шаблоны сайт визитка joomla
Скачать шаблоны Joomla 3.5 бесплатно
Мақсат - айқын, ынта – мол

Мақсат - айқын, ынта – мол

Қазақ тіл білімі тарихында 1929 жылы қазақ жазуы ресми түрде латын әліпбиіне көшіп, оның 1940 жылдарға дейін қолданыста болғаны баршамызға белгілі.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері көптеген қазақ зиялылары латын әліпбиіне көшу мәселесін көтеріп келді. Қазақ тілінің латын қарпіне көшу мәселесі Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында түпкілікті сөз болып, тапсырма берілген болатын. Себебі, біріншіден, латын әліпбиіне көшудегі негізгі ұтымдылық - тіл ауыспай, таңбаның ауысуы. Екіншіден, қарапайым тілмен жеткізсек, сөзді немесе дыбысты қалай естісек, жазылуын да солай жазу.

Көптеген ғалымдардың пікіріне қарағанда, латын әліпбиіне көшу соншалықты қиындық тудырмайды деп есептеймін. Қазіргі кезеңде білім саласындағы жаңа реформаның жүзеге асырылуы да, яғни, жаңартылған білім мазмұны осы латын әліпбиіне көшуде өз үлесін қосады деген ойдамын. Оған дәлел, бастауыш буыннан бастап тілдің үш тұғырлығының басымдығы бастау алуы. Әрине, Елбасы мақаласына дейін де бұл мәселе қоғам талқысына түсіп келді. Елбасы 2012 жылғы Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында латын қарпіне көшу мәселесіне тоқтала келіп: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе» десе, сол жылы жаңа жыл қарсаңында отандық жетекші телеарналар өкілдерімен кездесу кезінде: «Латын қарпі бізге дүниежүзінің халқымен, әлемнің ғылым-білімімен қарым-қатынас үшін керек» деп нақты ұсынысын білдірген болатын.

Елбасы халыққа арнаған сол сөзінде: «Егер латын әліпбиін енгізсек, біріншіден, біз компьютер тіліне көшеміз, балаларымызға және бізге экономикалық және ғылыми кеңістікке енуге оңайырақ болады. Бұдан қашып құтыла алмаймыз, бұл – келешектің талабы. Сондықтан біз осыған ұмтылуға тиіспіз. Бірақ бұл мақсатқа біз үлкен сарабдалдықпен, байыптылықпен келуіміз керек» деп атап өткен болатын. Бұл – ел болашағы үшін жасалған, еліміздің әлемдік қауымдастық алдында беделінің артуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан Елбасының тағы бір маңызды бастамаларының бірі және ана тіліміздің келешегі үшін жасалған ғылыми-әлеуметтік мәні зор батыл қадам болады деген сенімдеміз. Біріншіден, қазіргі қазақ жазуында қолданылып жүрген әліпбиді латын әріптерімен ауыстыру ана тілінің дамуына жаңа мүмкіндіктер ашып, қолданыс аясын одан әрі кеңейтуге айтарлықтай үлес қоспақ. Яғни, латын әліпбиіне көшу – компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне еркін еніп, қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Екіншіден, түркі халықтарының біразы латын графикасын қолданады. Жазуды алмастыру арқылы түбі бір түркі дүниесінің тек тілдік коммуникацияда ғана емес, олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынастағы байланысына да оң ықпалын тигізеді.

Үшіншіден, қазіргі қолданыстағы кирилл-қазақ әліпбиімен салыстырғанда, таңба саны азаяды. Бұл дегеніміз – экономикалық маңызы да зор мәселе. Таңба санының азаюы оқу-жазу жұмысын жеңілдетумен қоса, уақыт, материал және қаржы мәселелерін үнемдеуге де ықпал етеді. Төртіншіден, латын графикасына көшу қазақ орфографиясындағы түйткілді мәселердің шешілуіне де жаңа мүмкіндік туғызады. Кезінде орыс тілінен енген сөздер үшін енгізілген в, ф, ч, ц, щ сияқты дыбыстармен қоса, жасандылықпен енгізілген и, у, ю, я дыбыстарының өзі төл орфографиямызды қиындатып жіберді. Мый, сыйыр деп айтқанымызбен, и әрпін қолданысқа енгізу үшін ми, сиыр деп жазып үйрендік. Тіліміздің табиғатында дауысты у дыбысы жоқ болса да, келіу, қазыу деп айтылатын сөздерді келу, қазу деп жазу арқылы жасанды дауысты дыбыс жасадық. Сондықтан, латын графикасына өтуде орфографияны жөндеп алу – ұлт ұпайын асыратын маңызды шара. Себебі, кирилл графикасы мен латын графикасындағы қазақ дыбыстарының таңбалануындағы өзгешеліктер орфографиялық мәселелерді туындатады. Осы мәселелер шешілмей, сауаттылық та жоғары деңгейге көтерілмейді. Ендеше, орфография мәселелері кезек күттірмейтін, бірінші кезектегі мәселе болып келеді. Қазақ әліпбиіндегі дыбыстар құрамын қайта қарау арқылы жоғарыда аталған дыбыстар мен әріптерге бола енгізілген 60-қа жуық емле ережесі өзгеріп, оның саны 3-4 есеге дейін азаятынын ғалымдар айтып жүр. Жалпы әлемдік тәжірибеде әріп саны мен емле ережелерінің көптігі – сол әліпбидің әлсіздігін көрсететін факторлардың бірі. Сондықтан, латын графикасына көшу арқылы, біріншіден, әріп санын, екіншіден, емле ережелерін қысқарту арқылы төл әліпбиімізді оңтайландыруға, жетілдіруге нақты қадам жасаймыз деген ойдамын.

