шаблоны сайт визитка joomla
Скачать шаблоны Joomla 3.5 бесплатно
Қоғамның ажары да, базары да әйел

Қоғамның ажары да, базары да әйел

Аудан әкімдігі көптен бері ойға алып, жоспарлап жүрген ауқымды шараның бірі – ауыл әйелдерінің І облыстық слеті болатын.

Облыс көлеміндегі еңбекте озат, бизнесте ісі ілгері, жалпы қоғам дамуына бір кісідей атсалысып жүрген әйел азаматшаларының басын қосып, облыс көлемінде алғаш рет үлкен жиын өткізу біздің Исатай ауданына жүктелгелі бері оған дайындық жұмыстары да үлкен ауызбіршілікпен, асқан мұқияттылықпен және жауапкершілікпен жүргізіліп, жаңа жыл қарсаңында, яғни Желтоқсан айының 25-ші жұлдызында Исатай ауданының орталығы - Аққыстау ауылында ауыл әйелдерінің І облыстық слеті өтті. Облыс көлемінде өткен шараның мақсаты - аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуында ауыл әйелдерінің жеткен жетістіктерін көрсету, сондай-ақ мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарда, әлеуметтік салаларда қызмет атқаратын, өзін-өзі нәтижелі жұмыспен қамту ісінде озық қырынан танылып және кәсіп кілтін дөңгелетіп отырған ауыл әйелдерінің әлеуетін көтеру болатын.

ТӘРБИЕ ОТБАСЫНАН БАСТАЛАДЫ

Жалпы, үш бөлім бойынша ұйымдастырылған шараның бірінші бөлігінде Атырау облысы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның көшпелі отырысы өткізілді. Оған облыс әкімінің орынбасары Нұрсәуле Сайлауова, аудан әкімі Марат Мурзиев және облыстағы аудан әкімдерінің әлеуметтік сала бойынша орынбасарлары, облыс дамуында өзіндік орны бар қоғам қайраткерлері мен мәслихат депутаттары қатысты.

Комиссияның күн тәртібіне шығарылған үш мәселе бойынша отбасы құндылықтарын нығайту, неке құрған жас отбасылардың арасындағы ажырасудың себептері мен оның алдын алуда жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмыстар туралы облыстық Әділет департаментінің, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған әйелдерге денсаулық, отбасылық және құқықтық сауаттылық бойынша тегін тренингтер мен консультациялар ұйымдастыру туралы облыстық Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының және Атырау облысы бойынша Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру бойынша Қызылқоға, Махамбет, Исатай аудандарында орындалу барысы туралы аталған аудандар әкімдері жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия ақпараттары тыңдалды.

Одан кейін баяндамашыларға сауалдар жолдап, кейін жарыссөзге қатысқан көшпелі комиссия мүшелері бұл бағытта облыс көлемінде айтарлықтай жұмыстар атқарып келе жатқан қоғамдық ұйымдар мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдерін де әңгімеге тартып, бүгінгі таңда әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық пен күш көрсету, нәзік жандыларды қорлау фактілері туралы сұрастырды. Анықталғандай, «Дағдарыс» орталығының директоры Айбаршын Иманғалиеваның мәліметінше, бұл орталықтың сенім телефонына былтыр 260 қоңырау түссе, биыл 190 адам хабарласыпты. Оның ішінде барлық қоңыраудың 30 пайызы әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық әрекетіне байланысты екен.

Сондай-ақ, мәжіліс барысында қазіргі кезде отбасы құрған жастардың көп уақыт өтпей түсінісе алмай ажырасып кетіп жатқан жағдайлары да талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары Нұрсәуле Сайлауованың айтуынша, кейде болмашы бір ұсақ-түйекке бола неке дейтін киелі межені аттап, бір-бірін көрмеске дейін барып жататын ерлі-зайыптылар да кездесіп тұратын көрінеді. Ал жалпылай алғанда облыстық Әділет департаментінің дерегінше, аудандар арасында ажырасу бойынша ең алда келе жатқан Махамбет ауданы екен. Тиісінше аталған ауданның өкілі, аудан әкімінің орынбасары Светлана Аманшиеваға облыс әкімінің орынбасары аталған жағдай бойынша шұғыл арада тиісті шаралар қабылдап, аудан ішінде түсіндіру-насихаттау, жас отбасыларға үлкен қариялар мен аузы дуалы кейуаналарды тарта отырып, тәрбие беру жұмыстарын жүргізуді жүктеді. Әрине, бұл тек Махамбет ауданының ғана емес, жалпы ел болып бас ауыртатын мәселе болғандықтан тәрбие жұмыстары ешқашан ақсамауы тиіс. «Бұл бағыт бойынша тәрбие берудің бірден-бір құралы болып табылатын Атырау қаласындағы мемлекеттік неке сарайында арнайы кабинет ашылса жақсы болар еді» деді Атырау қаласы әкімінің орынбасары Полымбет Хасанов. Бұл идеяны қолдаған Нұрсәуле Сайлауова аталған мәселені жуық арада шешуге күш салатынын жеткізді.

