шаблоны сайт визитка joomla
Скачать шаблоны Joomla 3.5 бесплатно

Бітпеген іске қаржы аударамын деп істі болған

Күнделікті өмірде бюджеттің қаржысын талан-таражға салғаны немесе пара алғаны үшін, болмаса, басқа да жолмен сыбайлас жемқорлыққа жол бергені үшін заң алдында жауап беріп, абақтыға тоғытылып жатқандар туралы жиі еститін болдық.

Жалпы, бұқара болып күресіп жатқан бұл індеттен қалай құтылуға болады, көлеңкелі экономика үрдістерін қалай тыямыз, онымен күресуде не қажет, қандай жетістіктерге қол жеткіздік деген сауалдарға жауап беру және аудан аумағында орналасқан барлық мекеме-кәсіпорын қызметкерлерін сыбайлас жемқорлықтан сақтандырудың жолдарын түсіндіру үшін өткен аптада 9 желтоқсан - халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні «Жалын» мәдениет үйінде кең көлемде аталып өтті. Аудан әкімі аппаратының басшысы Д.Ғұмаров жиынға қатысушыларға баяндама жасап, ауданда бұл бағыттар бойынша атқарылып жатқан іргелі істерге тоқталды. Атап айтқанда, ағымдағы жылдың басынан бері аудан әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі комиссия 3 рет өткізіліп, 8 мәселе қаралған екен. Қоғамды жайлаған бұл індетке қарсы мәдениет қалыптастыру мақсатында 256 әртүрлі бағыттағы іс-шаралар да өткізіліпті. Еңбек ұжымдарына 6 мыңнан астам жадынама да таратылған. Мобильді топ 31 рет мекеме-кәсіпорындарды аралап, 700-ден астам адамды қабылдапты. Жемқорлықты мектеп жасынан бастап түсіндіру мақсатында мектептерде «Адал ұрпақ» атты оқушылардың ерікті тобы құрылып, өз жұмысын жалғастыруда.

Барлық ауылдық округтер көшелерінде «Назарсыз қалдырма, жемқорлықтың тізбегін үз» және «Параға емес, биікке ұмтыл» тақырыбында баннерлер ілінген. Аудан аумағында атқарылған осындай ілгері істерге шолу жасаған Д.Ғұмаров көпшілікті сақтандыру мақсатында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының (сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Атырау облысы бо-йынша департаменті тергеу бөлімшесінің өндірісіндегі облыстағы бір аудандағы құрылыс бөлімінің лауазымды тұлғаларына қатысты заң бұзушылық фактілерін де тілге тиек етті.

Атап айтқанда, 2017 жылы мемлекеттік сатып алу порталы арқылы аудандық құрылыс бөлімі аудан аумағындағы 6 нысанның құрылысына жобалық-сметалық құжаттама жасау үшін сатып алу жұмыстарын өткізген. 24 миллион теңге сомасына мемлекеттік сатып алудың жеңімпазы болып облысқа танымал жобалаушы фирма танылады. Келісім-шарттың техникалық сипаттамасына сәйкес дайын құжатты 2-4 ай аралығында тапсырыс берушіге аталған ЖШС табыстауы тиіс болатын.

Алайда, құжат бөлімге уақытылы жеткізілмейді. Соған қарамастан қаржы толықтай құжат жасаушы фирманың есепшотына аударылады. Тергеу мәліметіне сәйкес бөлімнің қызметкері мәселе көтеріп, сот органдарына жүгіну туралы уәж айтқанда, аудандағы лауазымды тұлға бюджеттен бөлінген қаржыны игеру мақсатында осындай қадамға барып отырғанын айтып, мәселені ушықтырмауды талап еткен.

Осылайша, атқарылмаған іске қаржы аудару арқылы бюджет талан-таражға түскен. Тергеу барысында кінәлі тұлғалардың ісі толықтай дәлелденіп, лауазымды тұлға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 366-бабы 3-бөлігінің 1,2-тармағымен айыпталып, 2018 жылдың 10 мамыр күні сотталған. Өзге ауданда орын алып, аяғы өкінішпен біткен осындай келеңсіз жайтты баяндаған Д.Ғұмаров аудандағы мемлекеттік қызметшілер мен лауазымды тұлғаларды сыбайлас жемқорлықтан сақтануға шақырды.

Шара соңында сыбайлас жемқорлыққа қарсы алынып жатқан шараларды дәріптеуде, бұл індетке қарсы мәдениетті қалыптастыруда ағымдағы жыл ішінде нәтижелі жұмыстар атқарып, белсенділік танытқан Қамысқала ауылдық округі әкімі аппараты, Ш.Шәріпов атындағы балалар саз мектебі және аудандық экономика және қаржы бөлімінің сектор меңгерушісі Е.Махашов аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

Аслан МҰРАТҰЛЫ

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлiгiнде 2018 жылы 16 мамырда тіркеліп, №17102-г куәлік берілген.

Редакцияның мекенжайы: Исатай ауданы, Аққыстау ауылы, Егемен Қазақстан көшесі, 12-үй.

Байланыс телефондары: 8 (71 231) 2-01-68, 2-01-52, факс 2-01-68.

Электронды пошта: naryn_tany2009@mail.ru