Округтердегі зертханалар жабылмайды

Жанбай ауылдық округінде бүгінгі күні 3340 халық тұрады, оның ішінде 280-і зейнеткер, 91-і әртүрлі топтағы мүмкіндігі шектеулі адамдар, 1247-сі мектепке дейінгі және мектеп жасындағылар, 220-сы студент, 242-сі өзін-өзі жұмыспен қамтушылар бар.

117 адам ресми тіркелген жұмыссыздар болса, 1124 адам тұрақты салада еңбек етеді.

-  Жұмыссыздықты азайту бағытында біраз істер атқарылуда. 2018 жылы аудан көлемінде «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша аудан көлемінде 7 жұмыс жәрмеңкесі ұйымдастырылса, оның 2-еуі Жанбай ауылында өткізілді, - деді ауылдық округ әкімі Дидар Есмұханов.

Осы және өзге де округ туралы мәлімет беріп, өңірде атқарылған жыл ішіндегі жемісті жұмыстармен таныстырған ауыл әкімі округтегі бүгінгі күні шешімін таппай тұрған біраз мәселенің де бетін ашты. - Атап айтқанда, күнделікті көріп жүргеніміздей, тұрғындардың да ренішін туғызып жүрген бір жайт - көшеге қоқыс, босаған шөлмектерді лақтыру, тіпті қоғамдық мекемелер алдында, көше бойында тастап кету фактілері өте жиі көрініс беріп келеді. Кейбір тұрғындар мал тезектерін, сабан шөптерді көшеге төгеді. Ондай басы артық қоқыстарды әркім өз шарбағына жинап, тиісті орынға апарып төгуі керек екенін бәрі біледі. Әйтсе де, ауыл тазалығына мән беру жағы кемшін, - деген ауыл әкімі «Ауылына қарап, азаматын таны» деген халықтық нақылдың маңызын түсіне отырып, дамуымен де, тазалығымен де, тәрбиелі тірлігімен де әр тұрғынға өз үлесін қосуға шақырды.

Ауыл тұрғындары да осы ретте ауылдың дамуы мен өркендеуі жолында өздерін мазалаған біраз түйткілді айтты. Мәселен, зейнеткер Мұстажап Аяшев көше жарығы, жол, каналдарды аршу мәселесін қозғаса, Әліпқайыр Салықов «Ауылдағы букмекерлік кеңселерді ел болып жаптырып, тірлігін бұғаттасақ ауылдағы жастар үшін тиімді болар еді» деді. Өйткені, халықты ерікті түрде арбау мен «тонауды» кәсіп қылып алған сол бір мекемелерде бір ай бойы тірнектеп тапқан табысын желге шашатын жастар көбейген. Сол себепті біразының шаңырақтары шайқалып, үйінен береке қашқан. «Осы істі қазірден бастап ауыл ақсақалдары болып шұғыл түрде қолға алмасақ, ертеңдері кеш болады» деді ашына. Ал, Бейсембай Жанесенов деген азамат ауылда осыдан 5-6 жыл бұрын салынған мал сою пунктінің неге әлі күнге дейін ашылмай тұрғанына қынжылыс білдірді. Бұдан басқа ауыл тұрғындары ауылда зертхана жұмысының жабылу қаупінің бар-жоғы, канал мәселесі толғандыратынын ашып айтты. Аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Әбілқасымовтың берген жауабына сүйенсек, ауылдағы мал сою алаңының ашылмауы ғимаратқа тартылған электр желісінің қосылмауынан екен. Алдағы күндері қосылуы тиіс бұл желі жұмысы іске асырылғаннан кейін мал сою алаңы ашылатын болды. Ал, аудандық орталық аурухананың директоры Бауыржан Төлеген болса, халық алдына шығып, соңғы кездері ел ішінде тарап жатқан аудан орталығынан басқа жерлерде зертхана жабылады деген қауесетке алаңдамауды және қаперге алмауды сұрады. Оның айтуынша, «Ол – лақап әрі жалған мәлімет. Бүгінгі күні әрбір округтегі ауылдық емдеу орнында жергілікті халық үшін тегін түрде сынама тапсыратын зертханалар қызмет етеді. Ол қызметтер тоқтамайды, аптасына кемінде үш рет тапсырылған сынамалардың жеңіл түрі аудан орталығына, ал, күрделі түрі облыс орталығындағы «Олимп» зертханасына жеткізіледі» деді.

Осы орайда аудан әкімі де каналдарды суландыру мәселесіне қатысты ойын білдіріп, 2018 жылы бұл мақсатқа аудан бюджетінен 56 миллион теңге бөлінсе, биыл ол қаржы 72 миллион теңгеге ұлғайғанын атап өтті. «Енді халық сұранысына орай жыл ішінде 3 рет емес, суды каналдарға үнемі жіберіп отыруға күш саламыз. Жалпы аудан аумағындағы Нарын, Бақсай, Сборная, Кобяково сынды ірі каналдарды республикалық меншіктен аудан теңгеріміне алуға жұмыстанып жатырмыз. Бұл үрдіс көршілес Махамбет ауданында жақсы жолға қойылған. Сол шаруа үйлессе каналдарға күрделі жөндеу жүргізіп, өзегін аршуға мүмкіндік болар еді» деді.

Аслан Мұратұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521