Әрине, қандай реформа болмасын, қиындықсыз болмайтыны белгілі. Сол сияқты, латын әрпіне көшуде де қиындықтар болады. Ең бастысы – қай графиканы таңдауға байланысты қоғамдағы әртүрлі көзқарастың болуы. Бұл – кез келген демократиялы қоғамға тән құбылыс. Жаңа латын әліпбиінің үлгісі бекіді, қабылданды. Бір топ латын графикасынан гөрі тарихи тамырымыз – көне түркі жазуына, екінші топ дініміз біріктіретін араб графикасына көшуді жақтаса, үшінші топ үйреніп қалған кирилл әліпбиінен ажырағысы келмеді. Сөз жоқ, көне түркі жазуы – терең тарих қойнауындағы рухани асыл қазынамыз. Әзірге сала мамандарының ішіндегі ең азғантай топтың ғана уысындағы бұл кәусар бұлаққа түркі баласының түгел сусындайтын заманы да болар. Екінші қиындық қаріп таңдау мен емле ережелерін бекітуге байланысты. Әртүрлі сала мамандары ұсынған 100-ден астам жобаны ұсынушылардың әрқайсысының өз уәждері болды. Бірақ, оның 90 пайызы – графика ауыстыруды тек бір графикадағы әріпті екінші графикадағы әріппен ауыстыру деп тар шеңберде қарастырудан туған пікірлер. Әліпби жасауда белгілі бір дыбысты бейнелеу үшін оның дыбыстық құрамы, жасалымы, айтылымы, естілімі, қолданыстағы позициясы, т.б. факторлардан туындайтын, сол арқылы тілдің орфографиялық заңдылықтарының түзілуіне ықпал ететін тек қана лингвис-тер, оның ішінде фонетист ғалымдар аңғаратын, солардың құзырындағы біраз түйткілді мәселенің бар екенін назарда ұстауымыз керек. Әрине, әліпби таңдауда компьютер білгірлерінің, психологтар мен баспагерлердің, басқа да сала мамандарының кеңесі қаперге алынды. Бұл аталған шараның бүкіл қоғамға ортақ ауқымды іс екенін жақсы түсінуіміз керек. Тіл мамандары латынға «жаһандану әліпбиі», «жастар графикасы», тіпті, «сапа белгісі» деген сынды балама атаулар беріп те үлгерген.

Көш түзелді, мақсат – айқын. Елбасы Жарлығымен нақты сүзгіден өткен алфавитіміз бекіді. Ендігі міндет ел арасында латын графикасына көшудің тиімді жолдарын ұсынып, меңгерту ғана. Әрине, бұл бағытта жаңа бас-тамалар қолға алына бастады. Аудан орталықтарында, ауылдарда «Оқу орталықтары» ашылып, жұмысын бастады. Дегенмен, орта жастағы, одан жоғары зейнет жасындағы адамдарға үйрету, оқыту мәселесін қарастырып, оңтайландыру жағына баса мән беру керек деп ойлаймын. Ең бірінші, насихат жұмыстарын бірлесе қолға алу. Жоспарлы шаралар, дөңгелек үстелдер, ортақ басқосулар ұйымдастырылып отыр. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі арқылы да бірқатар іс-шаралар іске асуда. Өткен жылы Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай және латын гарфикасына көшуді ілгерілету мақсатында «Алаш қозғалысы және латын әліпбиі» тақырыбында облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырдық. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ғалымдары, профессор-оқытушылары дәріс оқыған конференцияның берер мағлұматы мен халыққа тигізген пайдасы зор болды деп есептеймін. Сондай-ақ, латын алфавитіне көшуді ілгерілету, жұртшылық арасында насихаттау мақсатында мекеме-кәсіпорындарда, ауылдық мәдениет үйлері мен клубтарда, кітапханаларда 40-қа жуық іс-шара өткізілді. Облыстық Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы арқылы да бірнеше рет семинарлар ұйымдастырылып, бірқатар ұсыныс-пікірлер айтылды. Аудандық «Нарын таңы» газеті арқылы да келелі ұсыныстар беріліп, мақалалар жарық көрді, ауылдастарымыздың зор қолдауы сезілді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса бермек. Бастысы, біз дер шағында іс-қағаздарымызды латын қарпімен еркін жазатындай дәрежеге жетеміз деп есептеймін. Өйткені, мақсат – айқын, үйренуге деген ынта мол. Ел болашағы үшін қызмет ететін маңызды шешімге қолдау білдіру, жақсыны үйренбекке ұмтылу жүрегі «елім» деп соққан әрбір азаматтың абыройлы міндеті деп түсінемін. Өйткені, латынға көшу - заман талабы.

Мүтиғолла НАСИХАНОВ, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлiгiнде 2018 жылы 16 мамырда тіркеліп, №17102-г куәлік берілген.

Редакцияның мекенжайы: Исатай ауданы, Аққыстау ауылы, Егемен Қазақстан көшесі, 12-үй.

Байланыс телефондары: 8 (71 231) 2-01-68, 2-01-52, факс 2-01-68.

Электронды пошта: naryn_tany2009@mail.ru