шаблоны сайт визитка joomla
Скачать шаблоны Joomla 3.5 бесплатно

Тұрғындарды толғандырған сауал көп

Тұщықұдық ауылдық округінде де 17 қаңтар күні округ әкімі М.Өтеғалиевтың 2018 жылдың қорытындысы бойынша халық алдындағы есеп беру кездесуі болып өтті.

Ауылдағы мәдениет үйінде өткен жиында, басқа жерлерде-гідей, алдымен ауыл басшысының есепті баяндамасы тыңдалды. Одан белгілі болғанындай, шалғайдағы шаруаны айтпағанда, округ орталығының инфрақұрылымын жетілдіру мақсатында ауылішілік жолдарды қайта жаңғырту, ауылішілік жазғы су желісі құрылыстарын салу үшін жобалау-сметалық құжаттамалары жасақталуда екен. Округ әкімі қызметінің маңызды бөлігі болып табылатын жұмыспен қамту, әлеуметтік қолдау бағытында да бірқатар жұмыстар жасалған. Мәселен, есепті кезеңде 136 адам жұмысқа орналастырылып, 101 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылған. 9 адам қайта даярлау курсында оқытылып, 6 адам әлеуметтік жұмыс орнына жіберілген. «Ресми жұмыссыздық көрсеткіші 2,0 пайызды құрады, бұл ауданның орта көрсеткішінен төмен» делінді баяндамада.

Әлеуметтік қолдау мақсатында да бірқатар істер атқарылған. Округте ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, абаттандыру, көріктендіру, округтің жылдық бюджеті, қылмыс пен құқық бұзушылық, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет оның ішінде рухани жаңғыру бағыттарында атқарылған жұмыстардан да анық ақпараттар берілді деуге болады.

Ауыл үшін жылдың басты жиынында залдан сұрақ қоюшылар көп болды. Әрине, олардың арасында негізді, негізсіздері де, бірін-бірі қайталағандары да кездеспей қалмады. Мәселен, тұрғын М.Маңғыбаев ауылдан Айбасқа дейін шашылып жатқан қоқыс туралы айтып, мұны жолға қоюға, ауылдастарды тазалыққа ұйымдастыруға, талап етуге болмай ма деген сауалды ойын білдірді. Сондай-ақ каналдарды тазарту керектігін де көлденең тартты. Тұрғын М.Зұлхарнаев Жастар жылына орай Разведка мөлтек ауданынан жастар үшін стадион салынса деген сауалын жолдап, ауылдың осы бөлегіне балабақша қажеттігіне де тоқталды. Тұрғын П.Қайрова Чапаев бастауыш мектебіне қосымша акт және спорт залдары, асхана керектігі жөніндегі ата-аналар өтінішін жеткізді. Сауал жолдаушылардың ішінде Қызыл үй мектебінің жаңа ғимараты пайдалануға берілген жағдайда жатақхана мәселесін шешу, цифрландыру талабына орай сол шалғай ауылға интернет желілерін жеткізу, округ орталығына жазғы су құбырын жүргізу жайы, шағын аяқдоп алаңын салу, шеткері көшелерді жарықтандыру, тағы басқа мәселелер туралы білгісі келгендер де болды.

Жарыссөзге шыққан ауыл тұрғыны, мәдениет саласының ардагері С.Қинешов ауылда мәдениет саласына қамқорлық, оның тыныс-тіршілігіне, қажеттіліктеріне тереңірек үңілудің жоқтығына ренішін білдірді. «Мәдениет үйі талапқа сай жұмыс жасауы керек» деді ол сөзінің соңында.

Ал тұрғын, ауданның Құрметті азаматы К.Сапаров каналдарға айдалған су аз уақытта жоқ болып кетуіне байланысты кейінгі жақтарына бөгеттер салу туралы ұсынысын білдірді. Ардагер кәсіпкерлерді мемлекет қолдап жатқанымен, олардың өнімі, қызметі халыққа қымбат болып тұрғанын ашына айтты. Ол, әсіресе, саттықтағы пішенге, жемге кәсіпкерлер тарапынан ойына келген бағаны қоюшылыққа ренішін жеткізді. Сөзінің соңында дәрігерлік амбулаториядағы зертханашы маманның қысқартылуына да алаңдаушылық білдірген ардагер ауыл әкімінің қызметін қанағаттанарлық деп есептейтінін білдірді.

Жиында туындаған сауалдар мен ұсыныс-тілектерге орай округ әкімі түсініктер берді, басқосуға қатысып отырған «Қазсушар» РМК Төменгі Жайық өндірістік мекемесінің басшысы Б.Бисалиев, аудандық құрылыс бөлімі басшысы Ж.Сыдихов, аудандық орталық аурухана директоры Б.Төлеген, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Р.Мұқанов жауап қайырды. Олардан басқа аудандық мәслихат хатшысы Н.Мұханбеталиев, аудан әкімінің орынбасары Н.Абежан, аудан әкімі аппаратының басшысы Д.Ғұмаров, аудандық мәслихат депутаттары, мекемелер мен бөлімдер басшылары қатысқан есепті кездесу соңында сөз алған аудан әкімі М.Мурзиев аудан бойынша атқарылған жұмыстардан қысқаша хабардар етті, сұрақтарға жауап берді. Жиын ауыл әкімінің есебін қанағаттанарлық деп бағалады.

Жоламан Дәулетияр

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлiгiнде 2018 жылы 16 мамырда тіркеліп, №17102-г куәлік берілген.

Редакцияның мекенжайы: Исатай ауданы, Аққыстау ауылы, Егемен Қазақстан көшесі, 12-үй.

Байланыс телефондары: 8 (71 231) 2-01-68, 2-01-52, факс 2-01-68.

Электронды пошта: naryn_tany2009@mail.ru