шаблоны сайт визитка joomla
Скачать шаблоны Joomla 3.5 бесплатно
Кәріз өңделмей,  жол жөнделмейді

Кәріз өңделмей, жол жөнделмейді

Кеше аудан әкімі М.Мурзиев аудан бойынша былтырғы атқарылған жұмыстар жайында тұрғындар алдында есеп берді.

Аудандық «Жалын» мәдениет үйінде өткен дәстүрлі басқосуға облыс әкімінің міндетін атқарушы С.Шапкенов пен басқа да облыстық басқарма, аудандық бөлім басшылары қатысты. Жиынға төрағалық еткен аудан әкімі М.Мурзиев жыл бойына жасалған жұмыстар жөнінде баяндама жасады.

Ең алдымен халықтың тұрмыс-тіршілігімен танысу, проблемалық мәселелерін зерделеу – қай басшының да негізгі міндеті саналары сөзсіз. Баяндамасын осыдан бастаған М.Мурзиев тұрғындардың мұң-мұқтажын, ұсыныс-пікірлерін біліп, оларды қанағаттандыру мақсатында ауданның барлық елді мекендерінде 32 кездесу өтіп, оларға 15 мыңға жуық адам қатысқандығын айтады. Білгеніміздей, көпшілікті мазалайтын мәселе тұрғындарды әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылыммен қамту, тұрғын үй түйткілі екен.

Ал, жалпы жыл ішінде 457 адам аудан әкімінің қабылдауында болса, 471 адамнан арыз-шағымдар түсіп, оларға тиісті жауаптар берілген. - Алдағы атқарылатын жұмыстар мен қойылған міндеттер осы кездесулердегі ұсыныс-пікірлерді ескере отырып, аумақтық даму бағдарламасы шеңберінде әр ауылдық елді мекендердің даму ерекшеліктеріне қарай белгіленді, - деген аудан басшысы өңірдегі атқарылған жұмыстардың ең негізгілері мен алдағы міндеттерді атады. Аудан әкімінің есептік баяндамасы газетіміздің өткен сандарының бірінде жарияланған-дықтан, оған көп тоқталмауды жөн көрдік.

Дегенмен, атап өтер кейбір мәселелер де бар. Мәселен, «2017 жылдың жазындағы құм өңіріндегі мал ауруы биыл тағы қайталанбай ма?», «Осы мәселеге орай арнайы мамандар жасаған зерттеулер нәтижесі қандай?» деген сауал көпті мазалағаны рас. Бұл жөнінде баяндаған аудан басшысы 2017-2018 жылдары құм өңіріндегі жылқы, мүйізді ірі қара малдарынан ауру шыққан аумақтардың топырақ, су, шөп, биологиялық (қан сарысуы, ішкі мүшелер) сынамалары «Ұлттық референттік ветеринариялық орталығы», «Казақ Ғылыми Зерттеу Ветеринариялық Институты» зерттеу орталықтарына сараптауға жіберіліп, нәтижесінде жануарлардың аса қауіпті жұқпалы аурулары анықталмағанын айтты. - Осы жерлердегі тұрғындардың құдықтарынан алынған сынамаларды сараптау нәтижесінде судың құрамында аммиак және нитрит тұздарының қалыпты мөлшерден артықтығы анықталды. Осы тұздардың әсерінен мал шығындарын болдырмау мақсатында былтыр құм өңіріндегі тұрғындармен кездесулер өткізіліп, мал өрісін жаңарту жөнінде ұсыныстар жасалды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде жылқы, мүйізді ірі қара малдарының орынсыз шығындары болған жоқ, - деді ол.

Өңірімізде қанатын жая алмай келе жатқан салалардың бірі кәсіпкерлік екендігін облыс әкімінің де жыл сайынғы жиында бір атамай қалмайтынына мамандар да, тұрғындар да куә. Жыл ішінде аудандағы кәсіпкерлік қарыштап кете қоймаса да, жалпы алға басу бар. Мысалы, былтыр жаңадан 9 кәсіпкерлік нысан іске қосылып, 22 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Атап айтқанда, аудан орталығында Салтанат сарайы, Тұщықұдық ауылында тұрмыстық қызмет көрсету орталығы, асхана, көлік жуу орталығы, Зинеден ауылында азық-түлік дүкені, тұрмыстық қызмет көрсету, Х.Ерғалиев ауылында жылыжай, Жанбайда шағын тойхана, дәріхана тұрғындарға қызмет етуде.

