шаблоны сайт визитка joomla
Скачать шаблоны Joomla 3.5 бесплатно

Құрметке лайық қылқалам шебері

Жақында Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты, ЮНЕСКО алтын медалінің иегері, талантты қылқалам шебері Табылды Мұқатов туған өңіріне табан тіреді.

Суретші Х.Ерғалиев ауылында болған сапарын ақынның ескерткішіне гүл қоюдан бас-тады. Одан соң өзі оқып, білім алған қазіргі Ғ.Мәсәлімов атындағы орта мектептегі кездесу кешінде болды. Ағамыз алдымен осы өнер жолына қалай келгенін әңгімелеп берді. Бала күнінен қылқаламын жанына серік еткен ол орта мектепті бітірген соң екі жыл қой бағып, шаруаға қол ұшын береді. Одан соң суретші болсам деген арманын ұштамақ болған жас жігітке Новобогат кеңшарының директоры Есқали Есенғалиев те, ферма жетекшілері де қолдау білідіріпті. Көңілі алып ұшып, сол кездегі Гурьев қаласына жеткен болашақ өнер иесін алда арманды асулар мен биік белестер күтіп тұр еді. – Ол кезде Ахмет деген жақын ағам Гурьев теміржолының жүк тасымалдау бөлімінің бастығы болатын. Үш күнге іссапармен Алматыға жолға шыққан ол мені де қасына ерте кетті, - дейді өткенге ой жіберген қылқалам шебері. Алматыдағы суретшілер училищесіне оқуға түсуге құжат тапсырғалы барған қыр баласы бұл оқу орнында қабылдау емтиханы өтіп кеткенін барған соң бір-ақ біледі.

- Емтиханның өтіп кеткеніне біраз болды. Газет оқымайсың ба? Алдын ала баспасөзге хабарлағанбыз, - деген училище директоры Ақырап Жұбанов пошташы Димаш атамыздың Орпаға жарты жылдың газетін бір әкелетінін қайдан білсін? - дейді рақаттана күлген Тәкең. Сонымен ұнжырғасы түсіп, басқа оқу орындарын бетке алмақ боған жас суретші келесі күні әлгі училищеге қайта барады. Жігіттің ынтасына тәнті болған директор оның салған суреттеріне назар аударып, өнеріне де риза болған болуы керек, «Жарайды, алыстан келіп тұр екенсің, сені студент қылып қабылдай салайын» дейді. Осылай басталған үлкен өнер көшінде суретші жоғарыда айтылған Н.Гоголь атындағы көркемсурет училищесін, кейін Львов қаласындағы И.Федоров атындағы полиграфия институтын тамамдады. 1975 жылдан бастап республиканың баспа саласында кітап көркемдеу бөлімінде редактор-суретші қызметтерін атқарды. Оның әрлеуімен жарыққа шыққан М.Әуезовтің «Шу асау», І.Жансүгіровтің «Құлагер» , Ы.Шөрековтің «Исатай-Махамбет» сынды кітаптары бүкілодақтық, халықаралық көрмелерде марапаттарға ие болды. Табылды Мұқатовтың живопись жанрындағы еңбектері көптеген елдердің жеке жинағында сақтаулы. Ал, 2003 жылы ұлы ақын Махамбет Өтемісұлының 200 жылдық мерейтойына арнап «Құм жазуы» қарпімен орындаған еңбегінің ЮНЕСКО-ның алтын медалі мен аймақаралық Махамбет атындағы сыйлыққа ие болуын - суретші шығармашылығына берілген лайықты баға деуге әбден болады. Кездесу кешінде аудандық мәслихат хатшысы Н.Мұханбеталиев пен ауыл әкімі Р.Тәжиденова өнер иесіне аудан әкімі мен аудандық мәслихаттың Құрмет грамотасын табыс-тап, иығына шапан жапты. Сондай-ақ, суретшінің қатарластары, өлкетанушы М.Бектенов, И.Сәтенұлы, ардагер ұстаз Т.Қалимовтар, ескірмес естеліктерімен бөлісіп, ақ тілектерін ақтарды. Айтылған пікірлердің бірінде осындай дарынды тұлғаға ауданның Құрметті азаматы атағын беру жайында ұсыныс та айтылды. Бұны көпшілік құптады да. Қолдамағанда ше? Туған топырағының атын алысқа шығарған асыл азаматтарды халқы құрметке бөлеп жатса, елдің де ердің де мерейі ғой.

 

 

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

Суреттерді түсірген Әбілмажан ШАРАПИДЕНОВ

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлiгiнде 2018 жылы 16 мамырда тіркеліп, №17102-г куәлік берілген.

Редакцияның мекенжайы: Исатай ауданы, Аққыстау ауылы, Егемен Қазақстан көшесі, 12-үй.

Байланыс телефондары: 8 (71 231) 2-01-68, 2-01-52, факс 2-01-68.

Электронды пошта: naryn_tany2009@mail.ru