шаблоны сайт визитка joomla
Скачать шаблоны Joomla 3.5 бесплатно
«Жастар тәрбиесіне жауаптымыз» дейді сексенге келген ардагер

«Жастар тәрбиесіне жауаптымыз» дейді сексенге келген ардагер

Аудандық «Жалын» мәдениет үйінде Атырау облысының, Индер, Исатай, Махамбет аудандарының Құрметті азаматы Қатимолла Ризуановтың 80 жасқа толуына орай ардагермен кездесу кеші өтті.

Алдымен көрерменге экран арқылы мерейгердің қысқаша өмірдерегі мен еңбек жолы жайында түсірілген бейнебаян ұсынылды. Шараның алғысөзін алған кеш қонағы, ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы Бақтыбек Таубаев ардагердің өмірі мен еңбек жолына қысқаша тоқталып өтті.

- Нарын құмында туып-өсіп, сол жерде білім алған қасиетті дала төсінде атқа мінген, бойындағы күш-жігерін өңірінің өркендеуіне жұмсап, ауылшаруашылық саласын дамытуға өз үлесін қосқан Қатимолла Ризуанұлының ел-халқымен бірге шоқтығы биік, абыройы асқақ, мерейі үстем деп айтар едім. Ағамыздың жұмыс жасау стилінде айта жүрерлік бір ерекше қасиет бар. Заңмен басқарып, жазалаумен реттеп отыру қай басшының да қолынан келуі мүмкін. Ал, ізгілікпен, даналықпен жетекшілік етіп, оны дәстүрге айналдыруға кез келгеннің қабілеті жете бермейді. Ал, Қатекең болса, өзі басқарған ұжымға сонысымен сыйлы, көптің көңілін баурай білетін қырымен дараланатын азамат. Оны бір сөзбен «Адамдар жүрегінің инженері» деп айтар едім, - дейді ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы. Сондай-ақ ол ардагер бөленіп жатқан лайықты құрметті еңбектің қайнаған тұсындағы ұйқысыз түндердің, күлкісіз күндердің нәтижесі екендігін атады.

Одан соң мерейгер сахна төріне шақырылып, кеш жүргізушісі қойған түрлі сауалдарға жауап берді. Өскен ортасы, алғаш еңбекке араласқан сәті жайында сөз еткен ол кешегі кеңес дәуірі мен қазіргі қоғамды салыстыра отырып, өткеннің озығы мен тозығын ой елегінен өткізді.

-Тарих ұмытылмауы керек, өткенге топырақ шашу дегенге де қарсымын. Рас, кеңестік кезеңнің кем тұстары көп болды. Ескілікпен күресу деген желеумен елді дінінен, тілінен, дәстүрінен айырғысы келген саясаттың сойылын соққандар басқа басқа, «бұрынғыны еске салады» деп домбыраның өзін жоғалтқысы, жалпы ұлттық құндылығымыздан айырғысы келді. Алайда, талап, тәртіп сияқты керек тұстарын жоққа шығаруға болмайды, - дейді ардагер.

Алғаш еңбек жолын қазіргі Махамбет ауданына қарасты Таңдай ауылынан бастаған Қатимолла Ризуанов үш тоқсаннан кейін аудан орталығындағы мектеп-интернатқа ауысады. Үнемі ақылын айтып, баулып отыратын ағаларын еске алған ардагер өзін біраз биікке жетелеген солардың қолдауы деп санайды. – Сол ағаларымның айтқан ақылдарына сай болуға тырыстық, әлі тырысып келеміз, тырыса береміз, - дейді мерейгер.

Жастар тәрбиесі жайында да ой қозғаған ағамыз Елбасымыздың келер жылды «Жастар жылы» деп жариялауы тек басшылыққа немесе арнайы мекемелерге ғана емес, сонымен бірге аға ұрпақ өкілдеріне де үлкен жауапкершілік жүктеп отыр деп есептейді. – Себебі, бала тәліміне, жастар тәрбиесіне көп араласатын осы ардагерлер. Қазақ халқының маңдайына біткен батыры Бауыржан Момышұлының «Бесігінен әженің әлдиі естілмей, ағаның ақылынсыз өскен ұрпақ балта берсең, шаба салады, найза берсең, сұға салады, ақша берсең, ала салады, жауды көрсе, бұға салады» деген сөзі бар. Біз ұрпағымызды бесіктен туған елін, жерін, ата-салтын сақтайтын азамат қылып өсіруіміз керек. Ол – бірден бітетін іс емес, салиқалы, көп жылғы және күн тәртібінен түспейтін кешенді жұмыс. Ол үшін мектеп, ата-ана, қоғам бірлескен күйде белсенді жұмыс жасауы қажет. Кемшілікке төзбейтін, көреген ұрпақ тек озық тәрбиемен қалыптасады.

