Заңсыз салынған құрылыстар тексеріліп жатыр

Қазіргі кезде аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімі аудан көлемінде заңсыз салынған құрылыстарды анықтау мақсатында тексеріс жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Әзірге тексеріс шарасы Аққыстау ауылында жүргізілуде, алайда, алдағы уақытта ауданның барлық елді-мекендерін қамтитын болады. Осы ретте айта кететін мәселе, Аққыстау ауылы бойынша қазіргі кезге дейін 346 адам тұрғын үй салуға жер алу кезегіне тіркелген. Дегенмен, заңсыз салынған құрылыс нысандарын бұздырту нәтижесінде босаған кейбір жер телімдері жоғарыда аталған жер телімі кезегінде тұрған азаматтарға үлестірілетін болады. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы №750 бұйрығымен бекітілген «Құрылыс саласындағы құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидаларының» (әрі қарай – қағидалар) 1-бөлімінің 3-тармағына сәйкес, жеке және заңды тұлғалар елді мекеннің аумағында құрылыс салуды осы қағидаларға сәйкес жүзеге асырады. Аталған қағидалардың 2-бөлімінің 5-тармағына сәйкес, елді мекендердің аумағында әртүрлі мақсаттағы объектілерді өз бетінше салуға жол берілмейді.

Жоғарыда аталған қағидалар және ҚР Жер кодексінің 164-1 бабы негізінде, азаматтардың өзіне заңды тиесілі емес жер учаскелерін иемденіп, қандайда бір құрылыс объектілерін салуларына тыйым салынады. Осы орайда, аталған заң талаптарын орындау мақсатында, аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімімен аудан орталығында елді мекеннің сәулеттік келбетіне нұқсан келтіріп тұрған, заңсыз салынған құрылыс объектілерін анықтау үшін тексеріс жұмыстары жүргізілуде. Жоғарыда аталғандай объектілер анықталған жағдайда, бірінші ретте – заңсыз салынған құрылысты 30 күнтізбелік күн ішінде бұзып, бүлінген аумақты қалыпқа келтіру шараларын алу туралы ескерту беріледі. Талап орындалмаған жағдайда, қажетті құжаттар жинақталып, жер саласындағы жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті орган - Атырау облысы Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасына, жергілікті атқарушы органға «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске» сәйкес шаралар алу үшін жолданады. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодексінің 319-бабының 1-тармағына сәйкес, өндiрiстiк, тұрғын үй, шаруашылық, гидротехникалық (су шаруашылығы) немесе тұрмыстық объектiлердi жерге тиісті құқықсыз заңсыз салу – заңсыз тұрғызылған немесе тұрғызылып жатқан құрылысты мәжбүрлеп бұза отырып не онсыз, жеке тұлғаларға – он бес, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – отыз, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – елу, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. Жоғарыда айтылғандарды түйіндей келе аудан жұртшылығын жергілікті атқарушы органдар тарапынан заңсыз салынған және аудан елді мекендерінің сәулеттік келбетін бұзып тұрған құрылыс нысандарын анықтау бағытында жүргізіліп жатқан шараларға түсіністікпен қарап, қажет кезде қолғабыс тигізуді сұраймыз.

Дулат БЕКМҰХАМБЕТ, аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521