шаблоны сайт визитка joomla
Скачать шаблоны Joomla 3.5 бесплатно
Кие дарыған бұл елдің сан-салалы сыры көп

Кие дарыған бұл елдің сан-салалы сыры көп

Забурын атауы – бізге жеткен көп әңгімелерге сүйенсек, «За бурьями» немесе «Забурунье» деген орыс сөздерінен құралған атау деген тәмсіл бар ел ішінде.

Бір кездері балықшылар ауылы болған бұл өлкеде орыс кірешілері өмір сүріп, теңіздің тайдай балығын кеме арқылы Ресей елінің Астрахан, Петербор қалаларына, тіпті Мәскеуге де апарып, сауда-саттық жасаған екен. Кейіннен патшалық құлап, Кеңес өкіметі орнаған соң да негізгі табыс көзін балықтан тапқан өңір халқы Ұлы Отан соғысы жылдарында да майданнан броньмен қалып, соғыстағы жауынгерлер үшін апталап, айлап теңізге шығып, балық өндірісін дамытқанын жақсы білеміз. Ал, кейіннен өндіріс дамып, технология қарыштаған соң жерасты мұнайының табылуымен бірге өлкеде «қара алтын» өндіру ісі қолға алынған.

Бүгінде өрісте малы, іргесінде Каспийдей алып теңізі бар, үлкен жолдың бо-йында орналасқан бұл округтің халқының біраз бөлігі нәпақасын мұнайдан айырып отырса, енді бірі ата кәсіп мал шаруашылығына ден қойған. Өткен ғасырда өмір сүріп, ел ішіндегі ауру-сырқауға түгел дерлік шипа дарытқан әйгілі Зинеден Құрасұлы атындағы ауыл болып аталатын бұл мекенде өз ауылын мақтаныш сезіммен айтып, құрмет қылатынын жақсы білеміз. Осынау жақсылар мен жайсаңдар өмір сүрген, қойны-қалтарысында ішіне бүккен талай сыры өлкетанушылар тарапынан талай мәрте зерттеліп жүрсе де, тың деректер табылып қалар деген үмітпен, әрі қасиетті жерлерге тәу ету мақсатымен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен бірлесіп сапар ұйымдастырған болатынбыз. Бәлендей жаңалық ашпасақ та, кейінгі ұрпаққа қажет болар деген оймен арнайы жасалған фотосессиямызды жариялағанды жөн көрдік.

ЕЛДЕН ҚАЛҒАН ЕСТІ СӨЗДЕР

Жалпы, тарихы терең, игі жақсыларды тудырған Забурын туралы ауыл үлкендері әрқилы аңыз-әфсаналарды көп айтады. Қайсібірі шындыққа жанасып жатса, енді бірі ауыздан ауызға жетіп, бірі теңеу, әсірелеу әсерінен қисыны өзгеріп те жатады. Сондай бір бүгінге жеткен ауыл іргесіндегі Қарағайқұдықта тұщы су орны бар ескі құдық туралы аңызға сүйенсек, елдің айтуынша, «Ақ флот» деген жерден кешқұрым бұл жерге иінағашпен немесе түйемен су алуға келген адам түн баласы болмайынша үйіне оралмайды екен. Өңірдегі суы тұщы жалғыз орын болған соң көзінен бөлінген суды күтетін қалың көпшілік кезек-кезек бақырашпен алып шелегін толтырғанша сібірлеп таң да ататын көрінеді. Ол кезде құбырмен келетін тұщы су жоқ, теңіздің суы ащы, сөйтіп амалдап қана күтіп, баптап тұтынған құдықтың іші қиып қаланған қарағаймен шегендеулі күйінде жақсы сақталыпты. Бүгінде ауыл тұрғындарының қолғабыс беруімен айналасы қоршалып, белгі қойылып, жақсы сақталыпты. Келешекте өңірдегі туризм әлеуеті артса, демалушылардың саяхаттап келетін шежірелі орны болатыны сөзсіз.

Ал, Забурын ауылынан 5 шақырым жерде орын тепкен Бәйгетөбе аталатын жердің атақты Нұралы ханның дін істері жөніндегі көмекшісі болған Қарауылқожа Бабажанұлының иелігінде болғаны тарихтардан мәлім. Жәңгір ханның бес әйелінің бірі болған Жүзім өлген соң ханға бесінші әйелі етіп тоқалдыққа 16 жасар қызы Салиханы бермек болған Қарауылқожаның қыз ұзату тойы да осы жерде болғанын шежірешілер айтып жүр. Аламан жарыс, ойын-сауықтар өткізілген бұл жерде сол тойда болды делінетін тағы бір аңыз да бар. Сол кездегі тойларға тән дөрекілік пе, әлде есіріп-тойынғандық па немесе адамдарды сынау ма, әйтеуір той үстінде артылған бағалы теңі бар атан түйенің бұйдасын жалаңаш барып тісімен шешкен әйел барлық жүкке ие болады деген аты да, заты да ерсілеу ойын болыпты деседі. Бір атанға жүк болған қымбат мата-кездеме қызықтырды ма, әлде сайысқа ешкім шығар болмағасын елдің намысын өзі көтерді ме, қайдам, Тоқпанбет адай руының келіні Тотия деген әйел қалың көпшілікке «Бәрің де анадан тудыңдар, сірә, көз салып қарамассыңдар» деп айтқан шартты орындап, қазыққа байлаулы бұйданы тісімен шешіп алыпты деген әңгіме бар. Осындай ауыздан-ауызға тараған аңыздардың, қисса-жырдың ордасы қазіргі Забурында 1832 жылы дүниеге келген Шоқаннан кейінгі әйгілі ғалым, этнограф Мұхамбет-Салық Бабажанов жоғары да сөз еткен Қарауылқожаның ұлы. Мақаш әкімнің 1879 жылы ғалым қайтыс болғанда «Салық өлді дегенше, халық өлді десейші» деп қайғырғаны бүгінге жеткен басы бүтін әңгіме.

