Үлгілі «Аққайың» би тобы облыстық би фестиваль-байқауының жеңімпазы атанды

Исатай ауданының 90 жылдығына арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес аудандық «Жалын» мәдениет үйі мен «Сәуле» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Нарын - достық мекені» атты облыстық би фестиваль – байқауы өтті.

Аталған би сайысына аудандар мен Атырау қаласынан барлығы 9 би тобы қатысты. Өнер ұжымдары фестиваль-байқаудың шартына сай 2 би қойылымы бойынша сынға түсті. Бишілер бірінші кезекте көрерменге қазақ биін ұсынса, екінші айналымда өзге ұлт өкілдері туындыларын тарту етті. Атырау облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығының бас балетмейстері, үлгілі «Мерует» би тобының жетекшісі Мерует Сейітова өнертану ғылымдарының кандидаты, Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, хореография кафедрасының меңгерушісі, Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері Қарлығаш Айтқалиева, білім беру ісінің құрметті қызметкері Талғат Гатауовтар төрелік еткен байқауда Қамажай Зайнова жетекшілік ететін аққыстаулық үлгілі «Аққайың» би тобы бас жүлде мен 200 мың теңге ақшалай сыйлықты жеңіп алды. Ал, бірінші орын мен 150 мың теңгені Құлсары қаласынан келген халықтық «Жем-Ару» би ұжымы қанжығалады.

Атыраулық халықтық «Жұлдыз» би ансамблі екінші орынды еншілеп, 80 мың теңге қаржылай сыйлық иеленсе, құлсарылық «Би-би», индерлік «Шашу» би ансамбльдері үшінші орындарды бөлісіп, 70 мың теңгеден сыйға ие болды. Қалған ұжымдарға Алғыс хаттар мен 25 мың теңгеден ынталандыру сыйлықтары табыс етілді. Шара соңында аудандық мәслихаттың хатшысы Нұрлан Мұханбеталиев пен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мутиғолла Насиханов қонақтарға ризашылығын білдіріп, аудан әкімінің Алғыс хатын ұсынды.

Серікбол Панабердиев

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521