шаблоны сайт визитка joomla
Скачать шаблоны Joomla 3.5 бесплатно
Жорықты жылдар жаңғырығы

Жорықты жылдар жаңғырығы

Аудандық «Жалын» мәдениет үйінде кеңес әскерлерінің ауған жерінен шығарылған күніне арналған салтанатты жиын өтті. «Ауғанстан – жүректегі жара» тақырыбында ұйымдастырылған кешке аудан басшылары, Ауған соғысының ардагерлері, жастар мен ауыл тұрғындары қатысты.

Шара мәдениет үйі қызметкерлері мен Аққыстау орта мектебі ұжымының бірлесе ұйымдастырған әсерлі қойылымымен басталды. Ержетіп, азаматтық борышын өтеуге жасы да, денсаулығы да жарап тұрған Ербол жергілікті әскери комиссариаттан шақырту қағазын алады. Ұлының әскер қатарына алынатынын естіген әкенің қуанышы мен ана уайымы, ағасына еркелей тілегін арнаған кішкентай қыздың қылығы көріністе сәтті сомдалған. Одан әрі үйлеріне хат жазып, өзара сыр шертіскен әскердегі жас сарбаздардың ауылына арнаған сағынышты сәлемі әсем әнге жалғасты.

Ұлынан хат сиреп, уайым жұтып отырған үйге әскери адамдар суыт хабар алып келді. Ербол ерлікпен қаза тауыпты.

Қойылымнан соң Аққыстау орта мектебі «Барыс» әскери-патриоттық мектебінің ұландары әскери оқу-жаттығу әдістерін ұсынды.

Мінберге көтерілген аудан әкімінің орынбасары Б.Мырзағалиев Ауған соғысы ардагерлері мен тұрғындарға игі тілегін арнады. Тоғыз жылдан астам уақыт бойы өздерінің интерноцианалдық борыштарын атқарған 22 мыңнан астам қазақстандықтың 761-і осы соғыста мерт болса, 21 отандасымыздың тағдыры белгісіз күйінде қалған. Бұл зұлматтың ортасында болған атыраулықтар саны – 534. Оның 14-і соғыстан қайтпады, із-түзсіз кеткен 1-адамнан ешқандай хабар жоқ.

Осы сынды деректерге тоқталған аудан әкімінің орынбасары бұл соғыс биік мінберлерден қандай баға алса да, олардың Отан алдындағы міндеттеріне деген адалдығын ұмытпай, жас ұрпаққа өнеге қылу қажеттігін айтты.

Ауған соғысы ардагерлерінің атынан сөз алған Т.Сәлімгерейұлы да шараны ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, аудан әкімінің орынбасарына А.Ермекованың «Ауған соғысындағы атыраулық жауынгерлер шежіресі» атты жинақ кітабын табыстады.

Кеште шырқалған патриоттық әндерден құлаққа жырақта қалған жорықты жылдар жаңғырығы келгендей болды.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлiгiнде 2018 жылы 16 мамырда тіркеліп, №17102-г куәлік берілген.

Редакцияның мекенжайы: Исатай ауданы, Аққыстау ауылы, Егемен Қазақстан көшесі, 12-үй.

Байланыс телефондары: 8 (71 231) 2-01-68, 2-01-52, факс 2-01-68.

Электронды пошта: naryn_tany2009@mail.ru