шаблоны сайт визитка joomla
Скачать шаблоны Joomla 3.5 бесплатно

Мұнайшылар Ботақан кенішінде Наурыз мейрамын тойлады

Түркітілдес халықтарда орныққан Наурыз мейрамы жылдағы дәстүр бойынша ембілік мұнайшыларды шаттыққа бөледі. Думанды мереке Мақат ауданындағы «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының Ботақан кен алаңында сән-салтанатымен тойланды.

Кең байтақ даламыздың байлығы сонау шақырымдары шалғай жазықтықта да игеріліп жатқандығының куәсі болдық. Доссор кентінен 90 шақырым жерде орналасқан бұл кен алаңға апаратын ойқыш-ойқыш жолдар жеткізбестей болып көрінгенімен, төбе-төбе шағылдар мен күннің көзі шағылысқан сары-ала құмдар, жолдың екі жағында аспанмен астасқан шексіз ақшыл сорлардың көрінісі жол қысқартты.

Қазақы ауылдың көрікті бейнесіндей болған орталық алаңда жағалай тігілген киіз үйлер, әдемі безендірілген сахна, ошаққа асылған қазан, кең жайылған дастарқан мерекенің сәнін айшықтап тұр. Біз барған уақытта өндірістік аймақта мұнайшылар төс қағыстырып көрісіп, бір-бірін құттықтап, амандық сұрасып жатты. Ұлыстың Ұлы күнінде ұлттық салт-дәстүріміз, ойындарымыз, әдет-ғұрыптарымыз әспеттелді.

Сөз алған «Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасы Ә.Жақсыбеков:

- Баршаңызды қазақтың Жаңа жылы - Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Өздеріңізге белгілі өткен жыл бізге жемісті жыл болды. Өндіріс жоспарын артығымен орындадық. Бұл - ұжымдағы бірліктің, татулықтың көрінісі. Ембілік мұнайшылар қашанда ерен еңбектің үлгісін көрсетіп келеді.

Ембіде жаңа жобалар ойдағыдай жүзеге асып жатыр. Бұл жобалар ғасырдан астам мұнай өндіріп келе жатқан Ембі өндірісін дамыта түседі. Сондықтан, жұмысымызды жақсарту үшін бірлесіп еңбек ету өте маңызды. Ең бастысы - татулығымыз берік, Ұлыс оң, ақ мол болсын! -деді.

«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ бас директоры Қ.Есқазиев өткен жылды сәтті және биылдың екі айында мұнай өндіру жоспарын артығымен орындаған ембілік мұнайшыларға алғысын білдіріп, мерекемен құттықтады. Ұлыстың Ұлы күнінде өндірістің өркенін өсірген бірқатар еңбек адамдарына құрмет көрсетіп, олардың ішінде ауданымыздан «Ембімұнайгаз» АҚ «Жайықмұнайгаз» МГӨБ арнаулы техникалар және автокөлік колоннасының 6 разрядты жүк тиегіш жүргізушісі Муса Алгазиевты, осы басқарманың скважиналарды жерасты жөндеу цехының 5 разрядты көтергіш қондырғысының машинисі Амангелді Халидуллинды Құрмет Грамоталарымен марапаттады.

Муса АЛГАЗИЕВ:

– Мен 1994 жылдан бері «Жайықмұнайгаз» басқармасына қарасты арнаулы техника және автокөліктер колоннасында жүргізуші болып жұмыс жасаймын. Негізгі қызметім – өндірістің қажеттілігіне байланысты ауыр салмақты техникаларды жүргізу. Арнаулы колонна және арнайы көліктер керуенінде 200-ге жуық адам жұмыс істейді. Ұлыстың Ұлы күнінде көп жылғы еңбегім еленіп, басшылық тарапынан Құрмет Грамотасына ұсын-ған басқарма басшыларына және цех басшысы Айхан Сағынғалиевқа ризашылығымды білдіремін. Менің жетістігім – ұжымның жетістігі. Барша әріптестерімді Жаңа жыл басымен құттықтаймын. Алдағы уақытта да осы еңбек қарқынын жалғастырып, өндірісті өрге домалатамыз деген сенімдемін. Елімізге танымал өнер саңлақтарының концерті де тамаша болды, әндері баурап алды. Еліміз тыныш, халқымыз аман, мұнайымыз көп болсын!

Марапаттау рәсімінен кейін қазақстандық эстрада жұлдыздары Айгүл Қосанова, Ақылбек Жеменей және «ДосАрт» триосы, тағы да басқа өнерпаздардың орындауындағы әуезді әуен, күмбірлеген күй тыңдарманның құлақ құрышын қандырып, шынайы әсерге бөледі. Той қонақтары берекелі дастарқан басында Наурыз көжеден ауыз тиіп, ұлттық тағамдардан дәм татып, жақсы тілектер айтып, бата берді.

Шара кезінде «жайықтық» мұнайшы Қожантай Сыдиховтың жыр шумақтары да тыңдарман көңілін тәнті етіп, басқарманың «Алтын қазына» әжелер ансамблі ән салды. Мерекелік шара аясында «Мейірімді мекен» қайырымдылық жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Оған 10-нан астам жергілікті қолөнерші мен суретші және Компания ӨҚБ-ның 60 жұмысшысы қазақы ұлттық нақышта дайындаған туындыларын ұсынды.

Спорттық жарыстардан да аудан азаматтары жүлдеден құр қайтпады. Кіртасын көтеруден Мұхаммедрахим Оралбеков, білек күшінен Ержан Бердиев бірінші орынды олжаласа, арқан тартудан «жайықмұнайгаздықтар» үшінші орынды иеленді.

 

 Әйгерім ҚҰБАЕВА

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлiгiнде 2018 жылы 16 мамырда тіркеліп, №17102-г куәлік берілген.

Редакцияның мекенжайы: Исатай ауданы, Аққыстау ауылы, Егемен Қазақстан көшесі, 12-үй.

Байланыс телефондары: 8 (71 231) 2-01-68, 2-01-52, факс 2-01-68.

Электронды пошта: naryn_tany2009@mail.ru