шаблоны сайт визитка joomla
Скачать шаблоны Joomla 3.5 бесплатно
Қолтаңбасын көбейткен құрыш қолдар

Қолтаңбасын көбейткен құрыш қолдар

Жыл айналып, Құрылысшылар күні жеткен сайын қалаға да, далаға да қолтаңбасын қалдырып келе жатқан осынау құрыш қолды мамандық иелерінің мақтанышты істері хақында аз сөз айтылмайды.

Өйткені, олардың ел игілігі жолындағы атқарып жатқан қызметтері көп-ақ. Құлпыра түскен қалаларға, ажары кірген ауылдарға қарап тұрып, құрылысшы ағайынның сол қызметіне еріксіз сүйсінесің.

БАЛАЛАРҒА БАЗАРЛЫҚ МОЛАЙДЫ

Олардың қолтаңбасы, басқаларды айтпағанда, өз ауданымыздың өмірінің қай саласынан да анық аңғарылар еді. Соның ішінде, бүгінде ауыл-дарымызда 12 балабақша үйі жұмыс жасап тұрса, сүйікті де сүйкімді бүлдіршіндерімізге соның бәрін сый қылған - осы құрыш қолдар иелері. Нәтижесінде, олар осынау істерімен ауданның білім беру ісіне де өзіндік үлестерін қосып, мектепке дейінгі мекемелерде күні бүгін 1352 баланың заманға сай тәлім-білім алуына мүмкіндік жасаулы.

Әрине, өмір көші үзіліп қалмайды, ендеше онымен бірге құрылыс жұмыстары да дамып, бүгін де, ертең де талай-талай тамаша ғимараттар бой көтере бермек. Соның ішінде, біз әңгіме тиегіне айналдырып отырған балабақша үйлері де бар. Күні бүгін аудан орталығының Өркен елді мекенінде бой көтеріп жатқан 290 орындық балабақша ғимараты осы сөзімізге дәлел. Уақыт көшіне ілескен елді мекеннің етек-жеңі кеңіп, тұрғындарының қатары, соның ішінде, мектепке дейінгі бала саны көбейіп, үстіміздегі жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша алғанда 455-ке жетіпті. Осы жерде ойымызға Аққыстау ауылдық округі әкімі Ғаділ Боранбаевтың бір уәжі түседі. –Өркендегі балалардың бірқатары балабақшаға барып жүр. Салынып жатқан нысан пайдалануға берілгенде округ бойынша күні бүгін кезекте тұрған бүлдіршіндеріміз түгел қамтылады деп отырмыз. Жалпы, есепте 6 жасқа дейінгі 1097 бала бар, алайда, олардың саны күн сайын өсіп отырғанын ескерсек, алдағы уақытта да ауылымызда жаңа балабақшаларға қажеттілік туындай бермегі анық,-деген-ді ол.

Бас-аяғы бес балабақшасы бар аудан орталығында салынып жатқан алтыншы балабақша құрылысының тапсырыс берушісі аудандық құрылыс бөлімі екен. Бөлім басшысы Жұмажан Сыдиховтан білгеніміздей, жалпы аумағы 3760 шаршы метрді құрайтын, 290 орындық бұл балабақша аудандағы ең үлкен бүлдіршіндер ордасы болмақшы. «КТК-К» ЖШС демеушілігімен бой көтерудегі осынау нысанның құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер мекеме – «ӘлемКонтракшнГРУП» ЖШС. – Жалпы алғанда, құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр деуімізге болады. Іргетасы осы көктемде бас-тап қаланған, қос қабатты ғимараттың қабырғалары түгел тұрғызылып болды, ішкі сылақ жұмыстары да жүргізілді. Жылу қондырғысы, өрт сөндіру резервуары дайын тұр. Төбе жабындысы жұмысы басталып кетті, қажетті материалдары жеткізілген. Сондай-ақ, балалардың ойын алаңдарын салу да басталғалы отыр. Аталған құрылыс нысаны алдағы жылдың қыркүйек айында тапсырылуы тиіс болғанымен, мердігер мекеме уақытынан бұрын бітіруге құлшынып отырған жайы бар,-дейді ауданның бас құрылысшысы. Кәсіби мерекелері қарсаңындағы құрылысшылардың бұл қарымды қимылына «әп, бәрекелді» дескен біз, сонау Зинеден ауылында да 100 орындық балабақша үйі құрылысы жүріп жатқанын ойға алып, ауданда балаларға базарлықтың молайып, құрыш қолды мереке иелері ауылдың ажарындағы өз қолтаңбаларын осылайша көбейте түскендеріне сүйсіндік.

