Болашақтың баламалы қуат көзі Исатайда салынып жатыр

Кез келген мемлекеттің күш-қуатының басты көрсеткішінің бірі саналатын энергетика ел экономикасының базалық саласы.

Оны экономиканың күретамыры, тірегі деуге әбден болады. Жалпы, келешекте энергияны өндіру мен қамтамасыз ету кезінде адамзат алдынан қандай жаһандық түйткілдер шығады? Күннен-күнге қанат жайып, ірі өндіріс орындары көптеп ашылып жатқан елімізді энергиямен қамтамасыз ету үшін бізге нақты не керек? Былтыр күллі әлемге жар салып, төрткүл дүниенің төрт бұрышынан миллиондаған көрермен шақырып өткізген «EXPO-2017» көрмесі бізге не берді?

Аталмыш көрменің басты ұстанымы болашақта өндірілетін қуат көзі күннен, желден, судан, бір сөзбен айтқанда, табиғат өзі берген баламалы күштерден алынуы тиіс делінген еді. Осы орайда ауданымыздағы Манаш елді-мекеніндегі жел генераторларының құрылысы бүгінде аяқталды. Қазіргі уақытта сынау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы саны 36 қуат қондырғысынан тұратын алып кешен толықтай іске қосылғаннан кейін 52 мегаватт қуат береді деп күтілуде.

Қазақстан Республикасы Экономика министрлігінің энергетикалық және атомдық қадағалау комитетінің хабарлауынша, бұл уақытылы, нағыз қажет кезде салынып жатқан жоба көрінеді. Атырау облысының жалпы энергиялық қажеттілігі бүгінде Маңғыстау энергия комбинатынан 50, Батыс Қазақстан облысынан 30 және Атырау жылу электр стансысынан 250 мегаватт болғанымен, қуат көзіне деген қажеттілік жылдан-жылға артып келеді екен. Мәселен, бүгінде жеке сектор мен басқа кәсіпкерлік нысандарын, мемлекеттік мекемелерді айтпағанда, Каспий құбыр консорциумы 20-25, Атырау мұнай өңдеу зауыты 50 мегаватт тұтынады екен. Алайда, қайта жаңғырту жұмыстары толық біткесін олардың қажеттілігі еселеп арта түсетін болады. Осындай қажеттіліктің орны Манаштағы кешен өндіретін қуат көзімен толығады деген сенім бар.

Аслан МҰРАТҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521