Осылай деген Құрметті азамат енді ғана ел арасына тарала бастаған «Бабалар сөзі» атты 100 томдық жинақтың ішінде небір құнды дүниелер барын, соны ұрпаққа сіңіру қажеттігін де сөз қылды. – Бір ғалым бұндай қазынасы, яғни, 100 томды толтыратын бабаларының сөзі бар халық еш жерде жоғын айтып қалды. Осы кітап әр жерде болса деп тілеймін және жүрген жерімде насихаттай жүремін. Өйткені, соны оқу арқылы ұрпақ тамырын, ұлттық болмысын таныса, асыл құндылықтарын оқып-үйреніп, бойына сіңірсе деймін, - дейді ардагер.

Елбасымен жиі кездес-кен Қатимолла ағай сол ұмытылмас сәттерден алған әсерімен де бөлісті. Кейінгі буын тәрбиесі, рухани құндылықтарымызды қорғау жайын әңгімеге арқау қылды. – Жастарымыздың ішінде «сен» деп сөйлейтіндер көп кездеседі. «Сәлеметсіз бе?» деп сәлемдесу сәнге айналғандай. Сыпайылық, үлкенге «сіз» деп құрмет білдіру секілді дүниелерден алшақтап бара жатқандаймыз. Рухани тәрбие деген осыдан басталуы керек қой, - деген ардагер қоғамдағы істен гөрі құрғақ әңгімелердің көбейіп бара жатқанын да сынап өтті. - Қай нәрсені де көпсөзділіктен гөрі нақты іспен дәлелдеген жөн деп есептеймін. Мәселен, Елбасы Жолдауындағы міндеттерді қолға алып, бірден іске кіріскеннен, оны түсіндіреміз деп көп әңгіме қылып жүріп аламыз, - дейді еңбек ардагері. Өнерден де құралақан емес ағамыз қонақкәде сұраған көптің ұсынысын қабыл алып, қос ішектен күй төкті.

Ал, аудан халқына білдірген лебізінде Нарын құмын игеру, ауылшаруашылығы саласын өркендету, басқа да шешімін таппай жатқан шаруалар жүзеге асса, атқарылып жатқандары жандана түссе деген ағалық тілегін жеткізді. Асылды алыс-тан іздемей, қасымыздағы дүниелерді көрген дұрыс деп есептейтін Құрметті азамат өлкеміздегі тұнған тарих пен тұлғаларымызды зерттеп, насихаттау керектігін де айтады. Кеш барысында сөз алған аудан әкімі Марат Мурзиев ардагерді құттықтап, қоғамға өз үлесін қосып, облыстағы аға ұрпақ өкілдеріне жетекшілік етіп жүрген жұмысына сәттіліктер тілеп, шапан жауып, құттықтау хатын табыстады. Сондай-ақ, ауданның Құрметті азаматы, ардагердің жеделдес інісі Жұмажан Қадимов та жылы лебізін білдіріп, тілек хатын, сый-сияпатын ұсынды.

Кеште Н.Жантөрин атындағы олыстық филармония әншісі Манарбек Дәулетов, Ш.Шәріпов атындағы балалар саз мектебінің мұғалімі Зоя Насиханова, ауданымыздың әншісі Әділбек Жұмашевтар өнер көрсетті.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлiгiнде 2018 жылы 16 мамырда тіркеліп, №17102-г куәлік берілген.

Редакцияның мекенжайы: Исатай ауданы, Аққыстау ауылы, Егемен Қазақстан көшесі, 12-үй.

Байланыс телефондары: 8 (71 231) 2-01-68, 2-01-52, факс 2-01-68.

Электронды пошта: naryn_tany2009@mail.ru