Барлық қиыншылықтар уақытша

Күннің аптап ыстығынан соңғы кездері коммуналдық қызметтердің сыр беріп, тіпті істен шығып, тұтынушыларға күнделікті ұсынатын қызмет түрлерінің шектеліп жатқанын көріп-біліп жүрміз.

Атап айтқанда, қырық күндік шілденің шіліңгір ыстығы басталғалы бері ауыз су мен электр жарығы уақытпен беріліп, тоқтап, жұмысы ақсап, шектік тәсілге көшті. Алайда, бұл ауылдағы осынау ыстықта жанын қорға жер таппай отырған халыққа қиын тиіп отырғаны аян. Оның үстіне, ауласындағы азды-көпті егістігі мен қолдарындағы малы да кейбір өзектерде су таусылғалы қолға қарап қалды.

Қоғамда болып жатқан осы бір коммуналдық мәселелерді маман тілінде түсіндіру, ел ішінде болып жататын келеңсіз пікірлерге тоқтау салу бағытында өткен аптада жанбайлықтармен мәслихат өткізілген болатын.

Жиынға аудан әкімі М.Мурзиевпен бірге бөлімдер мен сала басшылары, аудандық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша «Қамысқала су арнасы» ЖШС директоры Жұмақұл Жаңбырбаев, «Атырау Жарық» АҚ Исатай аудандық электр жүйелері мекемесі бастығының міндетін уақытша атқарушы Сабыржан Жұмалиев, «Қазсушар» РМК Атырау облысы филиалы директорының міндетін атқарушы Владимир Родин халық алдына шығып, аудан, облыс жұртшылығына қиын тиіп отырған коммуналдық мәселелер жөнінде түсініктер берді.

Атап айтқанда, бүгінгі күні аудан бойынша су уақытпен 3 мезгіл беріліп жатыр. Ж.Жаңбырбаевтың пікірінше, «Астрахан-Маңғышлақ» су құбырында қысым азайған. Сол себепті «Қамысқала» ЖШС қызмет көрсететін Аққыстау, Зинеден, Жанбай, Тұщықұдық, Өркен, Томан ауылдарында лимиттік тәсіл бойынша тәулігіне 130 текше метр- ге дейін су беріліп отыр. Бұл тәсілді су тасымалдаумен айналысатын «Қаз Транс Ойл» АҚ-да қолдап отыр екен. Өйткені, Қиғаш өзенінен алынатын су құбырының пәрмені одан зорды көтере алмайды.

Бұл мәселе бойынша ойын білдірген ауыл тұрғыны С.Мұханбеджанов:

- Бүгінгі күні су құбырында қысым аз. Уақытпен берілетін болғандықтан қажеттілігімізді толық өтей алмайды. Мопополистік компанияларға мұқтаждықтан арылу үшін Қиғаш өзеніне толықтай тәуелді болмай, Жайық өзенінен келетін каналдарды аршып, содан су ішетін мүмкіндіктерді қарастыру керек. Өйткені, бүгіндері су бармаған каналдар да, өзектер де шіріп жатыр. Ертеңгі күндері мал, малмен бірге болашақта жан да ауруға ұшырайды. Қазіргі кезде су келіп тұрған құбырлар да лас, сап-сары бірдеңе ағады. Су болмағасын ауылда ағаш, гүл, өсімдіктер егілмейді. Экология нашарлап барады. Жер қуаң тартқан, терек біткен қурап жатыр. Жылдан-жылға көбейіп келе жатқан халық санын ескеріп, сумен қамтамасыз ету үшін жұмыстар жан-жақты жүргізілсе етті, - деді.

Бұл сауалға жауап берген аудан әкімі М.Мурзиев:

– Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, кісі басына күнделікті тұтынуы үшін шамамен 35-45 литр су жеткілікті екен. Ал, бүгінгі беріліп отырған лимит Жанбай ауылы бойынша айға 4038 текшені құрап отыр. Соның 700 текше метрі мемлекеттік мекемелерге болса, қалғаны жеке секторларға тиесілі. Соны халық санына бөлгенде, тәулік бойынша денсаулық ұйымы келтірген дерекпен теңеседі екенбіз. Демек, бізде бүгінгі күні ушығып тұрған мәселе жоқтың қасы, - деді.

