Ұлттық киімді киіп жүрсіз бе?

Біз көбінесе ұлттық киімдерді сахнаның маңайындағы әртістерден, теледидардағы жұлдыздардың үстінен көреміз. Ал, қазақтың ою-өрнегінің кез келген киімге ерекше сән беріп тұратынын бәріміз жақсы білеміз.

Қазақ халқының қолөнері - көне заман тарихымен бірге дамып, біте қайнасып келе жатқан бай қазына. Соның бірі - қазақтың ұлттық киімінде қазақтың бүкіл тұрмыс-салты жатыр.

Ұлттық киімдердің етек-жеңінің кең болатыны қазақтың дархандығын, қонақжайлылығын, даладай кең пейілін, қолының жомарттығын білдіреді. Кең етектің қабат-қабат бүрмесі жеті сатыдан тұрады. Жеті қазына, жеті кие, жеті қат жер, жеті ата тазалығы осы ұғымға сыйып тұр. Бұрынғы ата-бабаларымыз келген қонаққа ілтипат көрсетіп, дәмін ұсынған әйел атаулының киген киімдері арқылы елдігімізді таныған. Үстіндегі киімі арқылы қай елден келгенін, кім екенін біліп отырған. Қыз балалар мен әйел адамдарды киім кию ерекшелігі арқылы айыра білген.

Бірақ, біз осы бір қарапайым киім үлгісін ұлттық мерекелерде ғана киеміз. Ал, күнделікті өмірде ұлттық киіммен жүрсек, кім кедергі? Бұрын сөз жоқ, ұлттық киімдерге әркімнің қолы жете бермейтін. Қазір мұндай киімдер барлық дүкендерде сатылады.

Қырғыздар айыр қалпақтарын бастарынан тастамайды, қалада жүрсе де, далада жүрсе де. Жапондар кимоноларын әлемге әйгілеп әлек болуда. Өзбегің де ала шапанын жамылып жүр. Айтпақшы, Түркменстан ғылым академиясы ғалым әйелдерді үстіне ұлттық нақыштағы көйлек, бастарына орамал тартып жүруге міндеттепті.

Енді Моңғолияны қараңыз, олардың ұлттық арналарында жаңалық оқитын дикторлар міндетті түрде ұлттық киім киіп отырады екен, мектеп мұғалімдеріне де ұлттық нақыштағы киім кию міндеттелген, тіпті мектепте үзілісте соғылатын қоңыраудың өзін олар моңғол ұлтының рухын көтеретін музыкамен алмастырыпты.

Ал, біз ше? Неге ұлттық киімді ұлықтамасқа? Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?

Аяпберген Салихов

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521