шаблоны сайт визитка joomla
Скачать шаблоны Joomla 3.5 бесплатно

Әкелер аман болсыншы!

Әке! Осы сөзден-ақ бір ерекше тартылыс, жылулық, сая болар пана, қамқорлықты аңдаймын. Сол себепті де менің өмірімде әкемнің орны ерекше. Бұл дүниеде әкемнен артық ақылды, төзімді адамды табу мүмкін емес. Әкем мен үшін құдды бір көненің оқылмаған құнды кітабы секілді.

Өйткені, әкемнен үйренерім көп, алар ақылым одан да көп... Десе де, әкемді сөзге шорқақ, әзілден алыс деп ойлаудан әсте алшақ болыңыз. Менің әкем қағытпа қалжыңымен сізді баурап, қара қылды қақ жара сөйлегенде таңғалдырары сөзсіз. Себебі, әкемнің астарлы әзілі мен қағытпа қалжыңы ауыл арасына тарап кеткен. Бір бойында осындай қырларымен ерекшеленетін әкем - біз үшін қазына.

Әкемнің бойында мен үлгі алар қасиет көп, десе де, ең құрметтейтінім - турашылдығы мен намысшылдығы. Осы асыл қасиеттерді әкемнің бойынан және әр сөзінен көремін. Әкем маған тура бол, қай істе де әділ бол, шыншыл бол, ешкімнің ала жібін аттама дейтіні жадымда әбден жатталып қалған.

Біз отбасында үш ағайындымыз. Үшеуміз де әкемізге бірдей жақынбыз, әркез онымен ақылдасып, үстел басына жиналғанды ұнатамыз. Әкеммен әзілдескенді, бірге шахмат ойнағанды, бірге теледидар қарап және күнде түсте әдеттегіше өзіміз болып кофе ішкенді, әкеме арнап дәмді ас әзірлегенді және сол тағамға деген пікірін тыңдағанды қатты ұнатамын. Әке мен бала арасындағы махаббаттың мөлдірлігіне, кіршіксіз таза, теңіздей терең екеніне сенемін және ол менің өмірімнің бір бөлшегі екенін білемін.

Меніңше «билік адамды өзгертеді» деген жаңсақ пікір, себебі, әкем жиырма жылдан аса уақыт лауазымды қызметте жүріп, оны өз мүддесі үшін пайдаланғанын көрмеппін... Бәз баяғы қарапайымдылығынан өзгермейтіндігін мақтаныш ететінмін.

Бала күнімде әкемнің жұмыс көлігі болатын, ертелетіп мен мектепке барарда ол да үй алдына келіп тұратын. Мені мектепке жеткізіп тастауын қанша өтінсем де «көлік менікі емес, үкіметтікі» дейтін. Мен балалықпен оны түсінбей «менен қызғанып, уақыт бөлмей тұр» деп жылап, ренжейтінмін де. Бірақ, қазір ойлап қарасам, бұл ісінде үлкен өнеге жатыр екен. «Тура болсаң, туғаныңа жақпайсың» дегендей, әкемнің осы ісінен оның турашылдығы мен қызметіне деген адалдығын көрдім, үлгі алдым.

Әкем өзіміздің ауыл мен аудан орталығындағы кітапханадан көп кітап оқыған, әлі де көп оқиды және көп ойланады. Әркез әкеме ұқсағым келеді. Екеуміз де жақын жандарымызға іштегі сырымызды, оларды қалай жақсы көретінімізді айта бермейміз. Себебі, құр сөзден бір істің артық екенін білеміз. Әкем мен үшін мінсіз жан деп білемін. Әкем - менің өмірлік мектебім. Ісімен де, ғұмырлық ұстанымымен де – маған үлгі, жол бастаушы. Ол туралы ойымды жеткізіп жазу мен үшін қиын. Осындай әкенің қызы болғаныма бақыттымын және қазіргі қоғамда қызметіне адал, намысты жандардың көбірек болғанын тілеймін.

Иә, Алғыс айту күні сияқты әдемі, әсерлі мерекеде әкем туралы осылай толғандым, алғысты көңілімді жеткізсем дедім. Әкем, әкелер аман болсыншы дегім келді.

Жайна МӘЛІМҚОЖА,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің журналистика мамандығының студенті,

Х.Ерғалиев ауылы.

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлiгiнде 2018 жылы 16 мамырда тіркеліп, №17102-г куәлік берілген.

Редакцияның мекенжайы: Исатай ауданы, Аққыстау ауылы, Егемен Қазақстан көшесі, 12-үй.

Байланыс телефондары: 8 (71 231) 2-01-68, 2-01-52, факс 2-01-68.

Электронды пошта: naryn_tany2009@mail.ru