Әйел біреудің басыбайлы меншігі емес, ол Отанның да, отбасының да тұтқасы

Гендерлік саясат – өмір құндылықтарының барлық саласында еркек пен әйел арасында теңдік орнатуға бағытталған мемлекеттік және қоғамдық іс-әрекеттер.

Қазіргі заманда әйелге деген көзқарас өзгерді. Ол бұрыңғыдай тек «шаңырақтың сақтаушысы», «отбасының ұйытқысы», «бала күтуші» ғана емес, ол бүгін қоғамның барлық саласында белсенді еңбек етіп, кәсіпкерлікке де, әскери іске де, ғылымға да араласып жүр. Олар билік басында да отыр, яғни әйелдер қысымшылық көруде деуге негіз жоқ.

«Байтал шауып бәйге алмас», «Әйел басқарған ел озбас» деген мақалдарды алдыға тартып, гендерлік теңдіктің маңызын әлсіреткісі келеді. Әйелді ер-азаматтардан төмен көретін осындай кері пікірлер біздің қоғамда әлі де бар. Әйелді тек басыбайлы меншігі деп түсінетіндердің ойы да қысқа. Олар әйелді тұлға, ақылшы, қайраткер деп есептегеннен гөрі, ұл мен қызды дүниеге әкелуші, үй тірлігін үйлестіруші деп санауға бейім. Ал, шындығында, қыз-келіншектердің қоғамдағы орны бірді-екілі кертартпа азаматтың ойымен өлшенбейді. Қазақстандық әйелдер қазір отбасы, ошақ қасындағы күйбеңнің шеңберінде шектеліп қалмайды. Отбасы мен қызметін қатар алып жүретін қыз-келіншектер өздерінің ерлерден бірде кем түспейтінін, ақыл десе ақылы, айбын десе айбыны, намыс десе намысы барын үнемі ісімен дәлелдеп жүреді.

Гендерлік саясат стратегиясының мақсаты әйелді ерлерден биік ету , әйел мен ерді жарыстыру емес. Мұндағы түпкі мақсат – қыз-келіншектердің талабын шыңдау, тілегінің орындалуына қолдау білдіру. Өйткені, нәзік жандылардың табиғат тарту еткен негізгі міндеті ана атанып, ұрпақ сүю, әулет жалғастығын үзбеу болғанымен, адам ретінде оның мамандық таңдауына, өзі қалаған іспен айналдысуына, қабілет-қарымын арттыруына кедергі болмауы тиіс. Гендерлік теңдік стратегиясында шешім қабылдау деңгейіндегі нәзік жандылардың үлесін 35 пайызға жеткізу көзделген еді. Қазір сол мақсатқа қол жеткізіп отырмыз.

Әйелдер мен ерлердің тең құқығына Ата Заңмен де кепілдік берілген. Бұл құжаттар қазақ қоғамындағы әйелдердің белсенділігін арттыруға зор септігін тигізді. Билік басындағы нәзік жандылардың қатары да жыл сайын артып келеді. Оның ішінде ең маңызды салаларда әйелдердің үлесі ерлерге қарағанда айтарлықтай артық. Мысалы, педагогтардың және медицина қызметкерлерінің 80 пайыздан көбі әйелдер екен. Сол сияқты, сот жүйесінде сот төрелігін жүзеге асыруда да әйел судьяларға зор сенім білдірілген. Бұл еліміздегі гендерлік теңдік саясатының өз деңгейінде ұйымдастырылуының нақты айғағы.

Жазира МУХАМЕТОВА,

Исатай аудандық сотының судьясы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521