шаблоны сайт визитка joomla
Скачать шаблоны Joomla 3.5 бесплатно

Тұщықұдықтықтар Таңдайда болды

Махамбет ауданындағы Таңдай ауылы – облысқа танымал мекен. 1930 жылдардың ортасында мал шаруашылығымен айналысатын шаруашылық құрылып, кейін «Бақсай» совхозына айналған кезде тікелей Мәскеуге қараған Атырау өңіріндегі алғашқы асыл тұқымды шаруашылық орталығы болды бұл қоныс.

1977 жылы Новобогат ауданы үшінші рет құрылғанда Бақсай ауылдық кеңесі осы аудан құрамына еніп, он бір жыл бір шаңырақтың астында болдық.

Бүгінде өсіп-өркендеген бұл ауылмен байланыс орнатуға Елбасының рухани жаңғыру бағдарламасы септігін тигізді. Сөйтіп, ауданымыздың Тұщықұдық ауылдық округі мен Махамбет ауданының Бақсай ауылдық округі әкімдері өткен жылдың шілде айында өзара ынтымақтастық меморандумын жасасты. Округтер арасында барыс-келіс жанданып, ақпарат алмасу, екі ауылда адамдар игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстармен танысу сияқты қарекеттер қолға алынды.

7 қараша күні Тұщықұдық ауылдық округінің делегация- сы шақырумен Таңдай ауылына барды. Бағдарламаға сай ауылдың жанымен өтіп жатқан Бақсай өзегіне биылғы жылы салынған, құны 23,0 млн. теңге тұратын көпірдің ашылу рәсіміне ортақтасқан (суретте) тұщықұдықтықтар оларды қуаныштарымен құттықтады. Қазақ өнерінің жарық жұлдыздарының бірі Қаршыға Ахмедияров атындағы орта мектепте күйшіге арналған мұражай бөлмеде болғанда мектеп директоры аталған білім ұясының жетістіктері, осы топырақта кіндік қаны тамған күйшінің кейінге қалдырған мұралары жайлы әңгімеледі. Қаршығаның «Сағыныш» күйі орындалды.

Таңдай ауылына өткен жылы жазғы су құбыры тартылыпты. Тұрғындар аулаларында көкөніс өсіріп, көшелерді көгалдандыру жұмыстары жақсарған. Тұщықұдықтық делегация ғимараты биыл күрделі жөндеуден өткізілген ауыл балабақшасының ерекше жайнаған жағдайына риза болысты. Ауыл тұрғындарының қатысуымен ауылдық клубта өткен жиында екі ауылдық округтің әкімдері Қайыржан Мәжиков пен Мәди Өтеғалиев бұл байланыс екі жаққа да пайдалы екенін, бастама жалғасын табатынын айтты.

-Біз ежелден араласқан ауыл-дармыз. Ардагерлер үшін де, жастар үшін де бір-біріміздегі жақсы нәрселерді көрудің, үйренудің пайдасы зор,-деді тұщықұдықтық ардагер, ауданның Құрметті азаматы Кәки Сапаров. Ал өлкетанушы Мұрат Бектенов пен таңдайлық ақын Жәниба Қарасаева екі ауылдың да тарихын насихаттау, өнерін дамыту бағытында жүйелі істер атқарылып жатқанын жеткізді. Екі ауылдың өнерпаздары болса, тыңдарман көңілін бірлесе шарықтатып, ән-жырдан шашу шашты. Көршілеріндегі келісті істерге куә болған тұщықұдықтықтар Таңдайдан тамаша әсермен оралды.

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлiгiнде 2018 жылы 16 мамырда тіркеліп, №17102-г куәлік берілген.

Редакцияның мекенжайы: Исатай ауданы, Аққыстау ауылы, Егемен Қазақстан көшесі, 12-үй.

Байланыс телефондары: 8 (71 231) 2-01-68, 2-01-52, факс 2-01-68.

Электронды пошта: naryn_tany2009@mail.ru