шаблоны сайт визитка joomla
Скачать шаблоны Joomla 3.5 бесплатно
Ойынханалар уайым ордасына айналып бара жатыр

Ойынханалар уайым ордасына айналып бара жатыр

Еліміз егемендік алып, өз қолы өз аузына жеткен тұста тәуелсіздіктің елең-алаңындағы қолданыстағы заңдардың осал да әлсіз тұстарын пайдаланып елімізге түрік, орыс, американ, кәріс елдерінен ағылған ойын бизнесінің кәнігі алаяқтары Қазақстанда казинолар жүйесін қалыптастырғаны белгілі.

Еліміз егемендік алып, өз қолы өз аузына жеткен тұста тәуелсіздіктің елең-алаңындағы қолданыстағы заңдардың осал да әлсіз тұстарын пайдаланып елімізге түрік, орыс, американ, кәріс елдерінен ағылған ойын бизнесінің кәнігі алаяқтары Қазақстанда казинолар жүйесін қалыптастырғаны белгілі. Оларға көптеген қаракөздердің соңғы тиынынан қағылып, автокөлік, баспана, тіпті зауыт-цехтарына дейін «ресми» түрде ұтқызып жібергені жетерлік. Осы тұста бұл жағдайдың шектен шығып бара жатқанын байқаған Елбасы 2007 жылдың 1 сәуірінен бастап елішілік ойын бизнесін тоқтатып, оларды курорттық аймақтарға, атап айтқанда Бурабай мен Қапшағайға мәжбүрлеп көшірген еді. Алайда, артынша ірі қалаларда көлеңкелі бизнес жүргізіп, астыртын үй жағдайында шағын казинолар ашқан көптеген арам ниетті тұлғалар тұтылып, ірі көлемде айыппұлдар төлегенін немесе абақтыға тоғытылғанын көзіміз көріп, құлағымыз естіді.

Кейін, араға жылдар салып қайта бас көтерген ойын бизнесі енді спорттық ниетте қызмет атқаратындығын жария етіп, елде «Олимп», «Зенит» секілді тек спорттық ойындарға ғана бәс тіге алатын нысандар пайда болған еді. Бірте-бірте жымысқы әрекеттерін спорттық ойынның қалқасына жасырған бұл мекемелер жылдар өте келе күшейіп, тіпті белең алып кетті. Солайша, бүгінгі күнде «Профит», «Инбет», «1+бет» деп аталатын кәдуілгі бұрынғы казинолар желісінің электрондық түрі ресми түрде емін-еркін әрекет етіп келеді. Әрине, бұл ойындардың қай-қайсысы да осал болмас, дегенмен оның ішінде «кено» деп аталатын 80 санның ішінен 2 немесе 4 санды тапсаң, тіккен ақшаңды он есеге дейін өндіріп беретін ойын түрі ел ішінде тіптен белең алып кеткені жаман болып тұр. Сорақысы - бұрын азаматтар ойынға заңды еңбекақысынан бөлек көлденең тапқан немесе қосымша тапқан қаржыларын тігіп ойнайтын болса, бүгінде ойынға ай бойы еңбектеніп тауып, отбасының аузынан жырып алған қаражатын немесе адал өсірген малын пұлдап салатын деңгейге жеткен. Олардың ішінде несие алып та ойнап, нәтижесінде ол ақшадан ұтылғанын да көз көрді.

Атыраудағы базар, дәмханалар және вокзал мен орталық көшелерде ойып тұрып орын тепкен бұл букмекерлік кеңселер бүгінде ауданымызға да жетіп, ішкі нарыққа сыналай еніп, Аққыстау, Тұщықұдық ауылдарының орталық көшелерінде берік орналасып алғанын бәрі де біледі. Сұрастырып білгенімізде халқы көп Жанбай мен Х.Ерғалиев ауылдарында 2 кеңседен, Ал, Исатай ауылында 1 кеңсенің бар екендігі анықталды. Есесіне, Нарын, Забурын ауылдарында бұрын болып, бүгінде жабылып қалған ойын залдары қарасын батырғалы ауыл бұрынғы тыныш та, берекелі қалпына қайта түскенін айтады ауыл әкімдері. Қазақстан Республикасының «Ойын бизнесі туралы» заңына сәйкес букмекерлік кеңсе қызметкерлері ойынға келіп, бәс тігушінің жасын сұрап, төлқұжатын талап етіп, 15-бапта көрсетілгендей, 21 жасқа толмағандарға қызмет көрсетуге тиіс емес болғанымен, өкінішке орай, ол орындарға бас сұққандар біледі, сол маңды торуылдап жүргендердің дені жастар екенін. Алайда, тек арнаулы рейд кездерінде болмаса, басқа уақытта сол кеңселерге полиция қызметкерлері басын да сұқпайтын секілді.

Жасыратыны жоқ, бүгінде букмекерлік кеңселерден шықпайтын, бәс тігіп, ұтысқа ие болсам деген желеумен үйіндегі соңғы жинақты да, қорасындағы малын да, иелігіндегі автокөлігін де ұттырып жіберіп жүргендерге тоқтау айтып, психологиялық көмек беретін орталықтар аз. Болса да қалалық жерде шоғырланған. Біреу біліп, біреу білмес, ұдайы түрде құмар ойындар ойнап, тым әуестеніп кеткен адамдар «игромания» дейтін ауруға ұшырағанын өзі де сезбей қалады екен. Әйтсе де, тек баюды, анығын айтқанда тез баюды, жедел арада көп ақша олжалауды мақсат тұтқандар көп жағдайда байымақ түгілі қолындағы барынан да айырылып қалады. Оны күнделікті түрде өз қатарластарымыздан көріп жүрміз, ал көрмегендеріміз естідік. Айтып-айтпай не керек, бизнестің аты бизнес қой, бүгінде олардың әрекеттері толықтай заңмен реттелген, салықтарын да уақытылы төлеп отыр. Сондықтан қанша жерден зығырданың қайнап, ашу шақырғанмен қылар дәрмен болмай тұр.

Статистикалық мәліметке жүгінсек, еліміз бойынша әрбір бес адамның бірі ойынханаға барып немесе ойын автоматына ақша тігіп көрген екен. Біздің облыста бұл көрсеткіш одан да көп. Әрине, бәрі жеңіл ақшаға қарық болғысы келеді. Бірақ, ұтып емес, ұтылып жатқандар көп.

Аслан Мұратұлы

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлiгiнде 2018 жылы 16 мамырда тіркеліп, №17102-г куәлік берілген.

Редакцияның мекенжайы: Исатай ауданы, Аққыстау ауылы, Егемен Қазақстан көшесі, 12-үй.

Байланыс телефондары: 8 (71 231) 2-01-68, 2-01-52, факс 2-01-68.

Электронды пошта: naryn_tany2009@mail.ru