дейін айтады, осылай бағалайды.

Оның «Қуан бурыл» аталуы себебі, жоғарыда айтылған «Правда» колхозының төрағасы Қасымов Қуан деген азамат жүйрікті бәйгеге де өзі баптайтын. Бурыл ат жасы жеткен шағында Гурьевтегі соңғы бәйгеде екінші болып келді.

Бурыл қосылған бәйгелерде «Қызыл Қазақстан» колхозынан «Соқыр қара» дейтін жүйрік көбіне бірге шауып жүрді. Ол өте ұшқыр, үнемі алдыңғы топта болады. Бірақ бір кемшілігі – көрермендерге жақындағанда сыңар езулеп, үстіндегі балаға бағынбай халыққа, топқа қарай бұрылуға тырысады. Жұрт онысын бір жақ көзінің көтермейтіндігінен деп санайтын.

Сол жылдары танымал болған аттардың бірі – «Арғымақ көк бие». Оны Орпа ауылдық кеңесінің төрағасы Қазиханов Қайырсапа мініп жүрді, бәйгеге қосыл-ғанын көргенім жоқ. Ал, мініс малы ретіндегі қасиеттері ерекше еді. Ол қандай ұзақ жол болса да, мысалы, Қамысқаладан Орпаға келгенше, шамасы 60-70 шақырымдай жер ғой, үнемі ауыздығымен алысып, «жібер» деумен болатын. Жол бойы басын босатпағасын арасында қарғып алып, қырындап жұлқынумен болады. Қаңтарып, қазыққа байлаулы тұрғанының өзінде де өзге аттардай дұрыс суымайды, әсіресе, үйден шыққан кісіні көрсе соған ыдырынып, қазықты айналып, жолға шыққанынша асығып, тықыршып тұрады. Ал иесі аттанарда, қасында тұрған кісілер байқам болмаса, үзеңгіге иесінің аяғы тигеннен-ақ шаба жөнеледі. Үстіндегі кісі орнығып алғасын ғана басын тартады, соның өзінде басқа аттардан оқ бойы ілгері кетіп қалады. Басқа аттың күндік жолын ол жарты күнде-ақ жүреді, онымен жай жүру мүмкін емес еді.

Біздің үйде де Ақамның (әкем Ризуанды солай атайтынбыз) Сары айғыры болды. Оғаш мінезі жоқ, тәртіпті, үйіріне мықты. жаз-ғытұрым түп-түгелдей өзі құдыққа айдап келеді. Әрі келісті, сұлу жылқы еді. Новобогатта өтетін бәйгелерде озып келіп жүрді. Бәйге бас-талғаннан-ақ ең алдында, құйрығын шұбалтып, басын үнемі жоғары ұстап, құлағын қайшылап, өте сәнді шабатын еді. Жұрт «Ризуан сары» атап кеткен сол жүйрікке бойлай да Қоңқашев Әбудің баласы Қазимды шаптырады Ақам. Басқа біреу шаба қалса, бәйге ала алмайды.

Қатты қыстарда, боранда колхоз басшылары үнемі ат үстінде, малшы ауылдарды аралаумен жүретін. Колхоздың берген аттары кейде көп жүріске жарамайтындықтан Ақам өзінің Сары айғырын мініп кетеді. Шағылды жердің кейбір сайлары түгел қарға толып, ал беткі қатты қабаты ақсақ ойылып тұратын кездерде мініс аттарына үлкен сын, бауыры қарға тиіп, аяқтарын шығара алмай қалады. Ал Сары айғыр болса, осындайда қарғып-қарғып алып, әйтеуір баратын жерге жеткізетін өте қайратты мал. Көзсіз боранда, қараңғы түнде басын бос жіберсең, қайдан болса да үйді тауып келетін қасиеті тағы бар.

Сол жылдары құм Нарында бірнеше Сары айғырлар болды (Хасан сары, Жауынбай сары, Әбуәлі қартта да бір сары болған сияқты). Олардың ішіндегі ең жасы және бәйгеге қосылатын жүйрігі бізің Сары болды.

Ақамның колхоздан мініске алған аттары да болды. Олардан есімде қалғандары: Әмір Торы (Әмір – ақын Күзембайдың әкесі ғой) - сүйегі ірі әрі биік, үзеңгі кеудесінің ортасына ғана жетеді, өте аяңшыл, өзі қайратты, жуас мал. Ал Торы жорға дейтіні керсінше сүйегі кішкене ғана, домаланғандай боп жорғаға түскенде оған басқа атпен шауып жете алмайсын. Бәйге алып жүрген жорғаның ізі қос-қостан жұптанып түседі, өте қатты жорғаларды «ізін асыратын жорға» деп атайды. Бірақ соңғысы сирек кездеседі. Біз айтып отырған Торы жорға сол сирек кездесетіндердің бірі еді. Ақам мінген үшінші ат – Отар көк. Ол бұрын «Қызыл Қазақстан» колхозының жылқышысы болған Отардың меншігіндегі ат екен. Бұл Көк айғыр да бәйге аты. Ақам Сары айғыр екеуін қатар жаратады, терін алады. Бұл да Бурыл сияқты асықпайтын еді, жайлап бастап, шапқан сайын шабысы үдей түсетін. Оған кейде мен шабатынмын, себебі «Сары айғырдың басы саған күш бермейді» дейтін әкеміз.

Шүкір, бүгінде Атырауда ат ұстайтын азаматтар көбейіп келеді. Олардың ішіндегі ең ірілері, яғни жалпы жылқы өсірумен айналысатындар - Төкен Танаұлы Жұмағұлов пен Өнербек Жанбала деп білемін. Қорыта айт-қанда, аудандық газет редакциясының тап осындай дәстүрлік тақырыпты қолға алуға қадам жасап отырғаны, әрине, қуанарлық жайт. Оның жалғасын табатындығына сенемін.

Қатимолла РИЗУАНОВ, Атырау облысының және Индер, Исатай, Махамбет аудандарының «Құрметті азаматы», «Құрмет», «Азамат» ордендерінің иегері, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлiгiнде 2018 жылы 16 мамырда тіркеліп, №17102-г куәлік берілген.

Редакцияның мекенжайы: Исатай ауданы, Аққыстау ауылы, Егемен Қазақстан көшесі, 12-үй.

Байланыс телефондары: 8 (71 231) 2-01-68, 2-01-52, факс 2-01-68.

Электронды пошта: naryn_tany2009@mail.ru