Осы және өзге де өзекті әрі түйткілді мәселелер қозғалған шара соңында оқылған баяндамалардың қаперге алынуы және жиын барысында көтерілген мәселелердің хаттамаға енгізілуі, сонымен бірге барлық аудандарда гендерлік саясат жұмыстарының күшейтілуі, басшы әйелдер құрамын кеңейтуі туралы қарар қабылданды. Аталған хаттаманың орындалу барысы облыс әкімдінің тікелей қадағалауында болмақ.

ӘЙЕЛ ДЕ КӘСІПКЕР БОЛА АЛАДЫ

Ағымдағы жылдың қараша айында Астана қаласында «Қазақстанның ауылдық аумақтарын тұрақты дамыту ісіндегі әйелдердің үлесі» тақырыбымен республикалық ауыл әйелдерінің І форумы өткізілгені белгілі. Осы шарадан бастау алған идеяны облысымызда жалғастыру мақсатында оздырылған слеттің екінші бөлігі аудандық «Барыс» спорт клубына қарасты дене шынықтыру ғимаратында ауыл әйелдерінің қолөнер бұйымдары, сән үлгілері және ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесімен жалғасты. Атырау қаласынан және облыстың барлық аудандарынан келген кәсіпкер әйел-азаматшалар өздері өндіретін өнімдерін ала келіп, әлеуметтік шараның көркін қыздырды.

Қазіргі кезде облыс көлемінде әйел кәсіпкерлердің салмағы кәдімгідей сезіледі. Олар қолға алған қай-қай іс те мейілінше жанданып, дамып келеді. Оған біз жәрмеңке кезінде куә болдық. Айталық, Индер ауданынан келген кәсіпкер әйелдер өз қолдарынан шыққан балаларға арналған қазақша костюмдерді саудаласа, махамбеттіктер кондитерлік өнімдерді, исатайлықтар азық-түлік өнімдерін, ал Атырау қаласының әйел кәсіпкерлері сән үлгілерін көпшілік назарына ұсынып жатты.

ИСАТАЙДА АЛҒАШ РЕТ ӨТКЕН СЛЕТ

«Ауыл әйелі: жетістіктері мен болашағы» атты ауыл әйелдерінің облыстық І слетінің пленарлық сессиясы аудандық «Жалын» мәдениет үйінде жалғасты. Алғы сөзді аудан әкімі Марат Мурзиев алып, осы ауқымды облыстық шараға қатысу үшін ұжымдасып, облыстың барлық өңірінен келіп отырған қатысушыларға зор алғысын білдірді.

Одан соң сөз алған облыс әкімінің орынбасары Нұрсәуле Сайлауова бұл шараның маңыздылығына тоқтала отырып, ауыл әйелдерінің тұрмыс-жағдайына сипаттама берді. «Елімізде 4 миллионға жуық әйел тұрады. Біздің облысымызда да ауыл тұрғындарының 50 пайызы әйелдер. Атырау облысы бойынша аудандық мәслихаттың 88 депутатының 22-сі әйел. Барлық әкімшілік мемлекеттік қызметкерлердің басым бөлігі әйел адамдардың үлесіне тиесілі. 3 әйел адам аудан әкімінің орынбасары, 3 әйел аудандық мәслихаттың аппарат басшысы, дербес бөлімдердің басым көпшілігін де әйелдер басқарып отыр. Шағын бизнесте жұмыс жасайтын кәсіпкерлердің 46 пайызын әйелдер құрайды. Облыстағы 163 шаруа қожалықтарын қыз-келіншектер басқарады.

Облыста «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде ауылдық елдімекендер мен шағын қалаларда несиелер мен микронесиелер беруде 1 миллиард 303 миллион теңге бөлінді. Оның ішінде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы жалпы сомасы 881,8 миллион теңгеге 223 микронесие берілсе, осының 92-сі әйел азаматшаларға тиесілі болып отыр. «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамымен Атырау облысына жалпы сомасы 421 миллион теңгеге 132 микронесие берілсе, оның 33-ін әйелдер алды» деді. Сондай-ақ Исатай ауданында облыста алғаш болып мәні мен маңызы өте жоғары осындай шараны ұйымдастырған аудан әкімі Марат Мурзиев пен аудан әкімінің орынбасары, слет модераторы Нұрғайша Абежанға өзінің зор алғысын білдірді.