ҚЫРЫҚТАН АСТАМ ЖОБА БАР

Құрылысшы ағайынның қарымды қимылы хақында айтқанда, «Болат-Д», «Бекболатовтар құрылыс компа-ниясы» ЖШС-тері күні кеше шалғайдағы Қызыл үй мен Жасқайрат елді мекендеріне құбыр арқылы ауыз су жеткізіп, тұрғын халықтың мәре-сәре болғаны ойға оралады. Аудан орталығындағы «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы ғимаратымен көрші қоныстанған, «Декор» ЖШС құрылысшылары тұрғызған қос қабатты ХҚКО ғимаратының да комиссиямен қабылданып, таяу күндері пайдалануға берілмегі құрылысшылар еңбегінің бір нәтижесі деп білсек те абзал. Сондай-ақ, «Ерасыл құрылыс KZ» ЖШС дайын еткен, теміржолды асып өтіп, Өркен елді мекені мен Аққыстаудың орталығын жалғаған жаяу жүргіншілер өткелін де осы айдың аяғында ашу көзделіп отыр екен. Бас құрылысшының баян етуінше, жоғарыда айтылған қос балабақша үйінен бөлек Аққыстауда 320 орындық лицей құрылысы жүріп, Нарын ауылында ФАП ғимараты бой көтеріп жатқаны тағы бар.

Ауданның құрылыс саласындағы қарекеттің аз еместігін айтқан Жұмажан Шәріпұлы жобалау-сметалық құжаттары жасалып қойылған, жасалу үстіндегі ондаған нысандарды да әңгіме арқауы еткені бар. Өркен, Ж.Мырзағалиев атындағы орта, Чапаев бастауыш мектептерінің жапсаржайлары, Зинеден, Исатай мен Нарын ауылдарындағы әрбірі 200 орындық мәдениет үйлері, Томан елді мекені мен Нарын ауылындағы 80 орындық, Исатай ауылындағы 100 орындық балабақшалар, Өркен елді мекеніндегі әрбіреуі 60 пәтерлік үш қабатты үш үй (180 пәтер), Исатай, Х.Ерғалиев, Тұщықұдық, Жанбай ауылдарындағы ФОК ғимараттары құрылыстары және басқалары солардың санатында. – Бұлардың қатарында Аққыстау ауылында автокөлік жолдарын салу да бар, жобалау-сметалық құжаттары дайын тұр. Алайда, аудан орталығынан облыстық құрылыс басқармасының тапсырысымен басталып, жүргізіліп жатқан кәріз желісі құрылысы аяқталмай оны қолға алуға болмайды. Өйткені, біз жолды салып, одай кейін кәріз желісі құрылысы жүретін болса, онда бәрі бос еңбек болар еді,-деген аудандық құрылыс бөлімінің басшысы жалпы аудан бойынша құрылыс саласында осындай-осындай қырықтан астам жоба барлығын да атап айтты.

Деректерге ден қоя отырып бір түйгеніміз, сұхбаттасымыздың айтуынша, жасақталған жобалау-сметалық құжаттары 3 жыл ішінде басталып кетуі керек көрінеді, әйтпесе, уақыт өтуімен оған түрлі өзгерістер енгізіліп, қосымша қаржы да талап ететіні бар болып шықты. Оның көлденең келер шығын екендігін екшеген біз бәрінің тезірек бастау алуына тілеулес көңілімізді жасырмадық.

Иә, жиып-теріп келгенде, осының бәрі-бәрі біздің құрылысшылардың қолымен жүзеге асар жұмыстар. Ендеше, көпке қуаныш сыйлап, игілікті істердің иін қандырып келе жатқан оларға мерекелеріңізбен, мерейлеріңіз үстей берсін дегіміз келді.

Жоламан Дәулетияр

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлiгiнде 2018 жылы 16 мамырда тіркеліп, №17102-г куәлік берілген.

Редакцияның мекенжайы: Исатай ауданы, Аққыстау ауылы, Егемен Қазақстан көшесі, 12-үй.

Байланыс телефондары: 8 (71 231) 2-01-68, 2-01-52, факс 2-01-68.

Электронды пошта: naryn_tany2009@mail.ru