шаблоны сайт визитка joomla
Скачать шаблоны Joomla 3.5 бесплатно

Газет тарихы

«Нарын таңы» газетінің тарихы

Қазіргі Исатай аудандық «Нарын таңы» газетінің тұңғыш саны 1953 жылы ақпанның 18-і күні «Малшылар үні» деген атпен жарық көрді. 2018 жылы 18 ақпанда негізі қаланғанына 65 жыл толған аудандық газеттің сарғайған беттері, осы өткен жолдан түсінік беріп, ауыл тұрмысының, адамдар санасының қалай өзгергенінен сыр шертеді, аудан ел-жұртының еңбек және күрес жолын, қуаныш-мерейін, бастан өткерген қиын-қыстау шақтарын баяндайды.

1953-57 жылдар аралығында алғашқы кезеңде алдымен ауданның өз газетінің дүниеге келуі ауыл-аумақтағы әдеттен тыс оқиға болды. Тыңнан газет шығарып, уақыттың талабы мен алда тұрған міндеттерді бейнелеген сөздерін бейнетқор шаруаға жеткізе білген жандардың, ізашарлардың еңбегіне баға жетпейді. «Малшылар үнінің» 5 жылда шыққан 561 санынан алғашқы редакторлар Төлеген Сатқанбаев пен Мүтәліп Шәріповтың, жауапты хатшы Ғалымжан Үбеновтің еңбектері айқын танылады. Осыларды ашықтаумен газет беттерінде өткен ғасырдың 50-жылдарындағы мехнаты мол, сұрғылт та мимырт тіршілік кешкен ауыл өмірінің бейнесі жасалған. Соғыстан кейінгі шаруашылықты қалпына келтіру жылдары мен оған ілісе аудан өңірінде атқарылған ұлан-ғасыр өзгерістер, әсіресе ауыл шаруашылығын өрге бастыру бағытында жасалған қадамдар газет беттерінде кеңінен көрсетіліп отырды.

20 жылдай үзілістен соң, 1977 жылғы қазанның бірінде «Нарын таңы» деген атпен қайта шыққан аудандық басылымның екінші өмірі сол уақытта өрлеу, кейінірек келе тоқырау аталған осы бір кезеңдегі ауданның өндірісі, транспорты мен құрылысы, ауыл шаруашылығы салаларында қол жеткен табыстар, олардағы социалистік жарыс пен озаттар өнегесі, мәдениеттегі, білім беру мен денсаулық сақтаудағы өрелі істердің кеңінен жариялануы қамтамасыз етілді. 1988 жылдың тамыз айына дейін шыққан газет бетінде осы кезеңде үзбестен редактор болған Қуандық Батыровтың, редакцияда қызмет жасаған Мәди Өтеғалиев, Жайнарбек Бержанов, Нұралы Әжіғалиев, Сейілхан Қайыржанов, Күзембай Әміров, Орынтай Исабаев, Жоламан Әбішев, Сағи Бәбиев, Қорлан Дүсіпова, Шәмшия Жұбатова және басқа қаламгерлердің қолтаңбасы бар.

Газет жылнамасындағы үшінші кезең аудан батыр баба Исатай атын алып, қайтадан құрылуына байланысты 1991 жылдың 1 қаңтарынан басталады. Заман мен қоғамдағы өзгерістерге орай газеттің беталыс бағдары мүлдем жаңа сипатқа ие болды, тақырып мазмұны, материалдар стилі өзгерді. Ортақ ой бөлісу қамындағы, көкейтесті мәселелерді қозғайтын, өзіндік көзқарастарын білдіретін, пікір алуандығын аңдататын жарияланымдар көбірек беріле бастады. Ұлттық қадір-қасиетімізді құрметтеп, салт-дәстүріміз бен халықтық әдет-ғұрыптарымызды, имандылықты өмірге орнықтыру мәселелесіне кең орын берілетін болды. Осының бәрінде өмір құбылыстарын ой-елегінен өткізіп, дұрыс қоғамдық пікір қалыптастыру және оның күш-қуатын ұқыпты пайдалану, ақиқат ақпарат тарату парызы алғы кезекке шықты.

Аудан қайта құрылып, ер Исатай есімін иеленгенде 1991 жылдың 1 қаңтарынан өз оқырмандарымен қайта қауышқан газеттің редакторлығына Шапхат Хұсынов ағамыз (марқұм) тағайындалды. 17 жыл бойына аудан айнасына жетекшілік қылған білікті де білімдар басшының басылымды биік белеске көтере алғанын қалың оқырман қауымның әлі күнге ұмыта қоймағаны аян.

2007 жылдан беріде басылымның бас редакторлық қызметінде Дәулетқали Аруев, Бақытжан Жұмат, Фархад Балғожиев, Нұрым Ерғалиев және Нұрболат Нұғмановтар болды. Олардың қайсысы басылымға нендей жаңалық әкелді, қандай белеске көтерді дегенге келсек, ол өз алдына бір бөлек әңгіме әрі көбісі оқырманның көз алдында. Ал күні кеше ғана, яғни үстіміздегі жылғы ақпанның 7-сінен бастап жауапкершілік жүгі жетерлік бас редакторлық қызметті Аслан Мұратов қолға алып отыр.

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлiгiнде 2018 жылы 16 мамырда тіркеліп, №17102-г куәлік берілген.

Редакцияның мекенжайы: Исатай ауданы, Аққыстау ауылы, Егемен Қазақстан көшесі, 12-үй.

Байланыс телефондары: 8 (71 231) 2-01-68, 2-01-52, факс 2-01-68.

Электронды пошта: naryn_tany2009@mail.ru