Бар пәле – тілден

Ертеде бір данышпанның үш ұлы, бір қызы болыпты.

Олар ақылды болып өседі. Айдан-ай, жылдан-жыл өтеді, әкелері әбден қартаяды, күндердің бір күнінде шал ұйықтай алмай, дөңбекши беріпті.

Мұны сезген кемпірі мен қызы:

-  Сізге не болды, бір жеріңіз ауырып жүр ме, жоқ, алыс жүрген балаларыңызды сағынып жүрсіз бе? –дейді.

-  Иә, сағындым. Оның үстіне бір арманым ішімде кетіп барады.

Сонда қызы әкесінің алдына келіп:

- Арманыңызды айтыңыз, мүмкін, көмегіміз тиіп қалар, -дейді. Шал айтады:

- Ешқандай құпия жоқ. Менің үш ұлымның үшеуі де ақылды. Сонда да біреуінің ақылы артығырақ болуға тиісті. Соны білу - менің арманым.

- Ой, әке, осыған да қиналасыз ба? Қыдырып барып, балаларыңызды сынап келіңіз, -деген қызы мен кемпірі жол қамын жасауға кіріседі. Азығын, сусынын дайындап, атын ерттеп беріп, жолға салып жібереді.

Аз жүре ме, көп жүре ме, кім білсін, шал бір күні үлкен ұлына жетеді. Баласы зор құрметпен қарсы алып, қолынан келгенінше сыйлайды. Әкесі екі-үш күн жатып мауқын басып, төртінші күні қайтпақшы болады. Баласы тағы да қой алдырып сойғызады. Тамақ піседі, етті қазаннан түсіріп қойып, нанын салып жатқанда шал баласына:

- Қарағым, ана етіңнің жақсы жерінен бір кесіп берші, - дейді. Ұлы жақсы жері дәуде болса санның еті шығар деп сан етінен кесіп береді. Шал аздап ауыз тиіп, қойып қояды да:

- Балам, енді жаман жерінен бір кесіп берші, -дейді. Ұлы «Еттің жаман жері бола ма?» деп ойланып тұрып, тіс өтпейтін сіңірден бір кесіп береді. Шал сіңірден аздап ауыз тиеді. Артынша, тамақ келеді. Тамағын жеп сыйына риза болып, ел-жұртпен, баласымен қоштасқан шал кері қайтады.

Данышпан жолын жалғай отырып, екінші ұлына келеді. Екінші ұлы да зор құрметпен қарсы алып, сыйлайды. Әкесі қайтар күні бірінші ұлына қойған сауалын қояды. Екінші ұлы да бірінші ұлының істегенін қайталайды. Ол да екінші ұлына да риза болып қайтады. Шал енді үшінші ұлына келеді.

Үшінші ұлы да зор құрметпен қарсы алып, сыйлайды.

Қайтар күні екі ұлына қойған сауалын кіші ұлына да қояды. Мұнда бір сыр бар шығар деп ойлаған ол бастың тілінен кесіп береді.

- Балам, енді жаман жерінен бір кесіп берші, -депті әкесі. Баласы тілден тағы кесіп береді.

- Балам, мұның қалай, жақсы жерінен десем де, жаман жерінен десем де, тілден кесіп бердің, - дейді. Сонда баласы: - Ой, әкей, сіздің сынап отырғаныңызды біліп отырмын. Жақсы да, жаман да, ұрыс та, керіс те, өсек те, бәрі де осы тілден шығады. «Екі елі ауызға, төрт елі қақпақ» дегендей, әр адам өз тіліне сақ болса, ешуақытта ұрыс-керіс болмас еді. Басқа пәле – тілден, - деген екен.

Қарт үшінші ұлының ақылдылығына риза болып қайтыпты.

Жинақтаған Мұстажап АЯШҰЛЫ,

зейнеткер,

Жанбай ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521