шаблоны сайт визитка joomla
Скачать шаблоны Joomla 3.5 бесплатно

Аты белгісіз ауру қайдан келгені де беймәлім

Былтырдан бері құм өңірін жайлап, мал баққан қалың жұртшылық бағымындағы жылқы, сиыр түліктерінің ара-кідік зады түсініксіз аурумен ауырып немесе уланып, шығынға ұшырағанын естіп-біліп жүрміз.

Аталған кеселдің биыл да күн ыси келе қайта қылаң беруіне байланысты өткен аптада облыс әкімінің ауылшаруашылығы саласына жауапты орынбасары Әлібек Нәутиев бастаған облыстық топ ауданымызға арнайы сапарлап келіп, аудан әкімі Марат Мурзиев және аудан мамандарынан құралған топ құм өңірін аралап, аталған мәселе бойынша халықпен жүздескен болатын.

АТЫ БЕЛГІСІЗ АУРУ

Әуелі Насихан қосының «Алтын төбе» деп аталатын белінде Сәбит Қуанышқалиев атты шаруаның шаңырағында болған жиылыста облыс әкімінің орынбасары арнайы жиналған көпшіліктен төніп тұрған ауру туралы айтып беруді өтінді. Олардың айтуынша, Нарын құмының жиегі мен төрін мекендеген 10-15 жыл ішінде бірде-бір рет кездеспеген мынадай жағдай былтырдан бері бас көтеріп, бірнеше бас мал шығынға ұшырапты. Ал, аурудың симптомдары қандай деген сауалға «Ауырған мал алғашында танауы ісіп, дем жетпегендей селкілдейді, артынша мұрнынан қан ағады. Кей жағдайда сирақ тамырларынан да қан кетеді» - деді. Бұл мәселеге байланысты аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Исламғали Мардашев былай деп түсінік берді: 2017 жылдан басталған бұл жағдай малға төнген індет пе, әлде улану фактісі ме деген мәселемен былтырдан бері республикалық деңгейдегі құзыретті органдар құм өңірінен 6-7 рет сынама алды. Сынама тек құдықтан ғана емес, топырақтан да, шөптен де, тіпті радиация қауіптілігіне арналып ауадан да алынды. Зерттеу жұмыстары жан-жақты, әрі толыққанды болуы үшін өлген малдан да қан алынып, Астана қаласындағы арнайыландырылған зертханаға жіберілді. Алайда, жан-жақты жүргізілген жұмыстарға қарамастан, барлық сынамалар қалыпты деңгейден асқан жоқ. Сан-саққа жүгіртілген кейбір әңгімелерге сәйкес радиация әсерінен болуы мүмкін деген долбар да ресми түрде жоққа шығарылды. Тек, зерттеу жүргізген республикалық комиссия малдың улану себебі судан болуы мүмкін деген шешімге келді. Яғни, бірнеше жылдар бойы орын ауыстырмай ескі қонысты жайлап отырған шаруалардың ескі құдықтарында су сарқылуға айналған. Сонымен бірге оған соңғы жылдардағы қуаңшылық пен жауын-шашынның аздығын, қардың тым жұқалығын да қосыңыз. Сол себепті суда аммиак, нитраттар шамадан тыс көбейіп тұр. Ал ол зиянды элементтер өз кезегінде өте ащы тұзға айналып, бірінші кезекте жылқы, сосын сиырдағы оттегі алмасу үдерісін тұншықтырып тастайды. Сондықтан орын ауыстырып, басқа аумаққа көшкен дұрыс, - деді. Өз кезегінде облыстық аумақтық ветеринарлық бақылау инспекциясының басшысы Ғалымбек Бисенғалиев те көкейге қонатын бірнеше фактілер келтірді. Атап айтқанда:

- Жыл сайын ескі құдықтардағы су ашып бара жатыр. Сол себепті күннің ысуымен бірге қазіргі кезде малдың ағзасында интоксикация үдерісі орын алуда. Яғни, мал бүгінде күннің ысуына сәйкес суды көп ішіп тұр. Осыған байланысты ауруға ұшырауда. Қыста мал суды аз ішетіндіктен, оның үстіне күннің суық болуы себепті ағзадағы тұздың тепе-теңдігі қалыпты деңгейде сақталады. Ал, жазда керісінше. Сол себепті қоныс ауыстыру туралы уәжге толықтай қосыламын және қолдаймын, - деген ойын білдірді.

