шаблоны сайт визитка joomla
Скачать шаблоны Joomla 3.5 бесплатно
Тазалық пен тәртіп – ең басты тақырып

Тазалық пен тәртіп – ең басты тақырып

Аққыстау ауылы аудан орталығы саналғандықтан, бұнда өзге ауылдарға қарағанда атқарылар жұмыс та көп, ауыл басшысына жүктелер жауапкершілік те жеңіл емес.

Округте жыл бойынша атқарылған міндеттер жөнінде өз есебін берген округ әкімі Ғ.Боранбаев алдымен оң шешімін тапқан жұмыстар жайын, сондай-ақ, былтырғы тұрғындар білдірген сын-ескертпелер мен ұсыныс-пікірлер бойынша қолға алынған шаруаларды баяндады.

Бұған дейін де газетімізде жарияланып жүргеніндей, ауылдағы басты мәселелердің бірі – көше тазалығы. - Өкінішке орай, «ТехСервис» ШҚ-мен атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан, келісім-шартқа отырмай, тұрмыстық қалдықтарды пакетке салып әр жерге тастап кету фактілері азаймай тұр, - деген ауыл әкімі әзірге шешімін таппай келе жатқан тазалық мәселесі тұрғындар тарапынан қолдаудың жоқтығы себепті жолға қойылмай отырғандығын қынжыла айтты.

– Ауыл ішінде бағусыз мал көбейіп барады. Бұрын сиырлардың жүретінін көретінбіз, қазір, тіпті, түйе малының да орталық көшелерде сайраң салып жүретініне көзіміз үйрене бастады, - деген ауыл басшысы малын қараусыз жіберіп қоятын тұрғындарға ренішін білдірді. - Айтудай-ақ айтылып келе жатқан малды ауыл ішіне кіргізбеу, көше тазалығын сақтау сияқты мәселелерінен қорытынды шықпай тұр. Не тұрғындар ұқпайды, не біздің айтуымыз кем, - дейді Ғ.Боранбаев. Басшының бұл сөзін қостаған ауыл тұрғыны Ө.Шайхиев көшеге жүруге еті үйренген 1 сары ала, 2 көк сиырдың иесі жоқ болса, заңды тиісті шарасын алу керектігін жеткізді.

Тұрғындардың малдың тезегі ауыл көшелерін ластап, ауаны бүлдіреді деп ауыз жиып болғаны сол еді, «Медицина» АҚ дәріханасының бастығы К.Жаншина ғимаратының арты ашық әжетханаға айналғанын ашына айтты. Аудан орталығындағы қоғамдық әжетхананың жоқтығы көшедегі санитарлық тазалықтың бұзылуына әсер етіп жатыр. – Бұл туралы аудандық «Нарын таңы» газетіне де жарияланған болатын. Алайда, көтерілген мәселе аяқсыз қалды, - дейді кәсіпкер.

- Малды ауыл ішінен аулаққа бағу керек дегенді қате демеймін. Соны қоштап, азын-аулақ малымды «Обалы» қонысына апарып бағуды ұйғарғанбыз. Ауыл шетіндегі ашық жатқан қоқыс орнына жайыламын деп жеті малым арам өлді. Соны қоршауды қолға алу керек қой, - деген Б.Дүйсенова апайдың өкпе-назының да орны бар.

Ауылдық ардагерлер кеңесі төрағасының міндетін атқарушы Б.Құлғалиева түнгі мезгілде болатын «көлік жарысын» сынға алды. – Ынтымақ көшесінің бойымен көліктер жарысады. Оны ұйымдастыратын үлкендер емес, әрине, ақылы тоқтамаған жасөспірімдер немесе жастар болуы мүмкін. Менің ойымша, осындай тәртіпсіздіктердің алдын алу үшін көшеге бейнекамераларды көбейту керек. Ал, ауыл тұрғындарына айтарым, өз-өзімізді мәдениеттілікке тәрбиелей білсек екен. Ауылды көркейту бір ғана адамның қолында емес, оған халық болып атсалысуымыз керек, - дейді ардагер. Бұл ойды жалғаған ауыл тұрғыны Ғ.Сағынаев «Сельхозтехника» мөлтекауданындағы С.Сейфуллин көшесінің жарықсыз тұрғанына қынжылыс білдірді. Сондай-ақ ол ауыл орталығындағы негізгі көшелерде көліктердің жол ережелерін өрескел бұзуы, тіпті, апатты жағдай тудыруы мүмкін екендігін айтады. – «Тұрарбек» дүкені мен «Халық банкі» ғимаратының арасындағы ішкі жол бойына көлігін қойып кететіндер көбейді. Ол жерге көлік қоюға болмайтынын кез келген жүргізуші білуі тиіс. Осы тәртіпсіздікті жол сақшылары назарға алуы қажет, - деген тұрғын аудан орталығындағы Исатай батыр ескерткішінің пішініне көңілі толмайтындығын жеткізді. – Махамбет ауданына барсаңыз, қасқиып тұлпар мініп тұрған Махамбет батырдың ескерткішін көресіз. Ал, біздегі Исатай бабамыздың астында «аты» да жоқ. Бабамызға қашан арғымақ мінгіземіз?-деген ойын да ортаға салды.

Ардагер мұнайшы Қ.Сдихов та жол ережесі мәселесіне қатысты пікір білдірсе, Өркен ауылының тұрғыны Б.Елеусінов Өркен ауылындағы 60 пәтерлік үй алаңқайына балаларға арналған ойын алаңы салынса деген ойын жеткізді. – Жақында жол бойына ойнап жүрген бір бала көлікке қағылып, ауыр жарақаты салдарынан мүгедек болып қалды. Бұдан әрі бұндай жамандықты болдырмау үшін балаларға қауіпсіз ойнайтын алаң салып берген жөн деп ойлаймын, - дейді ол.

Иә, бұл айтылған пікірлер ауылда нәтижелі жұмыс жоқ дегенді білдірмейді. Ашылған нысандар, бастау алған құрылыстар, басқа да жаңғырулар көрер көзге жоқ емес. Тек, заман алға басып, дамыған сайын, адам талабы да жоғарылай түсетін заңдылық бар. Сондықтан да тұрғындар пікірі маңызды болмақ.

Жиында ауыл бойынша ең негізгі атқарылған ауқымды жұмыстарға қысқаша шолу жасаған аудан әкімі М.Мурзиев тұрғындар сұрағына жауап берді. Білгеніміздей, жолдаған сауалдың дені басшылықтың жұмыс жоспарында тұр екен. Енді іске асса деген тілек қана бар.

Серікбол Панабердиев

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлiгiнде 2018 жылы 16 мамырда тіркеліп, №17102-г куәлік берілген.

Редакцияның мекенжайы: Исатай ауданы, Аққыстау ауылы, Егемен Қазақстан көшесі, 12-үй.

Байланыс телефондары: 8 (71 231) 2-01-68, 2-01-52, факс 2-01-68.

Электронды пошта: naryn_tany2009@mail.ru