ЖЕРІНІҢ ҮСТІ ДЕ, АСТЫ ДА ТҰНҒАН ТАРИХ

Забурыннан Құрманғазы ауданына қарай 35-40 шақырымдай жерде орын тепкен Ескі Жанбай ауылының орны бүгінде тып-типыл. Алайда, кезінде тек орыс балықшылары өмір сүрген бұл мекен үлкен де айбарлы ауыл болғанға ұқсайды. Жергілікті өлкетанушы Мүтиғолла Насихановтың айтуынша, мектебі, шіркеуі, моншасы болған бұл жерде балық сақтайтын алпауыт батағасы да болған екен. Ауыл іргесіндегі ескі қауымда жерленген орыс байларының белгітасына зер салсақ, сонау 1800-ші жылдары өмір сүріп, бақилық болған көпестер тұтынған темір шана, ыдыс-аяқ, мылтықтың оғы, ат әбзелдері, күнделікті тұрмыста пайдалануға арналған темір саймандар сол кезде-ақ өңірде ұсталық өнердің мықтап дамығанын аңғартады. Тіпті, біз тапқан алып қазан балық тұздайтын ыдыс шығар деген болжамға келдік. Жер астында көмулі жатқанына кемі 150 жылдай болған қазанға қазіргі өлшеммен бір тоннадай балық сиятын секілді. Алғашында айналасы мен ішін топырақтан аршып, көліктің көмегімен жер бетіне сүйреп шығарған дүниені ауылға апарып, ауыл музейіне табыстамақ та болғанымыз рас, алайда осы жылдар ішінде тұз жеп, түбі қарашірікке айналған шойын қазанның асты әбден зақымданғандықтан, ескінің көзі болған жәдігерді көзіміз қанша қимаса да «ашық аспан асты музейіне» қалдырдық. Біз қайта айналып барғанша бәлкім сақталар, бәлкім темір-терсек жинаушылардың олжасына айналар. Қайткен күнде де көзімізбен көріп, қолымызбен ұстаған бұл затты біздің тапқанымыз анық.

ЕСІМДЕРІ МАҚТАНЫШПЕН АЙТЫЛАДЫ

Ауданға қарасты 7 ауылдық округтің ішінен тұңғыш рет ашылған ауылдық музейдегі сақталған жәдігерлер бүгінде ауылдағы үлкен-кішінің жиі баратын орны дерсің. Ондағы көшпелі өмірден қалған тұтыну бұйымдары, ескі фотосуреттер, Зинеден атамыз тұтынған дүниелер, ауылдан шыққан еңбек озаттарының орден-медальдары, тіпті ауылдастар туралы мақалалар жарияланған сарғайған газет қиындылары еш бүлінбестен жақсы сақталыпты. Забурында туып, еңбек етіп, көпке үлгі болған Арон Аюпов,Тайыр Нысанов, Көбен Жұмағалиев, Мағаз Есқалиевтар социалистік Еңбек Ерлері атанғаны мәлім. Мал бағып, әсіресе әскер қажеті үшін жылқы шаруашылығын дамытса, Рахметов Жұқалтай атты азамат 150 мың сом қаржылай үлес қосқаны үшін Сталиннің Алғыс хатын алады. Ал, Қазақстан балықшысы атты танк калоннасын жасақтауға сол кездегі ауылдық кеңес төрағасы Рахметолла Жүнісбаев бастаған көптеген ауыл азаматтары қаржылай көмектерін қосқан. Сөйтіп, КСРО қорғаныс комитетінің ауыспалы қызыл Туын 2 мәрте жеңіп, алып ауданымызда тұрақты қалдырылуына өз үлестерін қосқандығы бүгінгі ұрпақ үшін зор мақтаныш.

ӨҢІРДІҢ КӨНЕДЕН ҚАЛҒАН ЖЕР-СУ АТАУЛАРЫ

Айғана, Ақай, Аққұдық, Ақ флот, Амангелді, Асау шошақ, Атан кеткен, Әйбике, Байқожа, Барақбай, Барсы, Бәйге төбе, Бес арал (Байсары, Кемелі, Көлденең, Күйген, Қарақамыс), Бүркітбай, Дымшықпас, Елен орын, Жалын, Карабөлек, Көксек, Көк арна, Қазанғап, Қаймолда шошақ, Қайырлы құдық, Қара мола, Қарағайқұдық, Қарақұдық, Қодар, Қорған, Қыз әулие, Шалқар әулие, Мардан орын, Мол шағыл, Молбай, Мұзбөлек, Мыңжас, Мыңтөбе, Саға, Сазды, Тас қора, Төреқұдық, Үшқұдық, Үшқызыл, Үштаған, Айбас, Шарабан, Шола.

Аслан Мұратұлы

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлiгiнде 2018 жылы 16 мамырда тіркеліп, №17102-г куәлік берілген.

Редакцияның мекенжайы: Исатай ауданы, Аққыстау ауылы, Егемен Қазақстан көшесі, 12-үй.

Байланыс телефондары: 8 (71 231) 2-01-68, 2-01-52, факс 2-01-68.

Электронды пошта: naryn_tany2009@mail.ru