Ынталы азаматтардың да қатары өсіп келеді. Оған кәсіпкерлікті дамыту бағытында қабылданған мемлекеттік бағдарламалар аясында 292,9 миллион теңге несие беріліп, кәсіпкерлердің жұмыс бастай бастағаны дәлел болатындай.

-  Биыл Елбасымыз жариялаған Жастар жылы – түсінген адамға мән-мағынасы терең бас-тама. Тек бұл сол атау күйінде, жалаң ұран бағытында қалып қоймауы тиіс деп есептеймін, - дейді тұщықұдықтық ардагер К.Сапаров. – Бұл жылы жастар арасындағы жұмыссыздықты азайту, басқа да жұмыстар жандануы қажет деп ойлаймын, - деген ардагер осы бағытта аудан бойынша қандай жоспарлар бар екендігін сұрады. Сондай-ақ ол жақында пайдалануға берілген 290 орындық «Өркен» бөбекжай - балабақшасының ашылуы ауыл халқына қуаныш сыйлағанын атап өтті.

Иә, былтырғы жыл көптеген нысандардың тұсауын кесті. Солардың ішінде 160 көрермен орнымен дене шынықтыру-сауықтыру кешені, аудан орталығынан халыққа қызмет көрсету орталығы ғимараты, АТП мөлтекауданында шағын спорт алаңының пайдалануға берілгендігін, сондай-ақ, Х.Ерғалиев ауылындағы мәдениет үйінің қайта жаңғыртудан өткендігін атап өтуге болады. Тағы бір айта кетерлік жаңалық, Аққыстау ауылынан Өркен ауылына қатынайтын тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірі, Қызыл үй және Жасқайрат елді мекендерінде су тазалау ғимараттары мен ауылішілік су құбырларының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді және Зинеден ауылының тұсынан 12 миль теңіз жақ бетінің акваториясын қадағалайтын «Исатай батыр» шекара заставасы ашылды.

Аудан әкімінің баяндамасынан соң тұрғындар ауызша, жазбаша сауалдарын жолдады. Сұрақтардың дені Аққыстау ауылының ішкі жолын жөндеу, баспана мәселелері төңірегінде болды. М.Мурзиевтың айтуынша, ішкі жол мәселесі кәріз жұмыстары аяқталған соң ғана қолға алынатын болады. Күні бүгін 24 шақырым ішкі жолдың жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталып, дайын тұр екен. Ал, баспана мәселесі заң шеңберінде кезек бойынша беріледі. Биыл 60 пәтерлік үш үйдің құрылысы басталмақ. Бұл - 180 отбасы қонысты болады деген сөз.

«Сельхозтехника» мөлтек-ауданындағы үлкен шұңқырларды бітеу және жөндеу жұмыстарын жасап жатқан мекеме жұмысшылары қазылған шұңқырларды көмгенде топырақтарын әр жерге төбе қылып қалдырып кететіндігін айтқан ауыл тұрғыны Б.Алпысбаевтың сауалына жауап берген аудан әкімі мөлтекаудандағы үлкен шұңқырларды алдағы уақытта жол жөндеу жұмысы барысында ескі жолдан күрелген топырақтармен толтыруға тырысатынын, сондай-ақ жұмысына тиянақсыз мекемелерді қадағалап отыру қажеттігін айтты.

Каналдарға уақытылы су жіберу мәселесін көтерген шар-уагер Қ.Жұмағалиев қасқыр атуға аңшы шығару, Исатай балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру спорт мектебіне қатынайтын Аққыстау мен Өркен ауылының арасына балалар тасымалдайтын автобус шығару жайын ұсыныс қылды.