ҮЗДІК АРУЛАР МАРАПАТ АЛДЫ

Шара соңында бір топ белсенді әйел-аналарға облыс әкімінің алғыс хаты табысталса, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясы алғыс хаттарымен облыстық, аудандық комиссия хатшылары да марапатталды. Сонымен қатар, ауыл-елдің дамуына үлес қосып жүрген, өз ісінің білгір мамандары жыл бойы атқарған үздік жұмыстары үшін бір топ ауыл әйелдеріне үздіктер номинациялары табыс етілді.

«Үздік ауыл кәсіпкері» – Қызылқоға аудандық мәслихат депутаты, аудандық кәсіпкерлік палатасының директоры Алтынзер Баймұратова, «Үздік ауыл мектебі директоры» - Қызылқоға ауданы Ш.Еркінов атындағы мектеп директоры Айнұр Қосдәулетова, «Үздік үкіметтік емес ұйым жетекшісі» - Атырау қаласы Кеңөзек ауылдық округі «Хиуаз» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Шахарман Ерсейітова, «Үздік ауыл дәрігері» - Мақат аудандық орталық емханасы бас дәрігерінің орынбасары Рысгүл Тайшекенова, «Үздік халыққа қызмет көрсетуші» - Исатай ауданы бойынша халыққа қызмет көрсету бөлімінің басшысы Индира Дүсіпқалиева, «Үздік шаруа қожалығы жетекшісі» - Қызылқоға ауданы «Назгүлім» шаруа қожалығының жетекшісі Мәрзия Әбішева, «Үздік ауыл кітапханасы меңгерушісі» - Махамбет аудандық орталық кітапханасының директоры Шынар Ізмағанбетова, «Үздік ауыл балабақшасы меңгерушісі» - Исатай ауданы «Нұршуақ» балабақшасының меңгерушісі Айтолқын Молдағалиева, «Үздік ауыл спортшысы» - Исатай ауданының тұрғыны, Самбо күресінен Азия біріншілігінің күміс жүлдегері Айымгүл Махуова, «Үздік ауыл жастар ұйымының жетекшісі» - Индер аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Жадыра Нариманова, «Үздік ауыл клубы меңгерушісі» - Махамбет ауданы Алмалы ауылдық мәдениет үйінің директоры Алла Жакиева, «Үздік ауыл әлеуметтік қызметкері» - Индер ауданы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Меруерт Нұғманова, «Үздік ауыл байланыс қызметкері» - «Қазақтелеком» АҚ Мақат желілік учаскесінің бастығы Шынаргүл Жұмағалиева, «Үздік ауылдық округ әкімі» - Құрманғазы ауданы Сафон ауылдық округінің әкімі Роза Қамзаева, «Үздік құқық қорғау саласының қызметкері» - Құрманғазы аудандық әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы Базаргүл Қараева, «Үздік мемлекеттік қызметкер» - Мақат ауданы Доссор кенті әкімінің орынбасары Гүлнар Ерғожиева, «Үздік теміржол қызметкері» - «Қазақстан темір жолы» АҚ ҰК Исатай аудандық станция басшысы Гүлнар Көшкімбаева, «Үздік судья» - Исатай аудандық сот төрағасы Алтыншаш Мағзомова, «Үздік мұнай саласының қызметкері» - «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының құралдар жөндеушісі Майра Аманова және «Үздік журналист» аталымы бойынша Махамбет аудандық «Жайық шұғыласы» газеті бас редакторының орынбасары Баян Сүйеуова марапатталды.

Шара соңы аудан өнерпаздары әзірлеген концерттік бағдарламаға ұласып, Тұщықұдық ауылының әжелер ансамблінің әсем де әуезді әндері шырқалды.

Аслан Мұратұлы

Суреттерді түсірген Әбілмажан ШАРАПИДЕНОВ

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлiгiнде 2018 жылы 16 мамырда тіркеліп, №17102-г куәлік берілген.

Редакцияның мекенжайы: Исатай ауданы, Аққыстау ауылы, Егемен Қазақстан көшесі, 12-үй.

Байланыс телефондары: 8 (71 231) 2-01-68, 2-01-52, факс 2-01-68.

Электронды пошта: naryn_tany2009@mail.ru