Денсаулық сақтау министрі келді

«Әлеуметтік қамқорлық» бағдарламасы аясында облысымызға іссапармен келіп, өңірлерде кездесулер өткізіп жүрген үкіметтік делегация құрамындағы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов кеше Исатай ауданына да келіп, орталық аурухананың жұмысымен танысып, медициналық құраммен кездесіп, науқастарға жеке қабылдау өткізді.

Жалпы, министр атап өткендей, биылғы шілде айынан бастап медициналық қызметкерлердің жалақысы өседі. Тек жоғары білімді дәрігерлердің ғана емес, медбикелер, фельдшерлер мен санитарлардың жалақысы көбейеді.

- Егер бұрын дәрігерлер орта есеппен 108 мың теңге алатын болса, енді олар 140 мың теңге алады, ал медбикелердің жалақысы 70 мыңнан 99 мың теңгеге дейін өседі, - деді министр.

Аудандық аурухананың күнделікті жұмысымен танысып, медициналық кабинеттерді аралаған министр жаңадан іске қосылған медициналық аппараттар мен ота жасау, әйелдерді босандыру қосындарының да жай-күйімен танысты. Науқастарды қабылдау мен оларға қызмет көрсету сапасын анықтау мақсатында дәліздегі науқасты қабылдау бөлмесінен бастап дәрігердің қабылдауына келіп, нақты диагнозы қойылғаннан кейінгі ем-шара алуға дейінгі үдерістерді тізбелей қадағалап, жасалып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.

Сонымен бірге аудандық аурухананың директоры Бауыржан Төлегеннен медициналық кадрлар тапшылығын жою бойынша ақпарат алған министр ауданға келіп жатқан жоғары, орта буын медициналық қызметкерлеріне жағдай жасап, оларды баспанамен қамтамасыз етіп жатқаны үшін аудан әкімдігіне де өз ризашылығын білдірді.

Аслан МҰРАТҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521