Сайып келгенде, бұл уақытша қиыншылықтар күн райының қатты ыстығына байланыс- ты. Шілденің шіліңгір аптабы қайтқасын, жағдай реттеледі. Су бұрынғыша ретпен беріле бастайды. Соған толықтай түсіністікпен қарап, жағдай реттелгенше шыдауға шақырды.

- Ал, каналдарға келсек, осыған дейін республика бойынша барлық өзектер мен каналдар республикалық меншікте болып келді. Былтырдан бастап бұл жұмыстар жанданып, тиісті шаралар қабылданып, бүгінгі күні аудан көлемінде орналасқан каналдарды жергілікті меншікке алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өкінішке орай, барлығының да құжаттары болмағандықтан, мәселе бюрократтық тәртіпке сай кешеуілдеуде. Алайда, қазіргі уақытта, аудандық әкімдік құжаттарды қайта қалпына келтіру ісімен шұғылдануда. Мәселе біржақты болғасын, облыстық бюджеттен қаражат сұратылып, каналдарды тазарту, оларды қайта қалпына келтіру, табандарын аршу, тереңдету жұмыстарын жүргіземіз, - деді аудан басшысы.

Осы ретте айта кетсек, көршілес Махамбет ауданында қазіргі кезде 2 канал аршылып жатыр екен.

Аудан әкімінің сөзін қуаттаған «Қазсушар» мекемесінің өкілі В.Родин: - Өздеріңіз көріп отырғандай, қазіргі кезде көп каналдар бітеліп жатыр. Ішінде мал толып жүр. Тіпті, алдағы жылдары тиісті қаражат бөлініп, бұл каналдар тазаланған күннің өзінде де, оларда су әрдайым болуы үшін тәулігіне 24 сағат бойы су айдалуы тиіс. Сонда ғана канал ішінде тіршілік белгісі сақталады. Өйтпеген күнде, қатты ыстықтың салдарынан, берілетін су 40-50 пайызға буланып кетеді. Тіпті, аптап ыстықтарда бұл көрсеткіш 80 пайызға дейін көтеріледі, - деді.

«Атырау Жарық» АҚ аудандық электр жүйелері мекемесінен келген С.Жұмалиев электр жарығының неліктен жиі сөндіріліп тұрғанына түсінік берді. Оның айтуынша, қатты ыстықтың салдарынан бүкіл Атырау облысы бойынша электр қуатына деген сұраныс қалыпты 260 мегаваттан асып, 300-ге жетіпті. Облыстағы ірі өндіріс орындарының да сұранысы артып, жеке секторларда да ауа баптағыштар қосылуына байланысты ортақ сұранысты ұсыныс деңгейі қанағаттандыра алмай отыр. Сондықтан, әзірге сумен бірге электр қуатының да берілу мүмкіндігі шектеледі. Ыстық қайтқасын барлығы реттелетінін жеткізді.

Одан әрі мінбеге көтерілген аудандық ветеринария бөлімінің басшысы И.Мардашев аудан бойынша мал басына зауал болып тиіп тұрған ауру түрлеріне тоқталды. Атап айтқанда, газетіміздің өткен санында жазғанымыздай, жылқы малынан шығып жатқан ауруға қатысты түсініктер берген мал маманына сауал қоюшылар да болды. Мәселен, Нарын ауылынан келген С.Қапизов ауырып өлген бір бас жылқысына байланысты зертханалық жұмыстар жүргізуді сұраса, жанбайлық С.Әбілқайыр ауылдағы жедел-жәрдем қызметін сынады. Өйткені, бас ауырып, балтыр сыздай қалса шақыратын бұл қызмет уақытылы ем-шара жүргізе алмайды екен. Бар уәждері – бөлінген автокөлік жүрмейді. Дөңгелегі жарық немесе көлік істен шыққан. Қажетті бөлшектері орталықтан келмей жатыр. Осы ретте жиналысқа қатысушы халық тарапынан аудандық мәслихат депутатын танымаймыз, неліктен сайлаушылармен кездесулер өткізбейді деген талаптар да қойылды.

Аудан әкімі барлық мәселелер бойынша тиісті салаларға сұраныстар жіберіп, алдағы уақытта оңтайлы шешімдер қабылдаймыз деген жауабын берді.

Аслан Мұратұлы

Суреттерді түсірген Әбілмажан ШАРАПИДЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521