шаблоны сайт визитка joomla
Скачать шаблоны Joomla 3.5 бесплатно
Жансая Мусинаны «қарғаған» кім?

Жансая Мусинаны «қарғаған» кім?

Атырау қаласында Мұрат Мөңкеұлының 175 жылдығына орай ұйымдастырылған «Байтақтан озып, бәйге алған» атты халықаралық ақындар айтысының ақтық сынында өнер көрсеткен алматылық Рүстем Қайыртайұлы мен Батыс Қазақстан облысының жүйрігі Жансая Мусинаның айтысы көптің есінде қалардай болды.

Жансаяның бойдақтығы мен ер мінезділігін әжуалай сөз қылған Рүстем қарсыласын алдымен былай деп бір қағытып алды:

Осыдан белгілі ғой қасыңызға

Жігіттің мүмкіндік жоқ жолауына.

Орамал салам деген жігіттердің

Таңба салып бересің жанарына.

Сырға салам деп келген құдағидың

Шрам сап бересің-ау қабағына.

Қабан құсап қарныңды жарам дейді,

Ойпырмай, мұнша қатты болады ма?

Сәл нәзіктеу болсаңшы, құрдасым-ау,

Өзіңнің өзің қалмай обалыңа.

Артынша әзілін достық тілекпен жалғаған ақын оның өзін қалжыңмен, шебер жеткізді.

Ағайын, әзілімді жалғайын ба,

Құрдасыма сыйымды арнайын ба?

«Тұқымың өскір» деп бізді қарғай-тұғын,

Әжемнің өскен ұлы ем шалғайында.

Мен кеше Астанамды «қарғап» кеткем,

Түзелгір, жақсарғыр деп жағдайың да.

Жансая өз бақытын табу үшін

Сол істі Атырауда жалғайын ба?

Саған бата бермеген ақын бар ма,

Қос жұлдыз жанса екен деп маңдайында.

Батаның бірі қабыл болмады ғой,

Осы мені батырады сары уайымға.

Алғыс қабыл болмайтын Жансаяны,

Жақсылап қазақшалап қарғайын ба?, – деп әзілдеген Рүстем одан ары «қарғыстарын» қардай боратты:

2019 келгенше

Некелі болғыр Жансая,

2020 келгенше

Бөпелі болғыр Жансая,

Осы сыйына тағдырдың Қайран болғыр,

Жансая, Сағынып күткен күйеуің

Найман болғыр Жансая,

Қыздарың көркем,

ұлдарың Мерген болғыр Жансая,

Шымшылап ойнап жүретін

Жеңгем болғыр Жансая,

Каблук киер кемпір боп,

Жүзге келер Жансая,

Жасамай кеткен жасыңды

Бізге бергір Жансая,

Мұрын анамдай әйгілі

Бір елдің болғын анасы!

Қабыл болсын, досым-ай,

Қарғайды сені осылай

Қара кемпірдің баласы...

Басқа уақытта біреудің айтқанына келісе қоймайтын Жансая құрдасының «қарғысы» жанына жақты ма, әйтеуір, Рүстемнің сөзін қоштай сөйледі.

Күйеуің Найман болғыр деп айтасың,

Жолықса, жолықса екен сол бір адам.

Найман ба, басқасы ма, шаруам жоқ,

«Қарғысың» қабыл болса болды маған, – деп әдеттегіше көрерменді ду күлкіге батырған ол аймақтағы оң өзгерістер мен кейбір мәселелерді де тілге тиек етті.

Бұл жолы Рүстем жөн сөйлейтін ақындығымен қоса, жол білетін азаматтығымен де танылды. Құрдасымен қалжыңдаса отырып, әдептен аспай, көрерменді де жалықтырмай, жып-жылы, тартымды айтыс жасаған жүйрік ақын өзгелерден бір бас жоғары өнер көрсетіп тұрса да, жолын Жансаяға ұсынды.

Өзіңдей батысымның өр қызына

Көрсетпеймін сараңдық, сарттығымды.

Бір қызды көтеретін шамамыз бар,

Аямастан арқама арт жүгіңді.

Жолыңды бере салам, не тәйірі,

Жаңғырсын сөніп кетпей салт бұрынғы.

Махамбеттің еліне келіп тұрып,

Не бопты көрсетпесем мәрттігімді.

Осылай деген Рүстем талай айтыста батыстағы төрт облыстың намысын дара қорғап жүрген құрдасын көкке көтере жырлады:

Бәрімізді шетімізден қырып келеді,

Хиуаз апасындай қаһарман қыз.

Лайықты бағасын алу керек

Жайықтың Жансаясы атанған қыз, – деген мәрт ақынға ағайын қошеметі ерекше болды.

Көрерменнің сейілсін күдіктері,

Мен болдым ба жүлденің үміткері?

Аруларын көтерген төбесіне,

Сендей болсын қазақтың жігіттері, – деген Жансая да «Аз болмасын сенің де алатының, нар ақыным» деп қарсыласының құрметіне разылығын білдірді.

Айтқандай, бас жүлде мен 2 млн. теңге Жансаяға бұйырды. Қарсыласының «аларың аз болмасын» деген тілегі де қабыл болып, бірінші орын алған Рүстемге 1,5 млн. теңге нәсіп болды.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ.

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлiгiнде 2018 жылы 16 мамырда тіркеліп, №17102-г куәлік берілген.

Редакцияның мекенжайы: Исатай ауданы, Аққыстау ауылы, Егемен Қазақстан көшесі, 12-үй.

Байланыс телефондары: 8 (71 231) 2-01-68, 2-01-52, факс 2-01-68.

Электронды пошта: naryn_tany2009@mail.ru