Ептілікке баулыған ерекшелік

Қазақтың ұлттық ойындарының терең тәрбиелік, әскери-спорттық, салт-дәстүрлік және көркем-эстетикалық сипаты бар.

Олар дене шынықтыру, жастардың ақыл-ой қабілетін арттыру сияқты міндеттер де атқарған. Ал әз Наурызда ойналатын мұндай ойындарды қазақ «Наурызнама» деп атаған екен.

Кейбір деректерге қарағанда, бұрындары екi аптаға дейiн созылатын Наурыз тойында «Көкпар», «Арқан тартыс», «Аударыспақ», «Жамбы ату», «Теңге ілу», «Қыз қуу» сияқты ұлттық ойындар ойналатын болған екен. Жастар жағы айлы түндi әсем саз бен әдемі әуенге бөлей «Алтыбақан» тепкен. Ал «Көкпарда» ат пен жігіт сынға түскен. «Аударыспақ» – салт аттылардың бірін-бірі ер үстінен аударып алу сайысы. Бұл ойынға қайрат-күші мол, батыл да төзімді, шапшаң қимылдап, ат құлағында ойнай білетін жігіттер ғана қатысып келген. Ежелгі заманнан келе жатқан бұл ойын жас жігіттердің, бозбалалардың бойында жаугершілік кезінде найза ұстап, қылыш шабатын жауынгерге қажетті қасиеттерді қалыптастырған. «Жамбы ату», «Теңге алу» ойындары да мергендікке баулып, ептілікке үйреткеніне сөз жоқ. Өзіміз көріп-біліп жүрген «Арқан тартыстың» тәртібі бәрімізге белгілі.

Бір тегіс келетін, жұмсақ топырақты жазық жерде өткізілетін «Қыз қуу» ойыны да Наурыз мейрамының қызығын көбейтер ойын болған. Ойын ережесі бойынша, мәренің қашықтығы 300 метрдей, ені 30-40 метрдей жер алуы шарт болулы. Ойын өтетін алаңнан қарама-қарсы жағында, бұрылыста жалауша қадалған бақылау пункті орналасады. Қыз бен жігіттен екі-екіден жұптар жасақталады. Сөреде қыз жігіттен 15 метрдей алда тұрады. Төрешінің белгісі бойынша ойыншылар бір мезетте шаба жөнеледі. Ойынның шарты бойынша қыз бұрылысқа бірінші болып жетуі керек. Егер жігіт бұрылысқа дейін қызды қуып жетсе, жеңімпаз ретінде қызды құшақтап, сүюге міндетті. Ал жігіт оған үлгермей қалса, бұрылыстан қайта оралғанда қыз көрермендердің қостауы үстінде шабандоз жігітті қамшының астына алатын. Бұл ойын да байқаған адамға тапқырлықты, сынаптай сырғыған ептілікті, шабандоздық шеберлікті танытады.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521