Рамазан – рақым айы

Аса қамқор, ерекше Мейірімді Ал­ланың атымен бастаймын! Қадірлі бауырлар! Баршамызды ора­заға аман-есен жеткізген құдіреті шексіз Алла тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтау-мадақтар болсын! Сіздерді күллі мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын!

Біздің халқымыз ежелден Рамазанды ерекше қастерлеп: «он екі ай­дың сұлтаны» деп атаған. Рамазан – рақым айы. Алла Елшісі: «Кімде-кім рамазан айында шынайы сеніммен, сауабын бір Алладан үміт етіп, ораза ұстаса, бұрын-соңды жасаған күнәлары түгелдей кешіріледі» деген. Қасиетті айдың құрметі үшін бір-бірін кешіріп, мейірімділік жолын ұстанған пенделер сауапқа кенеледі. Өзгеге мейірім көрсеткен адамды Алла тағала мейіріміне бөлейді. Кешіргенге – кешірім жасалады. Осы ретте аудан халқын ма­те­риал­дық көмекке мұқтаж жандарға көңіл бөліп, қайырымдылық іс-шара­ларға белсенді түрде атсалысуға шақырамын. Кәсіпкерлерді рамазанның құрметі үшін азық-түлік, көкөніс пен тұрмыстық заттарға, жол-көлік ақысына жеңілдіктер жасауға үндейміз. Рамазан – тәрбие айы. Ауыз бекіткен адам тілін жаман сөзден тежейді. Өйт­кені, ардақты пайғамбарымыз Мұхам­мед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім болса да ораза ұстаған күні жаман сөз айтпасын әрі ешкімге дауыс көтермесін...» деп өсиет еткен. Ра­сында, Алла тағала үшін тілін өтірік пен ғайбат сөзден тыймаған пендесінің ұстаған оразасы қажет емес. Рамазан – қасиетті Құран түскен ай. Бұл айда адам баласын тура жол мен бақытқа бастайтын, ақиқат пен жалған­ның аражігін ажырататын Құран аяттары түсе бастады. Ораза кезінде Құранды ке­мін­де бір рет толық оқудың, мән-ма­ғы­­на­сын көңілге тоқудың сауа- бы айрық­ша.

Рамазан – сабыр айы. Аузы берік адам кейбір кісілердің дөрекі сөзі мен әдепсіз әрекетіне сабыр сақтап: «Мен оразамын» деген сөзбен нәпсісіне тоқтау салып, төзімділік танытады. Ал сабыр иесіне берілетін сый – жәннат. Рамазан – Жаратқанның мұсылман жұр­тына жасаған ұлы тартуы. Рамазан – айлардың ең қайырлысы, уа­қыттың ең қасиеттісі де киелісі. Рамазан – құлдың шын ықыласпен тәу­баға келіп, ұлы Жаратушысына қайта бет бұру заманы. Рамазан – Хақ тағаланың мейірім-ша­ра­паты ерекше асып-тасатын айрықша ай. Рамазан – пенделік қылықтардан мей­лінше арылып, барынша рухани кемел­де­ніп, ішіп-жеуден уақытша болса да тыйы­лып, «періштеге» ұқсап бағудың табылмас сәті. Рамазан – он бір ай бойы кір шалып, тот басуға аз қалған рух пен жүректің қайта та­зарып, кемелденуі үшін Құдай тағаланың арнайы бекіткен киелі бағдарламасы. Рамазан – атойлаған нәпсіге тойтарыс беріп, оған қыл бұрау сала ауыздықтау айы. Рамазан – қара ниетті шайтанның ауыз бе­кіткен адам баласын азғыруда амалы құ­рып, кері шегінетін айбарлы айы. Мұ­хам­мед пайғамбардың (с.а.у.): «Рамазан айы кел­генде, жәннаттың есіктері айқара ашы­лып, тозақтың есіктері жабылады, шай­тан­дар кісенделеді» деуі бұл айда шайтан атау­лының көксегеніне жете алмай, дымы құ­ритынын білдіреді.

Рамазан – құлдың Хақ тағалаға барын­ша жақындау үшін күллі қам-қарекетін салатын, бар жігер-қайратын төгетін ұлы ай. Рамазан – сексен үш жылдың сауабына тең келер қасиетті Қадір түні бар ең бере­келі ай. Бұл айда Құран бастан-аяқ қайта-қайта ха­тым жасалып, әр-әр жерде оның қасиетті үні ғажайып сұлу әуенмен оқылып, көкке ша­лықтап жатады. Және осы тұста айта кететін жайт, осы Рамазанда «Зинеден ата» мешітімізде тарауих намазында құран хатым өткелі жатыр, арнайы Қырғызстан елінен қарилар шақырылып, осы бір игі істі өткізгелі отырмыз. Рамазанда барынша тарауих намазына қатысуға шақырамыз.

Рамазан айындағы сауапты амалдың бірі – пітір садақасын беру. Пітір садақасын Рамазан айының бірінші күнінен бас­тап, ораза айт намазына дейін беру міндетті. Бұл шариғат талабы орындалуы шарт. Пітір садақа жан басына 300 тенге болып бекітілді.

Бейбіт АҒЫБАЕВ,

«Зинеден ата» мешітінің бас имамы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521