шаблоны сайт визитка joomla
Скачать шаблоны Joomla 3.5 бесплатно
«Асқазан аурулары  ауылда аз кездеседі»

«Асқазан аурулары ауылда аз кездеседі»

Аптаның дүйсенбісінде аудан орталығына "Денсаулық пойызы" табан тіреді. Жыл сайын тегін медициналық көмек көрсету мақсатында еліміздің алыс өңірлерін аралайтын пойыз бұл жолы да білікті мамандарды ала келіпті.

Шараның ашылуында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Н.Абежан мемлекеттің басты қазынасы болған халқының бірінші байлығы – денсаулығын нығайту Елбасымыз алға қойған басты жұмыстардың бірі екендігін атап өтті. – Елбасымыз 2011 жылдан бастап халықты транспорттық денсаулық сақтау қызметімен қамтуды тапсырғалы бері осы жұмыс жолға қойылып, білікті дәрігер мамандарымыз өз қызметтерін атқарып келеді. Тоқсан жылдық тарихы бар ауданымыздың орталығы Аққыстау ауылында бастағалы тұрған жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін, - деді ол.

-Жұмыс сапарымыздың 25-інші күнін Аққыстау ауылынан қарсылап отырмыз. Маңғыстау облысына қызмет көрсетіп, енді, міне, осы ауданға табан тіредік. Негізінен біздің топты Атырау теміржол ауруханасынан жиналған мамандар құрайды. Құрамында Алматы, Ақтөбе, сондай-ақ Атырау қаласына қарасты клиникаларынан дәрігерлер бар. Елбасымыздың тапсырмасы бойынша қолға алынып келе жатқан бұл жұмыс алда да жалғасын табатын болады, - дейді пойыздың бас дәрігері Әлия Адишева. Қарсы алу шарасынан кейін пойызды аралап, мамандармен тілдесіп көрдік.

– Өз салам бойынша айтар болсам, остеохондроз ауруын өте көп кездестіремін, инсульттан кейін келетін аурулар да аз емес, - дейді невропатолог-дәрігер Б.Сейсенова. Ал, көбіне-көп омыртқа бойындағы грыжа ауруынан айығудың оңайға соқпайтынын, олардың қандай ем қолдануы қажеттігін сұрағанымызда, маман мынадай түсінік берді: «Егер, грыжаның көлемі 5 мм-ден жоғары болса, оны ота жасау арқылы алып тастауға болады. Одан төмен болған жағдайда, басқалай ем қабылдай алады. Белтемірге (турник) тартылу, бассейнге түсу, омыртқа ортасындағы сіңірді созуға арналған жаттығуларды жасау қажет»

Маманның айтуынша, екпе мен көктамырға дәрі жіберу (система) грыжадан емдемейді. Ол тек, қанайналымды жақсартып, аяқтың немесе басқа мүшелердің ұюын және ауруды басуға ғана көмектеседі. Асқазанның кілегей қабаттарының қабынуы - жиі кездесетін ауру, - дейді асқазанды эндоскопиялық зерттеу дәрігері Ғ.Қуанышбеков. – Көбінесе асқазанды асты шектемей ішу нәтижесінде бүлдіріп алып жатамыз. Ол дегеніңіз, тамақты өте аз ішу немесе мүлдем ішпеу керек деген сөз емес. Тұзы, майы аз тамақтарды қолдануға дағдыланған дұрыс.

Дәрігер сондай-ақ, консервантты, майлы тағамдар, газды сусындарды жиі пайдалану өттің асқазанға шамадан тыс бөлінуіне, ол асқазан түгінің желінуіне әкеліп соғатынын айтады. Бір қызығы, асқазан аурулары ауылдық жерлерде көп кездеспейді екен. Тиісінше, қалада көп,-дейді маман. Себебі де белгілі ғой, көпшілік жерлерде сұранысқа көбірек ие майлы әрі жылдам әзір болатын тағамдардың бір зияны болмай қайтсін?

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

Суреттерді түсірген Әбілмажан ШАРАПИДЕНОВ

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлiгiнде 2018 жылы 16 мамырда тіркеліп, №17102-г куәлік берілген.

Редакцияның мекенжайы: Исатай ауданы, Аққыстау ауылы, Егемен Қазақстан көшесі, 12-үй.

Байланыс телефондары: 8 (71 231) 2-01-68, 2-01-52, факс 2-01-68.

Электронды пошта: naryn_tany2009@mail.ru