МАЛ ДӘРІГЕРЛЕРІ ЖЕТІСПЕЙДІ

Жалпы, мәслихат барысында көптеген ойлар ортаға салынды. Малға қараған шаруалар, оның ішінде Мүсілім Нұреденов, Бақтығали Ерғалиевтер ұзақ уақыттан бері мал ұстап отырған кәнігі шаруагерлер ретінде біраз ойдың шетін ашты. Айтуларынша, былтырдан бері бас көтерген бұл аурудың салдарынан мал басы азайып кеткен шаруашылықтар да бар көрінеді. Аумақты қамтиды деген екі ветеринарлық дәрігер берісі Насихан, әрісі Мыңтөбе, Үштаған, Айбас жеріндегі барлық малдан қан алып, екпе салуға қауқарсыз екен. Бір кездері кальциглюконат ерітіндісімен емдеуге рұқсат берген мамандар уақыт өте келе өз бетінше ем-шара жүргізуге де тыйым салыпты. Сол себепті тезірек өлкеге төнген мал ауруының себебін анықтап берсе екен деген тілекпен бірге қосымша мал дәрігері мамандарын бөлуді де өтініш қылды.

БИЛІКТЕН ҚОЛДАУ БАР

Барлық тараптың уәждері мен болжамдарын, себептері мен салдарларын тыңдаған облыс әкімінің орынбасары қожалық жетекшілеріне сала мамандары ұсынған ұсыныстармен қатар бірнеше кеңестер беріп, көмек қолын созуға дайын екенін жеткізді. Атап айтқанда, былтырғы сынама жұмыстары биыл да кең көлемде жалғасын табады. Ауру немесе улану себебін қайткен күнде де табуға барлық күш-жігер жұмсалады. Сынама алу жұмыстары биыл тек мал ауырған аумақта емес, басқа жерлерде де жүргізіледі. Болжалды радиусы шамамен 80-100 км болатын аумақта зерттеу жұмыстары жүргізілсе, аумақ бедеріндегі су, ауа, топырақ, шөптегі улаушы заттар анықталатын болады. Сол арқылы көшіп, орын ауыстырам деушілер үшін таза жерлерді айқындауға, жайылым ретін бағыттап беруге мүмкіндік туады. Не де болса қолдағы мал басын аман сақтап қалу үшін жуық арада шаруалардың өздерінен ұсыныстар күтетінін жеткізді. Мұнан соң құм өңірінің Мыңтөбе, Үшқызыл, Айбас алды Тәжікенқұдық мекендерінде де осындай мәслихаттар ұйымдастырылды. Ол жерлерде де шаруалармен ақпарат алмасумен қатар сақтандыру шаралары қолға алынып, біраз кеңестер берілді. Сонымен бірге Насихан жайлауында айтылған орын ауыстыру мәселесі кеңінен қозғалды. Барлығы 250 км шақырымдай аумақта орын тепкен жайылым орындарында шамамен бас-аяғы 100-ден астам шаруагерлер қамтылды. Жергілікті атқарушы органдардан көмек сұраған ата кәсіпті талғажу еткен ағайынның жағдайын көзімізбен көріп, жанайқайын тыңдап қайттық.

- Ендігі кезек шаруалардың өз таңдауына байланысты. Егер әзірге ауру себебі анықталғанша қоныс ауыстыруға келіссе, оларға созылар көмек қолы әзір. Тек жоқтан өзгені сылтау қылып елішілік байбалам салудың қажеті жоқ. Барлық іс кезең-кезеңімен өз шешімін табады, - бұл мәселені нықтап тапсырған аудан әкімі осылай деді. Бет қаттатып жатқанда орын алған осы мәселеге орай Астанадан арнайы өкілдердің келіп жеткені белгілі болды. «Ұлттық ветеринариялық референттік орталығы» және «Қазақ ғылыми зерттеу ветеринариялық институты» мекемелерінен сақадай сайланып арнайы келген білікті мамандар тиісті шаралар жүргізіп, шыққан аурудың себептерін толықтай анықтайды деген сенімдеміз.

Аслан МҰРАТҰЛЫ

Суреттерді түсірген Әбілмажан ШАРАПИДЕНОВ

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлiгiнде 2018 жылы 16 мамырда тіркеліп, №17102-г куәлік берілген.

Редакцияның мекенжайы: Исатай ауданы, Аққыстау ауылы, Егемен Қазақстан көшесі, 12-үй.

Байланыс телефондары: 8 (71 231) 2-01-68, 2-01-52, факс 2-01-68.

Электронды пошта: naryn_tany2009@mail.ru