шаблоны сайт визитка joomla
Скачать шаблоны Joomla 3.5 бесплатно
Газшылар – газетке жанашыр

Газшылар – газетке жанашыр

«КазТрансГазАймақ» АҚ-на қарасты Атырау өндірістік филиалының Исатай газ шаруашылығы мекемесінде 33 адам қызмет етеді.

Дәнекерлеуші, аға және жай шеберлер, мамандар, слесарьлар болып келетін олардың атқаратын жұмысы да сан алуан. Ал бәріне ортақ міндет – тұтынушыларды табиғи газбен қамту. Әрине, қай кәсіп иелері үшін де иыққа алған жүктің өзіндік салмағы болатыны белгілі. Сол тұрғыдан қарағанда, аталған ұжымның қамтуында аудан бойынша түрлі қысымдағы 314439 км газ желісі, 247 дана әртүрлі маркадағы ГТШП (газ тарату шкафты пункті) және 3 АГТС (автоматты газ тарату стансасы) бар екенін ескерсек, көтерген жүктері де салмақтырақ, әлгі айтылған құрылғылардың баршасы тиісті дәрежеде тұрақты жұмыс жасап тұруы қажет. Сондықтан оның қауіпсіздігі, жөнделуі, күтімі, бәрі-бәрі біз әңгімелеп отырған газшылардың мойнында. Міндетті істі жүзеге асыру жолындағы мігірсіз еңбектің нәтижесінде жалпы аудан бойынша 5101 жеке тұлға толықтай табиғи газбен қамтылып отыр және 272 заңды тұлға, оның ішінде 125 жеке кәсіпкердің жылу қазандығы табиғи газға қосылып, «көгілдір отын» тұрақты жеткізіліп отырған жайы бар. - Ауданымыз 96 пайыз газбен қамтылған деп айта аламыз.

Тұрғындармен газды күнделікті тұрмыста пайдалану ережелерін қатаң сақтау және қауіптіліктің алдын алу мақсатында шаралар жасақталып, хабарлама арқылы және ай сайынғы есептеу түбіртегінде көрініс табуымен қауіпсіздік ережелері тұрақты таратылып отырады,-деді бізге жуырда жүздесудің сәті түскен мекеме басшысы Жеңісбек Қабиев. Сол жолы басшы ұжымның жетістіктерімен де бөліскен. Газшылар осыдан үш жыл бұрын 2015 жылдың жұмыс қорытындысымен жеңіп алған өндірістік филиалдың ауданаралық ауыспалы кубогын күні бүгінге дейін өздерінде сақтап келеді екен. Өткен жыл қорытындысындағы «Үздік маман» конкурсында слесарь Нұрбол Хамитов екінші орынды иеленсе, 2018 жылғы республикалық «Үздік маман» конкурсының облыстық кезеңі қорытындыланып, слесарь Қаржау Сыдиқов бірінші орынды олжаласа, оның ұжымдасы, оператор Біржан Қазымов екінші орынды еншілеп, мерейлері үстепті. Ал «Өміріңді қорғап үйрен» атты конкурста шебер Ерлан Бисенғалиев жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, жүлделі бірінші орын иегері танылған. Жүлде иелеріне 100000 теңге көлеміндегі қаржылай сыйақылар беріліп отырады екен.

Жылдың қалған жартысына баспасөзге жазылудың жүргізілуіне байланысты ұжымда болған сол сапарымызда газшылардың да газетке деген жанашырлығы қуантып тастады. Басшының айтуынша, науқан басталған уақытта оларға берілген бөліністе ұжым бойынша 20 данаға жазылуды қамтамасыз ету көзделінген екен, қазірдің өзінде ол 22 дана болып жүзеге асырылған, әлі жалғасуда. Мамандардың мәліметінен құлағдар болғанымыздай, жылдың сын шағы саналатын күзгі-қысқы кезең биыл да ойдағыдай өтіп, табиғи газдың кідіріссіз жеткізілуі толық жүзеге асуы да жасалынып жатқан жұмыстың оң нәтижесінің бірі деп санайтын газшіылардың газетке деген ықыласына риза болдық. Төл басылым бетінен тарихи, тәрбиелік тақырыптардағы материалдар тұрақты көрініс тауып отырса, оқырмандарының да қатары олқы түспесі анық деген олардың орынды пікірлерін де ойымызға түйе кеттік.

Жоламан Дәулетияр, Әбілмажан Шарапиденов

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлiгiнде 2018 жылы 16 мамырда тіркеліп, №17102-г куәлік берілген.

Редакцияның мекенжайы: Исатай ауданы, Аққыстау ауылы, Егемен Қазақстан көшесі, 12-үй.

Байланыс телефондары: 8 (71 231) 2-01-68, 2-01-52, факс 2-01-68.

Электронды пошта: naryn_tany2009@mail.ru