Бұл сұрақтарға жауап іздеген аудан әкімі каналдарға су жіберу мәселесінің шешімін табатынын айтса, қасқырларды ату облыстық аңшылар қоғамы арқылы жүзеге асатынын жеткізді. - Спорт кешеніне бала тасымалдау жөнінде тұрғындардан көптеген өтініш түсті. Бірақ, қай мәселе де заң шеңберінде шешілуі керек, - деген аудан әкімі мектептердегі автобустар оқушыларды қосымша білім беру орындарына тасымалдай алмайтынын, ал, спорт мектебіне тиесілі көліктің балаларды тек қана жарыстарға апаруға арналғандығын түсіндіріп өтті. - Аққыстау ауылына аралық автобус шығару жайында кәсіпкерлерге ұсыныс жасаудамыз. Ескерте кетейін, бұл жұмысты қолға аламын дегендерге мемлекет тарапынан бөлінетін субсидия бар, - деді М.Мурзиев.

Исатай балалар жасөспірімдер-спорт мектебі-нің директоры Б.Оралбеков жүзеге асырылып жатқан әкімшілік реформалар аясында аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің де оңтайландыруға ілігіп кетпеуін сұрады.

-  Оңтайландыру мәселесі бір күннің шаруасы емес, жан-жақты зерттелген және зерделенген шешім. Әйтсе де бұл үрдістің білім беру мекемелеріне қатысы жоқ, - деді қойылған сауалдарға аудан әкімінің берген жауаптарын пысықтай кеткен облыс әкімінің міндетін атқарушы С.Шапкенов. - Бұл - мемлекетік қызметке байланысты реформа. Елбасының тапсырмасы бойынша спорттың бұқаралылығын 30 пайызға жеткізуіміз қажет. Сондықтан, спорт мекемелерінде, жалпы біріккен мекемелерде мамандар қысқармайды.

Осылай деген С.Шапкенов кейбір тұрғындардың облыс әкімінің оқу гранты «бармақ басты, көз қысты» болып бара жатыр, «жер кезегі жылжымайды» деген уәждеріне де орынды жауап берді. Оның айтуынша, облыс әкімінің оқу грантына қол жеткізуге алдымен түлектің ҰБТ-ден жинаған балы лайықты болуы керек. Және оның аса қажетті мамандыққа берілетіні тағы бар. - Балаңыз осы талаптарға сай бола тұра грантқа ие бола алмаса, ол жөнінде нақты дәлеліңізбен тиісті орындарға хабарласуыңызға болады, - деген С.Шапкенов ондай мүмкіндікке ие болу үшін балаларымызды жасынан білімге құштар қылып тәрбиелеу керектігін баса айтты.

Жастар мәселесін де қозғаған облыс әкімінің міндетін атқарушы биыл жарияланып отырған Жастар жылы алдымен жастарымызға үлкен жауапкершілік жүктеуі тиіс деген ойын жеткізді.

-  Біз көбіне-көп жастарымызды жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүруге бейімдеп алған сияқтымыз. Оқушыларымызды да мектепке көлікпен апарып, көлікпен әкеліп, ешқандай қиындықсыз оқытқымыз келеді. Әрине, жағдай жасаған жақсы. Бірақ, бәрі жеңіл бола бермейді ғой. Ертеңгі еліміздің тұтқасын ұстайтын олар қай кезде де шыдамды, білімді, өзіне жауапкершілік жүктей алатын азамат болып өсуі тиіс, - деді ол.

- Қазылған шұңқырларды дұрыс көмбей, топырақтарын сыртына тастап кететін кей мекемелердің жұмысындағы салғырттықты көрген тұрғындар жергілікті билік өкілдеріне хабарласулары керек. Бұл олқылықтарды бірлесіп шешуге тиіспіз, - деген С.Шапкенов тұрғындар жолдаған букмекерлік кеңселерді жабуға қатысты пікірлерге де ой қосып, бұл сауал жоғарыға қойылып жатқандығын айтты.

Тұрғындар аудан әкімінің былтырғы жұмысына қанағаттанатынын айтса, облыс әкімінің міндетін атқарушы С.Шапкенов те атқарылған істерге оң баға берді.

Серікбол Панабердиев,

Суреттерді түсірген: Әбілмажан ШАРАПИДЕНОВ

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлiгiнде 2018 жылы 16 мамырда тіркеліп, №17102-г куәлік берілген.

Редакцияның мекенжайы: Исатай ауданы, Аққыстау ауылы, Егемен Қазақстан көшесі, 12-үй.

Байланыс телефондары: 8 (71 231) 2-01-68, 2-01-52, факс 2-01-68.

Электронды пошта: naryn_tany2009@mail.ru