"Нарын таңына" жазылуды ұмытпаңыз

Не көп, айна көп. Ілініп қойғаны да, сүйеніп тұрғаны да, қалтадағысы да, сөмкедегісі де жетерлік.

Бұлар – сырт келбетіңді түзеу үшін керекті дүниелер. Ал, біздің айтпағымыз, еліміздің, облысымыздың, ауданымыздың айналары – газет-журналдар жөнінде, соның ішінде, ауданның жалғыз үнжариясы – «Нарын таңы» туралы болып тұр. Оның да өзіндік себебі бар.

Иә, оның да өзіндік себебі жоқ емес. Өйткені, міне, ауданның рухани саласында тағы бір жауапты науқан – алдағы жылдың басылымдарына жазылу бас-талды. Әрине, солардың арасында өзіміздің «Нарын таңы» да бар. Сол аудан айнасында бір кездері «Шымбайға батса да, шындық» деген айдар болғаны есімде. Сол айтқандай, шымбайға батса да, айналып кетуге болмайтын жайт, жергілікті басылымға кейбір жерлестеріміздің жазылуға құнт етпей жататындығы дер едім. Жазылғанның өзінде, ойланып-толғанып барып, айтумен, үгіттеумен «жазылып үлгеріп» қалатындар жағы баршылық. Олар – бір-бір үйдің отағасылары не отанасылары. Өкініштісі сол, олар өздері оқымағанымен, отбасындағы бауырлары болмаса балалары газет-журнал оқитынын, оқығысы келетінін, рухани азықтан сусындағысы келетінін ескере бермейді.

Айтылған жайтқа керісінше, рухани азықтан құр қалғысы келмейтіндер, яғни, газет-журнал оқитын ауылдастар алдымен «Нарын таңынан» бастап жазылатындарын білеміз. Осындай науқан барысында ауылдағы, аудандағы пошта бөлімшелеріне жолымыз түсе қалғанда жергілікті басылымға бірінші болып жазылып жататын соларды көптеп кездестіріп, іштей қуанып қалатынымыз рас. Ауданымыздағы ауылдардан басқа облыс орталығынан да, басқа аудандардан да біздің газетті алдырып тұратындар баршылық көрінеді. Солардың қайсыбірін өзім де жақса танимын. Олардың ішінде: «Біз де сендердің аудандық басылымдарыңды жазылып алдырып, оқып тұрамыз. Исатайда көптеген өзгерістер, жаңалықтар болып жатыр екен» деп хабарласып, бәрін бізден бұрын оқып-біліп отыратындары да бар. Сөйтсем, қалаға, кейбір аудандарға «Нарын таңы» бізден бұрын жетіп жатады екен. Әлгі таныстарым аудан жайлы, газет туралы жақсы-жақсы пікірлер білідіріп жатса, соған кәдімгідей көтеріліп, риза болып та қалып жатамыз. Кейбір келеңсіз жайттарды ортаға салса, олардың газетті егжей-тегжейлі оқитынын, әрдайым жақсымызға бірге қуанып, жаманымызға бірге күйініп отыратынын да аңдаймыз.

Бір кездері бір ағаларымыз «сиырдың тіліндей» деп сипаттап кеткен аудандық басылым қазір беті көбейіп, он алты бет болып шығып жүр ғой. Яғни, бұрынғыға қарағанда оның айтары, жазары көбейді. Қазір ол саясатты да қозғайды, әлеуметтік жайтты да жазады, жаңалықты да жеткізеді, кемшілікті де көрсетеді, тарихты да түзеді, өнегені де сабақтайды, қысқасы бәрі-бәрін қамтуға тырысып-ақ келеді. Бұл дегеніңіз өз-өзінен жасалынып жатқан шаруа емес. Оның басы-қасында шыр-пыр болып жүретіндер, бас-аяғы оншақты адам, яғни, редакция ұжымы. Сол қым-қуыт тірліктің арасында бара қалған адаммен тілдесуге, айтар ой, қозғар мәселесіне құлақ қоюға уақыт тауып жататын тілшілерге бек риза болатыным бар. Өйткені, жазатын да, сызатын да, өңдейтін де, жөндейтін де, бір сөзбен айтқанда, басылымның негізгі жүгін арқалайтындар солар. Әрине, басқаларының жұмысы жеңіл деп отырғанымыз емес бұл, жауапкершілігін дұрыс сезіне атқарса әр істің де өзіндік салмағы көп қой.

оралады. Сол алпыс бес жылда аудандық басылым ауданның шынайы айнасына айналып, бүгін де қалың оқырманының қатары сетінемей отырса, солардың еңбегі деп білемін. Өйткені, олар басылымның бедерін анықтап, беделін асырды, ұжымды қалыптастырды, онда тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан тер төгіп келе жатқандардың кейбірі қазір де көп іске ұйытқы болып келе жатқанын білеміз. Бірді айтып бірге кете беріппін, негізгі айтпағымның түйіні баспасөзге жазылудың жүріп жатқаны, оның ішінде аудандық басылымға алдағы жылға жазылу жайында еді. Меніңше, газетке үш айға бөліп-бөліп жазылғаннан гөрі бірден алты айға, мүмкіндік болып жатса тұтас жылға жазылған тиімді, мұны өз тәжірибемнен анық білемін. Қорыта айтқанда, жазылу басталды, аудан айнасына алдымен жазылуды ұмытпайық. Рухани азық үлкенімізге де, кішімізге де керегі есімізде болсын.

Мұстажап АЯШҰЛЫ,

штаттан тыс тілші

Жанбай ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521