шаблоны сайт визитка joomla
Скачать шаблоны Joomla 3.5 бесплатно
Саржала мен Сырым неге жауласты?

Саржала мен Сырым неге жауласты?

Ертеректе елін, жерін сыртқы жаулардан қорғап, шайқастарда ерлік көрсетіп, сарбаздарға қолбасшылық жасаған батырларға атақ беру сол замандағы хандардың негізгі міндеттерінің бірі болған екен.

Сондай құрметке ие Саржала батыр құба қалмақтармен Жоңғар шапқыншылығына қарсы талай жорықтарға Шұбар, Адай Тоқтамыс, Құттығай елін қорғаған ержүрек сарбаздар қатарында талай қанды майдандарда соғысқаны біздің ауыз әдебиетіміз арқылы қазіргі ұрпақтарымызға жетіп, аңыз адамдар болып, біздің санамызға жатталып қалды. Біздің бала кезімізде тарихи әңгімелерді терең де мағыналы айтып, тыңдаушысына жеткізе білетін, көне көз қарттарымыздың арасы сиремеген кез болатын. Бірде Ізмұханбет Ідірісұлы, Бозша Неталыұлы, Мүтіш Серғазыұлы, Дәрісқали Иманғалиұлы, Жұмағали Айтбаев, Хұсынеден Пазыловтар бас қосқан бір отырыста Саржала батыр туралы болған әңгімені әкем Бектен маған айтып берген еді. Әкемнің айтуынша, ол уақыт батырдың орта жастан асып, ағайындар арасында жүрген кезі екен. Бір күні Беріштің атқамінер азаматтары жиналып келіп, Саржала батырға «Сырым қайтыс болған әкесі Датты Беріштер қауымына әкеліп жерлеп кетіпті, осында бір сыр бар, шешуін таппай, сізге келдік» депті. Сонда батыр біраз ойланып отырып: «Біздің халықта бітіспейтін жер мен жесір дауы бар.

Сырым әкесі Датты біздің Беріштердің қауымына әкеліп қоюына қарағанда бұл жер күндердің күнінде дау болғалы тұр екен, зиратты бұзып, үстінен жылқы айдатып жіберіңдер, жауабын өзім берем» депті. Беріштің адамдары Саржаланың айтқанын мүлтіксіз орындауға кіріседі. Бұл хабар көп ұзамай Сырым батырға да жетеді. Ашуға булыққан Сырым Нұралы ханға барып: «Мен Беріш Саржала батырдың ауылын шабам, Саржала менің әкем Даттың зиратын құлатып, жермен-жексен етіп, үстінен жылқы айдатып, сүйегін қорлапты» дейді. Нұралы хан сонда: «Сен Беріш Саржаланың ауылын шапсаң, Саржала батыр елге сыйлы адам, жеті баулы Беріш түгілі Тойқожа ұрпақтары, Адай, Таз, Есентемір рулары көтерілері анық, мен Саржала батырды сарайға шақырып, мәнісін сұрайын» дейді. Талай жорықта бірге болған Нұралы Саржалаға хан сарайына келіп кетуге шақырту жібереді. Саржала шақыртуды қабыл алып, жеті баулы Беріштен бір-бірден атқамінер азаматтарына сауыт-саймандарын сайлатып, хан сарайына келеді. Саржала батыр хан сарайына кіріп келіп, амандасып, оң тізесімен отыра кетіп, оң қолын жүрегінің тұсына қойып, басын иіп: «Хан ием, жау қай жақта? Біз елді, елді басқарып отырған Сізді қорғауға келдік» дейді. Нұралы хан отырған орнынан тұрып, тізерлеп отырған Саржаланы қолтықтап тұрғызып: «Батыр, ел шетіне тиіскен жау жоқ, халқым аман, ел тыныш» деп қасына әкеліп отырғызып, аман-саулық сұрасып отырғанда сарайға Сырым кіріп келеді. Саржаланы көрген Сырым тұра қалып амандасады да, ілгері өтпей, ашулы кейіпте тұрып қалады. Осы бір кезді ұтымды пайдаланған хан Сырымға төрге өтуді меңзейді, Сырым отырып болғасын, хан: «Батыр, сізді және Сырымды шақыртқан себебім Сырымның әкесі Даттың зиратын не себепті құлатқаныңызды сұрайын және сіздерді жауластырмай, татуластырайын деген едім» дейді. Сонда Саржала: «Алладан әмір болса аққан өзеннің де суалар кезі, жалындаған жастың да өмірден өтер уақыты болады деген. Өз басым осы кезге дейін жер дауы жесір дауының қазақ халқына бітеу жара болып, келіспеушіліктің арты жақсылыққа апарғанын көрген жоқпын. Мен бұл фәниден өтіп бара жатып, артыма дау қалдырғым келмеді. Күндердің күнінде Байбақты елі Беріштердің қауымында жатқан Даттың зиратын куәға тартып, жер дауы туындап ұрпағым жапа шегеді-ау деп уайымдап, жасаған әрекетім еді. Мені айыпты десеңіз, айыбын төлеуге әзірмін» дейді. Бұл сөздерді тыңдап отырған Нұралы хан: «Қабыл алсаңыздар, менің сіздерге ортақ айтатын уәжім мынау, Сырым сен әкең Даттың сүйегін өз қауымыңа апарып жерле. Ал, Батыр, сіз Даттың басына зират салыңыз» дейді. Ақыл мен парасаты мол, сөз қадірін білетін, түсінетін, шешендік сөздің зергері Сырым, қайнаған қаны, жалынды жас шағы болса да орынды айтылған сөз бен билікке тоқтап, өршігелі тұрған дау бейбітшілікпен осылайша шешілген екен. Сөйтіп, бертінде Себектермен нағашылы-жиен болып ойнайтындардан «Батыр бабаларың Саржала зиратын іздесеңдер, Саралжын мен Тайсойған елінің оңтүстік шығыс беті мен Ойыл өзенінің бойынан іздеңдер» деп отырғандарын талай естіген едік.

Мұрат БЕКТЕНОВ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлiгiнде 2018 жылы 16 мамырда тіркеліп, №17102-г куәлік берілген.

Редакцияның мекенжайы: Исатай ауданы, Аққыстау ауылы, Егемен Қазақстан көшесі, 12-үй.

Байланыс телефондары: 8 (71 231) 2-01-68, 2-01-52, факс 2-01-68.

Электронды пошта: naryn_tany2009@mail.ru