шаблоны сайт визитка joomla
Скачать шаблоны Joomla 3.5 бесплатно
«Елбасы – елдің тұтқасы»

«Елбасы – елдің тұтқасы»

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында «Елін сүйген Елбасы» тақырыбындағы сала ардагерлері мен жастардың кездесу кеші өткізілді.

Онда филиал төрағасының бірінші орынбасары Ақтолқын Ахметжанова атаулы мерекемен құттықтап, партия төрағасы Н.Назарбаевтың өмір жолына, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ауыр кезеңдерден бастап, бүгінгі деңгейге жетуі жолындағы өлшеусіз еңбегінің жемісіне, әр жылғы халыққа арнаған Жолдауының маңызы мен жақында ғана жария етілген «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласына және өнегелі кітаптары жөнінде жан-жақты шолу жасады.

Кеште белгілі суретші Ш.Сариевтің қарындасы, «Мөлдір бұлақ» авторлық бағдарламасының иегері Қойсын Тілемісова әсерлі ойымен бөлісті: - Біздің басымыздан өткен сонау қиын-қыстау кезеңдерді жастар біле бермейді. Міне, біз де армандаған күнге жеттік. Тәуелсіздік күніне орай жас-тар алаңға шығып, көгілдір экраннан, радиодан жіберілген жаңалықтарды естіп жатқан ағам Шаймардан науқастанса да, қарлығаштардың қазақ елі, жерін сақтау үшін алаңға шыққаны бейбіт күн, болашақ ұрпақ үшін дейтін. Сол тұста Президент сайлауынан жұрт хабардар болғанымен, ресми түрде жарияланбаған еді. Ағам «Біз аңсаған бейбіт күнді, өркениетті дамудың даңғыл жолына жеткізетін адам - ол тек Нұрсұлтан Назарбаев» деп сенім білдіріп, армандап кетті. Айтқандай-ақ, арманы да орындалды. Күні бүгінге дейін Елбасының сарабдал саясатының арқасында әлем таныған елге айналдық. Төрткүл дүниеге Қазақстандай дархан жер, қазақтай қонақжай ұлт барын мойындаттық. Бейбіт, жарқын өмірге бейімделген ұрпақ, болашақта осы егеменді елдің өркендей беруі үшін еңбек етуі тиіс, - деді.

Сонымен қатар, ардагер-мұнайшы Әлия Сыехова да өзі еңбек жолын бастаған кездегі кен орнында талапқа сай жағдайдың болмағанын, сонда да қызу жұмыс жүріп, қызметкерлердің бірлігі, ұжымның татулығы болғанын, қазір сол бейнеттің зейнетін көріп отырғанын айтты. «Біздер жай-күйсіз жұмыс жасап, барға қанағат қылдық, алдымызда жарқын болашақ барына сендік, сол үшін тынбай еңбек еттік, міне, қазір өндіріс орындарына барсаңыз, әлеуметтік жағдайдың барлығы жасалған, асхана, жатақхана, демалыс орындары сайма-сай, еңбекақы ай сайын мезгілінде беріліп отыр, осының барлығы Тәуелсіздіктің, тыныштықтың, Елбасының арқасы» дейді Әлия апай. Сондай-ақ, кейінгі ұрпақ аудан көлемінде жасалып жатқан игілікті істердің тарихын, маңыздылығын ескеріп, салынған нысандарды, саябақтарды, ондағы ескерткіштер мен тақталарды ұқыпты, таза ұстаулары керектігін, бұл болашақ ұрпақ үшін қолға алынған бастама екенін жеткізді.

Аудандық мәслихат депутаты Лиза Мутянова да мерекемен құттықтап, Елбасының әр Жолдаудағы білім беру саласы бойынша айтқан бағыттарының басым көпшілігі аудан көлеміндегі мектептерде де жүзеге асып жатқанын, бүгінгі оқушылардың ойлау қабілетінің ерекшелігін, оларға әлі де көптеген бағдарламалар бойынша тың идеялар қалыптастырып, заманауи озық техниканың қыр-сырын түсініп, бірлесе іздену керектігін атады. Оқушылар тарапынан жас жеткіншектерді мамандық таңдауға бейімдеу бағытында жоғары сынып оқушыларына «Бизнес - бастау» курстарын оқытса, барлығы бірдей жоғарғы оқу орнын жағалап кетпей, әліне қарай кәсіп ашуға да икемделер еді, деген ойын жеткізді. Оқушыларға Елбасының өмір жолын, қызметі мен шығармашылығы турасында викториналық сұрақтар қойылып, жауаптары талданды. Кеш қонақтары Алғыс хаттармен марапатталып, белсенді жас Ерболат Шапағатов арнайы сыйлыққа ие болды.

Әйгерім ҚҰБАЕВА

Суретті түсірген Әбілмажан ШАРАПИДЕНОВ

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлiгiнде 2018 жылы 16 мамырда тіркеліп, №17102-г куәлік берілген.

Редакцияның мекенжайы: Исатай ауданы, Аққыстау ауылы, Егемен Қазақстан көшесі, 12-үй.

Байланыс телефондары: 8 (71 231) 2-01-68, 2-01-52, факс 2-01-68.

Электронды пошта: naryn_tany2009@mail.ru